Қазақстанда көлік импорттау талаптары қатаңдатылуы мүмкін

247
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HO9VttrL5ZvUyJ1XUoNBDpxT1ieaG68gcZox5dbA.webp

Қазақстанда шетелден автокөлік әкелу тәртібі қатаңдатылуы мүмкін, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Билік рөлі оң жақтан сол жаққа ауыстырылған көліктерді елге әкелуге байланысты шектеу енгізуді және SOS батырмасының жұмысын бейнежазба арқылы тексеруді жоспарлап отыр.

Премьер-министр биыл маусымда 1 қыркүйектен бастап автокөлік импортын қиындататын шаралар әзірлеуді тапсырған. 4 тамызда сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев брифинг барысында көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігін растайтын куәліктерді заңсыз рәсімдеуге жол бермеу шаралары әзірленіп жатқанын хабарлады.

Осы мақсатта сауда және интеграция министрлігі шілде айында Сәйкестікті бағалау қағидаларына өзгерістер енгізу жобасын әзірледі. Құжат қоғамдық талқылаудан өтіп, қазіргі уақытта әділет министрлігінің қарауында.

Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, рөлі оң жақтан сол жаққа ауыстырылып, көлік құрылымына өзгеріс енгізілген автомобильдерге көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігін растайтын куәлік беруге тыйым салынуы мүмкін.

Сонымен қатар көліктерді сәйкестікті бағалау кезінде сараптама жүргізудің жаңа тәртібі енгізіледі. Аккредиттелген зертхана мамандары автомобильді сынау барысында оның сәйкестендіру нөмірін және жедел қызмет шақыру құрылғысының жұмысын үздіксіз бейнежазбаға түсіруге тиіс.

Тексеру кезінде маман көліктің оталдыру жүйесін қосып, SOS батырмасындағы индикаторлардың жануын тексереді. Одан кейін батырманы басып, жедел қызмет операторының жауабын күтеді. Қоңырау барысында көліктің маркасы, моделі мен түсі туралы ақпарат беріледі.

Оператор алынған мәліметтерді салыстырып, тексеру нәтижесін хабарлайды. Мұндай бейнежазбалар кемінде үш жыл сақталуы керек.

Министрлік бұл талаптар сәйкестікті бағалау рәсімінен өтпей, көлік құралының қауіпсіздігін растайтын құжаттарды заңсыз рәсімдеудің алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұдан бөлек, құжатта көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігін растайтын куәліктің қолданылуын тоқтату немесе уақытша тоқтату негіздері мен тиісті рәсімдер де қарастырылған.

댓글
기타 기사