КҚК-ға жасалған шабуылдан соң. Қазақстан мұнай экспортының балама бағыттарын қарастырып жатыр

170
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/SqicQJ4ADgh9ekX1SoB9cz7Njjaf0r9JDbF7NAUL.webp

Қазақстан Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы мұнай тасымалдауға енгізілген уақытша шектеулерге байланысты экспорттың балама бағыттарын пысықтап жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаева мәлімдеді. Министрлік мәліметінше, шілде айында КҚК мұнай қабылдау көлемін уақытша шектегеннен кейін Қазақстан шикізаттың бір бөлігін басқа экспорттық бағыттарға қайта бөлуге мәжбүр болған.

Атап айтқанда, мұнай Ақтау порты арқылы, Атасу – Алашанькоу және Атырау – Самара бағыттарымен тасымалданған. Қазір ведомство қазақстандық мұнайды экспорттаудың қосымша мүмкіндіктерін де зерделеп жатыр. Олардың қатарында Баку – Тбилиси – Джейхан мұнай құбыры, Каспий теңізі арқылы Әзербайжан аумағына жеткізу және Баку – Супса бағыты бар.

Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты бойынша Қазақстан мұнайы қазірдің өзінде тасымалданып келеді. Қолданыстағы келісімдер аясында бұл бағытпен жылына шамамен 1,2 миллион тонна мұнай жеткізіледі.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Әзербайжан қазақстандық мұнайды осы бағыт бойынша қабылдау көлемін жылына 2,2 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға дайын. Бұл жағдайда аталған бағыт арқылы Қазақстан мұнайының экспорты шамамен 1 миллион тоннаға артуы мүмкін.

Бұған дейін де КҚК жұмысындағы шектеулер кезінде Қазақстан мұнай экспортын балама бағыттарға қайта бөлген. Мәселен, өткен жылдың желтоқсанында шамамен 300 мың тонна мұнай Германия, Қытай және Баку – Тбилиси – Джейхан бағытына, сондай-ақ Новороссийск пен Усть-Луга порттары арқылы жеткізу үшін «ҚазТрансОйл» жүйесіне бағытталған.

Қазақстанның мұнай экспортын әртараптандыру мәселесі Қара теңіздегі КҚК теңіз терминалына жасалған дрон шабуылдарынан кейін өзекті бола түсті.

댓글
기타 기사