«Кітап оқитын ұлт» жобасына үш өңір қосылды

190
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/rjWqzip46bXb5f4OEdNdErQz7I88Idzr26Plh9YZ.jpg

«Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасының картасы кеңейіп келеді. Бүгін жалпыұлттық бастамаға бірден үш өңір – Жамбыл, Абай және Павлодар облыстары қосылды.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбековтің өңір басшыларымен өткізген жұмыс кездесулері аясында кітап оқу мәдениетін дамытуға және жобаны өңірлерде іске асыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Жобаға қосылған әрбір өңір Қазақстанның рухани-мәдени картасында айрықша орын алады. Жамбыл облысы – Бауыржан Момышұлы дүниеге келген қасиетті өлке. Оның «Ұшқан ұя» шығармасы республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонының ұсынылған әдебиеттер тізіміне енгізілген. Абай облысы – қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының туған жері, олардың әдеби-философиялық мұрасы ұлттық руханияттың берік негізіне айналды. Павлодар облысы – Мәшһүр Жүсіп пен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қасиетті мекені. Олар қазақ әдебиеті мен ағартушылық ойының дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Сондықтан бұл өңірлердің жобаға қосылуының символдық мәні ерекше. «Кітап оқитын ұлт» бастамасы өңірлерді ғана емес, еліміздің бай әдеби мұрасын да бір арнаға тоғыстырып, классикалық шығармалар арқылы жаңа буынның дүниетанымын қалыптастыратын біртұтас оқу кеңістігін құруды мақсат етеді.

Жоба аясында аталған үш өңірде мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, спорт саласының өкілдері, еңбек ұжымдары мен отбасылар арасында кітап оқуды насихаттауға, оқу мәдениетін дамытуға және отбасылық кітап оқу дәстүрін нығайтуға бағытталған ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылады.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков жобаның кеңеюі жалпыұлттық кітап оқу қозғалысын қалыптастырудағы жаңа кезең екенін атап өтті.

«Жобаға қосылған әрбір жаңа өңір – "Кітап оқитын ұлт" тарихындағы жаңа тарау. Бүгін бастамаға Қазақстанға ұлы ақындар мен жазушыларды, ойшылдар мен ағартушыларды сыйлаған өңірлер қосылып отыр. Олардың мұрасы кітаптың қашанда білімнің, рухани құндылықтардың және ұлттық сананың қайнар көзі болғанын айқын көрсетеді. Біздің мақсатымыз – қазақ әдебиетінің таңдаулы туындыларын балалардың, жастардың және әрбір отбасының күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру», – деді Бақытжан Тұрлыбеков.

Алдағы уақытта Жамбыл, Абай және Павлодар облыстарында өңірлік жобалық кеңселер құрылып, білім беру және мәдениет ұйымдарында үйлестірушілер айқындалады. Сонымен қатар қатысушыларды тіркеуге және оқылған кітаптарды есепке алуға арналған цифрлық платформа іске қосылады. Жобаға ауылдық және шалғай елді мекендердің тұрғындарын кеңінен тартуға ерекше назар аударылып, әрбір отбасының қатысуына мүмкіндік жасалады.

Осылайша «Кітап оқитын ұлт» жобасы Қазақстанды ортақ құндылық – кітаптың төңірегіне біріктіріп, елдің зияткерлік болашағын қалыптастыру жолында сенімді қадам жасап келеді.

댓글
기타 기사