Қазақстанның экономикалық әлеуеті: өңірдегі көшбасшылыққа не әсер етті?

250
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/qESZOy6I0AE8RAQx3jGCXOgoNCsqkNyAyxdtHbJo.jpg

Қазақстанның Global Relocation Index рейтингінде 192 елдің ішінде 77-орынға орналасуы елдің шетелдік мамандар мен кәсіпкерлер үшін экономикалық тұрғыдан тартымды бағыттардың біріне айналып келе жатқанын көрсетеді. Экономист Бауыржан Ысқақтың пікірінше, бұған ел экономикасының ауқымы, қаржы жүйесі, өмір сүру құнының салыстырмалы қолжетімділігі және бизнес жүргізуге жасалып жатқан жағдайлар әсер етіп отыр. Сарапшы бұл нәтижені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру, цифрландыру және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған саясатының нәтижесімен де байланыстырады. Оның айтуынша, Қазақстанның Орталық Азияда көш бастауына экономикалық мүмкіндіктердің кеңеюі ғана емес, елді өңірлік инвестициялық және іскерлік хабқа айналдыруға бағытталған жүйелі жұмыстар да ықпал етуде.

- Rumavi агенттігінің Global Relocation Index рейтингінде Қазақстан 62,9 балл жинап, 192 елдің ішінде 77-орынға ие болды. Экономист ретінде бұл көрсеткішті Қазақстан экономикасының тартымдылығы тұрғысынан қалай бағалайсыз?

- Rumavi-дің 2026 жылғы индексінде Қазақстан 62,9 баллмен 192 елдің ішінде 77-орында тұр. Индекс 24 көрсеткішті төрт негізгі бағыт бойынша бағалайды. Олар – қаржылық жағдай және салық салу, өмір сүру сапасы мен денсаулық сақтау, қауіпсіздік пен тұрақтылық, қоныстану және бейімделу мүмкіндіктері.

62,9 балл – ортадан жоғары, бәсекеге қабілетті нәтиже. Ең маңыздысы, Мемлекет басшысы тартқан инвестициялардың арқасында Қазақстан тек арзан ел ретінде емес, салық тұрғысынан, тұрғын үйдің қолжетімділігі, банк жүйесі, қауіпсіздік және бизнес мүмкіндіктері қатар қарастырылатын ел ретінде бағаланып отыр. Қазақстанның қаржылық және салықтық көрсеткіші – 79 балл. Оның ішінде жалпы қолжетімділік – 98, тұрғын үйдің қолжетімділігі – 86, валюта және банк жүйесі – 87 балл. Бұл шетелдік мамандар мен кәсіпкерлер үшін Қазақстанда өмір сүру шығындары мен қаржылық ортаның салыстырмалы түрде қолайлы екенін көрсетеді. 

- Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында бірінші орынға шықты. Экономикалық тұрғыдан алғанда, Қазақстанның өңірдегі өзге елдерден артықшылығы неде?

- Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылығына келетін болсақ, мұнда елдің экономикалық ауқымы, табиғи ресурстары, қаржы жүйесі, нарық көлемі және халықаралық байланыстарының үйлесуі маңызды рөл атқарады. Rumavi рейтингінде Қазақстан 62,9 баллмен бірінші орында, одан кейін Өзбекстан – 59,9, Қырғызстан – 59,3, Тәжікстан – 55,1, Түрікменстан – 52,3 баллмен орналасқан. Бұл Қазақстанның өңірдегі экономикалық мүмкіндіктері жоғары екенін көрсетеді.

Бір сөзбен айтқанда, нарық бар, капитал бар, тұрақтылық бар. Қазақстанда шетелдік мамандар үшін еңбек нарығы кеңірек, бизнес жүргізуге арналған қаржы құралдары көбірек, ал инвестор үшін тау-кен өндірісі, логистика, өңдеу өнеркәсібі, кәсіпкерлік және цифрлық экономика сияқты бағыттар бар.

- Индекс 24 жеке көрсеткішке негізделген. Осы көрсеткіштердің ішінде Қазақстанның экономикалық тұрғыдан жоғары бағалануына ықпал ететін негізгі факторлар қандай деп ойлайсыз?

- Шетелдік мамандарды Қазақстанға жоғары деңгейде тартуға кедергі болып отырған тұстардың бірі – жалпы қолжетімділікпен қатар, адами капиталдың сапасы. Тартымдылықты қарастырғанда бір маңызды нәрсе бар: Қазақстанның тартымдылығы тек жалақыға ғана байланысты емес. Адам тапқан ақшасын қалай жұмсайды және сол елде өмір сүру оған қаншалықты тиімді деген сұрақтар да маңызды. Өмір сүру құны, қауіпсіздік, медицина, салық пен экономика арасындағы байланыс өте тығыз. Қазір инвестор тек қаржылық көрсеткіштерге ғана қарамайды. Ол қызметкерлерін қайда орналастыратынын, отбасы қайда тұратынын, медициналық қызметті қалай алатынын, қауіпсіздікті және елде қаншалықты тұрақты жұмыс істей алатынын да бағалайды.

-     Бұл рейтингтегі Қазақстанның нәтижесі шетелдік мамандар мен кәсіпкерлердің елге келуіне экономикалық тұрғыдан қандай мүмкіндіктер береді?

- Ең басты мүмкіндік – адам капиталын тарту. Бүгінгі экономика тек ақшаға емес, білімге, технологияға, тәжірибеге және халықаралық байланыстарға сүйенеді. Егер шетелдік IT мамандары, инженерлер, қаржы саласының мамандары Қазақстанға келіп, кәсібін дамытса, экономика тұрғысынан тиімді әсері болады. Олар өздерімен бірге жаңа тәжірибе алып келеді.

Ал кәсіпкерлер үшін бұл – Қазақстанның Орталық Азия нарығына шығатын база ретіндегі мүмкіндігі. Яғни кәсіпкер Қазақстанда орналасып, тек ішкі нарықпен шектелмей, бүкіл өңірге шығуына мүмкіндік алады.

Сондықтан мен бұл рейтингті былай түйіндер едім: Қазақстанның басты артықшылығы – мұнда өмір сүрудің салыстырмалы түрде қолжетімді болуы, қаржы жүйесінің қалыптасуы және өңірдегі экономикалық мүмкіндіктердің кеңдігі. Ендігі міндет – осы артықшылықтарды инновациямен, сапалы адами капиталмен және бизнес жүргізуге қолайлы ортамен толықтыру. Сонда жетпісінші орыннан жоғары көтеріліп, нақты экономикалық нәтижеге қол жеткізуге болады.

댓글
기타 기사