Қазақстанда АЭС салатын «Росатомға» Мысырда бірқатар айып тағылды

637
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/vymqUtye0wq3SrlXsntoODiaq6BVliefx8o07zQX.jpg

Қазақстанда атом электр станциясын салатын «Росатом» корпорациясы Мысырдағы АЭС құрылысы жобасында қауіпсіздік талаптарын бұзды деген айыпқа ілікті. Бұл туралы америкалық Politico басылымы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Басылым мәліметінше, 4 маусымда жолданған құпия хатта Мысырдың Атом электр станциялары басқармасы «Росатом» басшылығына «Эль-Дабаа» атом электр станциясының бірнеше реактор блогында анықталған ақаулар мен құрылыс барысында ядролық қауіпсіздік мәдениетінің бұзылғанын хабарлаған.

Құжатта көрсетілген негізгі мәселелер:

Қауіпсіздік талаптарының бұзылуы мен техникалық ақаулар. Бірнеше реактор блогында кемшіліктер анықталғаны және ядролық қауіпсіздік мәдениетіне қатысты талаптардың сақталмағаны айтылған.

«Қасақана немқұрайлылық» туралы айып. Мысыр тарапы жобаға жауапты лауазымды тұлғалардың бірін қасақана салғырттық танытты деп айыптаған.

Кіру бақылауындағы заңбұзушылықтар. Жалған рұқсатнамаларды пайдалану, құрылыс алаңына рұқсатсыз кіру, сондай-ақ нысанда фото және бейнетүсірілім жүргізу фактілері тіркелген.

Өндірістік жарақат оқиғасы. Ауыр ашық сынық алған жұмысшының жедел жәрдем көлігімен емес, жеке автокөлікпен ауруханаға жеткізілгені көрсетілген.

Инженерлік қиындықтар мен кешігулер. «Росатомның» ішкі есептерінде құрылыс жұмыстарының кешеуілдеп жатқаны және техникалық қиындықтар бар екені айтылған. Атап айтқанда, ядролық аралдың жерүсті нысандары әлі де жерасты жұмыстарын жүргізу кезеңінде тұр.

Politico авторларының пікірінше, Мысырдағы мәселелер Венгрияға және Виктор Орбан дәуірінде жасалған Ресеймен байланысты келісімдерді қайта қарастырып жатқан премьер-министр Петер Мадьяр үкіметіне Еуроодақ тарапынан қысымды күшейтуі мүмкін.

Ал «Росатом» корпорациясы бұл айыптаулардың барлығын жоққа шығарып отыр. Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде және Мысыр реттеушісінің талаптары мен халықаралық стандарттарға толық сай келеді.

Еске салсақ, Қазақстан мен Ресей Алматы облысының Үлкен ауылында орналасатын «Балқаш» атом электр станциясын салу жөнінде келісімге келген. Жобаны жүзеге асыратын халықаралық консорциумның жетекшісі ретінде «Росатом» таңдалған.

댓글
기타 기사