Трамп өзіне қастандық жасалса, Иранға мыңдаған зымыран жіберілетінін айтты

94
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/AVb7qDgT7yKfOW5nOzFvCYufqHJypsYbsqx2WI8D.webp

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігі өзіне қастандық ұйымдастырған жағдайда елге ауқымды әскери соққы жасау туралы алдын ала бұйрық бергенін мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ әскери күштері тиісті нұсқаулықты алып қойған.

«1000 зымыран ұшыруға дайын және ол Иран Ислам Республикасына бағытталған. Егер Иран үкіметі АҚШ-тың қазіргі президентін, яғни мені өлтіру немесе өлтіруге әрекет жасау туралы қоқан-лоққысын жүзеге асырса, олардың артынан бірден мыңдаған өзге зымыран ұшырылады», – деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Ол сондай-ақ бұйрық әлдеқашан берілгенін және мұндай жағдай орын алса, АҚШ Қарулы күштері бір жыл ішінде Иранның барлық өңірін толықтай жоюға дайын екенін айтты.

Ал New York Post газетіне берген сұхбатында Трамп қаза тапқан жағдайда орындалатын арнайы нұсқаулық қалдырғанын жеткізді.

«Егер маған бірдеңе болса, оларды бұрын-соңды болмағандай етіп бомбалаңдар», – деді АҚШ президенті.

Трамптың сөзінше, Иран 2020 жылы оның бұйрығымен «Әл-Кудс» күштерінің қолбасшысы Қасем Сүлеймани жойылғаннан бері өзін басты нысана ретінде қарастырып келеді.

«Мен олардың тізімінде баяғыдан бері бірінші орындамын. Өмір деген осы... Мені сағынатын шығарсыздар деп үміттенемін», – деді ол.

Басылымның жазуынша, осы аптада Иранның бұрынғы жоғары көшбасшысы Әли Хаменеиді жерлеу рәсімі кезінде қатысушылар Дональд Трампқа қоқан-лоққы жасалған және оны өлтіруге үндеген жазулары бар плакаттар ұстап шыққан.

Сонымен қатар, CNN телеарнасы дереккөздеріне сілтеме жасап, Израиль барлау қызметі АҚШ-қа нақты қастандық жоспары туралы емес, Иран билігі өкілдерінің америкалық президентті жою ниетін білдіретін мәлімдемелері жөнінде ақпарат бергенін хабарлады.

댓글
기타 기사