Ушықтырмау уағдасы. Украина мен Иран Каспийдегі шабуыл салдарын шешуге келісті

122
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/WzziZzWrYW6pcVBKEzQOwlbaDAIAXM5NSoZ1ccOc.jpg

Украинаның сыртқы істер министрінің міндетін уақытша атқарушы Андрей Сибига Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен телефон арқылы сөйлескенін айтты. Бұл туралы ол 28 шілде күні кешке X әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Сибина Киевтің «қажетсіз шиеленісті болдырмауға» мүдделі екенін айтқан. Үш күн бұрын Тегеран Украинаны Каспий теңізіндегі ирандық сауда кемесіне шабуыл жасады деп айыптаған еді. Аталған оқиға салдарынан бір теңізші қаза тапқан.

Министрдің айтуынша, Украина әрекеттері «ешқашан азаматтық кемелер мен бейбіт тұрғындарға қарсы бағытталмаған». Ол Ресейдің агрессиясы осындай оқиғалардың түпкі себебі екенін айтып, барлық арандату мен адам шығыны үшін жауапкершілік Мәскеуге жүктелетінін мәлімдеді.

«Мен шиеленісті ушықтыруы мүмкін кез келген әрекеттен бас тартудың маңызын атап өттім. Бұл соғыс заңсыз және ол аяқталуы тиіс. Біздің ұстанымымыз өзгермейді. Еуропа мен Таяу Шығыс тұрақтылыққа, қауіпсіздікке және бейбітшілікке лайық», – деді Андрей Сибига.

Көп ұзамай Аббас Аракчи X желісінде жауап жариялап, Сибиганың ирандық кемеге жасалған шабуылдың қасақана болмағанын және Украинаның шиеленісті ушықтыруды көздемейтінін жеткізгенін жазды.

«Иран да шиеленіске ұмтылмайды. Алайда біздің азаматтарымызға немесе ұлттық мүдделерімізге қарсы кез келген шабуылдың қабылданбайтынын нақты мәлімдедік. Келтірілген шығын өтелуі тиіс», – деді Аракчи.

25 шілдеде Иран Украинаға Каспий теңізіндегі өзінің сауда кемесіне шабуыл жасады деген айып таққан болатын. Иран СІМ мәліметінше, оқиға салдарынан кемеде жарылыс болып, экипаж мүшелерінің бірі қаза тауып, тағы бірі жараланған.

Ведомство бұл әрекетті БҰҰ Жарғысын бұзу деп бағалап, Иранның Ресейдің Украинаға қарсы соғысына «ешқашан араласпағанын» мәлімдеді. Сонымен қатар Тегеран Киевтің әрекеттері «соғыс пен тұрақсыздық ауқымын кеңейтуге бағытталған» деп айыптады.

댓글
기타 기사