Ұлт мүддесі – мұраты. Осы жұрт Дәурен Сатыбалдыұлын біле ме екен?

126
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/i30Cj8mLLiyzjBwT0howBreurASCBelKyWpoaXfr.jpg

Қоғам қайраткері, ғалым, «Жаңғыру» қазақтың ұлттық өркендеу орталығының негізін қалаушылардың бірі әрі ұзақ жылдар бойы жетекшілік еткен Дәурен Сатыбалдыұлының өмірі мен қызметі бүгінде қоғам назарынан тыс қалып бара жатқаны жасырын емес.

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңі туралы сөз болғанда ресми қызмет атқармай-ақ, ел тағдырына тікелей ықпал еткен азаматтардың еңбегі жиі назардан тыс қалып жатады. Алайда мемлекет құру жолындағы қоғамдық бастамалардың, ұлттық қозғалыстардың, ана тілі мен ұлттық құндылықтарды қорғау бағытындағы күрестің алдыңғы шебінде жүрген тұлғалар аз болған жоқ. Солардың бірі – қоғам қайраткері, ғалым, «Жаңғыру» қазақтың ұлттық өркендеу орталығының негізін қалаушылардың бірі әрі ұзақ жылдар бойы жетекшілік еткен Дәурен Сатыбалдыұлы Жұмәділ-Есір.

Оның өмір жолы ғылымнан басталып, қоғамдық қызметпен жалғасты. Бірақ қай салада жүрсе де көздегені – бір мақсат: қазақ мемлекетінің іргесін бекіту, ұлттық мүддені қорғау және тәуелсіздіктің баянды болуына үлес қосу.

Намыстан туған ұстаным

Дәурен Сатыбалдыұлының ұлт тағдырына бейжай қарамауына балалық шағында көрген жағдайлар әсер еткен. Ол бұл туралы кейін берген сұхбаттарының бірінде еске алған.

«Орыс, украин немесе неміс балаларымен ерегесіп қалсақ, олар бізді қойға теңеп, надан халықтың ұрпағы деп кемсітетін. Сол сөздер бала күнімнен жүрегімде шемен болып қатты. Мен өзім естіген қорлық пен кемсітуді менен кейінгі қазақтың қара көздері естімесін деген асқақ арман болды», делінген Дәуіржан Телебаевтың 2017 жыл «Намыс» журналына жариялаған мақаласында.

Бұл сөздер оның кейінгі қоғамдық қызметінің негізгі ұстанымына айналды. Ұлтқа қызмет ету ол үшін саяси ұран емес, өмірлік мұрат болды.

Ғалымдықтан қоғам қайраткерлігіне дейін

Дәурен Сатыбалдыұлы жоғары білімін ауыл шаруашылығы саласында алып, топырақтану ғылымымен айналысты. 1975 жылы Йемен Халық Демократиялық Республикасында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қазақ ғалымдарының ішінде алғашқылардың бірі болып шетел топырағын зерттеген маман ретінде танылды.

Елге оралған соң өз қолымен зертханалық құрал-жабдықтар жасап, топырақтану ғылымына арналған зертхана құрды. Ғылыми ізденістерінің нәтижесінде ауыл шаруашылығында су үнемдеу мәселесіне арналған бірқатар жаңашыл жобаларды жүзеге асырды.

Алайда қоғамдағы әділетсіздікке қарсы көзқарасы оның ғылыммен ғана шектелуіне мүмкіндік бермеді. Халықтық бақылау комитетіндегі қызметі кезінде түрлі заңсыздықтарды әшкерелеп, кейін саяси себептермен қызметінен шеттетілді. Бірақ бұл жағдай оны қоғамдық күрестен тоқтата алған жоқ.

Тәуелсіздікпен бірге туған ұйым

1992 жылдың 11 қаңтарында Алматыда «Жаңғыру» қазақтың ұлттық өркендеу орталығының құрылтайы өтті. Сол жылдың 26 ақпанында ұйым Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде республикалық қоғамдық бірлестік ретінде ресми тіркелді.

Ұйымның басты мақсаты «Қазақстан тарихы» энциклопедиясындағы «Қазақтың "Жаңғыру" ұлттық өркендеу орталығы» мақаласында былай көрсетілген:

«Ғылыми негізделген мемлекеттік идеологияны қалыптастыруға және шынайы тәуелсіз Қазақстанды құруға ықпал ету».

Ұйым бағдарламасында ұлттық құндылықтарды жаңғырту, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұлттық байлықты сақтау, қоғамды рухани сауықтыру және Қазақстанды дамыған мемлекеттердің қатарына қосу секілді міндеттер белгіленді.

Бұл жай ғана қоғамдық ұйым емес, тәуелсіз Қазақстанның даму бағытына қатысты балама көзқарас ұсынған интеллектуалдық орта болды.

Ұйым құрылған кездегі алғашқы жиында сөйлеген сөзінде Дәурен Сатыбалдыұлы оның миссиясын ерекше ықыласпен түсіндірген.

«Жаңғыру» – саяси ұйым емес. Өзінің аты айтып тұрғандай, ол ұлттық өрлеу, өркендеу жолын қарастырып, ұмыт бола бастаған игі дәстүрлерді қайта жаңғыртуға күш салады», - делінген «Қазақстан тарихы» энциклопедиясында.

Бұл қағида кейін ұйым жұмысының барлық бағытына негіз болды.

Баспанасыз қазақтардың мәселесін көтерген қозғалыс

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Алматыда мыңдаған қазақ отбасы баспанасыз еді. Ауылдан келген жастар жатақханаларда немесе жалдамалы пәтерлерде күнелтті.

Осы кезде баспанасыз азаматтар бірігіп, Алматының шетіндегі бос жатқан жерлерді талап ету жөнінде шешім қабылдайды. Сол тарихи оқиғалардың бел ортасында  Дәурен Сатыбалдыұлы да жүрді.

«Жиналған адам қарасы көп болды. Киіз үй тігілді. Жастардың рухы көтеріліп тұрды. "Тараңдар, бұл заңсыз" деген билік өкілдерін ешкім тыңдамады. Кейін Заманбек Нұрқаділов келіп, мәселенің заң аясында шешілетінін айтты. Осылайша баспанасыздардың тізімі жасалып, құжаттары жиналды», – деп еске алған Дәурен Сатыбалдыұлы «Қазақстан тарихы» энциклопедиясында.

Осы қозғалыстың нәтижесінде кейін «Думан», «Шаңырақ», «Алтын бесік», «Хан Тәңірі» секілді ықшамаудандардың іргесі қаланды.

Баспанасыздар қозғалысының ықпалымен жүздеген отбасы жер теліміне ие болып, көптеген жатақхана тұрғын үй ретінде рәсімделді. Бұл Алматыдағы қазақ халқының үлес салмағының артуына және қазақ мектептерінің көбеюіне де әсер етті.

«Стандарт-модель» – тәуелсіз мемлекеттің даму тұжырымдамасы

Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін ел қандай бағытпен дамуы керек? Осы сауалға жауап іздеген санаулы азаматтардың бірі – Дәурен Сатыбалдыұлы. Ол дайындаған «Стандарт-модель немесе егеменді мемлекет қалыптастырудың негізгі идеясы» атты құжат сол кезеңдегі ең іргелі қоғамдық тұжырымдамалардың бірі саналады.

Бұл еңбекте мемлекеттік идеология, ұлттық қауіпсіздік, демографиялық саясат, тіл, ғылым, ауыл шаруашылығы, экономика, экология және ұлттық тәрбие сияқты ондаған мәселе кешенді түрде қарастырылды.

Кейін «Жаңғыру» орталығы осы құжатты басшылыққа алып жұмыс істеді.

«Қазақстан тарихы» энциклопедиясында: «Егемен Қазақстанды мысалға ала отырып "Стандарт-модель немесе егеменді мемлекет қалыптастырудың негізгі идеясы" атты еңбек дайындады»,- деп көрсетілген.

Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның көптеген мемлекеттік бағдарламаларында көтерілген мәселелердің біразы осы құжатта ондаған жыл бұрын қозғалғанын байқауға болады.

Ана тілінің жанашыры

Дәурен Сатыбалдыұлының қоғамдық қызметіндегі ең маңызды бағыттардың бірі – мемлекеттік тіл мәселесі.

1997 жылы ол қоғам қайраткері Асылы Османмен бірге «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңның балама жобасын әзірлеуге қатысты.

Бұл туралы «Намыс» журналының 2017 жылғы қыркүйек санында былай жазылған.

«1997 жылы қоғам қайраткері Асылы Османмен бірге Қазақстан Республикасындағы "Тіл туралы" заңның балама нұсқасын дайындағаны – мемлекеттік тілге деген жанашырлықтан туған шынайы перзенттік ниетінің, патриоттық әрі азаматтық ұстанымының айқын көрінісі», делінген журналда. («Намыс» журналы, 2017 жыл, қыркүйек).

Заң жобасының кіріспесінде мынадай маңызды ой айтылады:

«Егер қазақтың тілін өз дәрежесінде, шын мәніндегі мемлекеттік мәртебесі бар тіл ретінде қабылдасақ, онда оны неге елдің рәміздерінің біріне жатқызбасқа?» («Намыс» журналы, 2017 жыл, қыркүйек).

Бұл пікір сол кезде қоғамда үлкен талқылау туғызған.

Бүгінде мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты пікірталастар әлі де жалғасып келе жатқанын ескерсек, бұл көзқарастың өзектілігі жойылған жоқ.

Ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртудағы еңбегі және «Ауылға араша»

«Жаңғыру» ұйымының қызметі саясатпен ғана шектелген жоқ. Ұйым ұлттық мәдениетті жаңғыртуға да ерекше көңіл бөлді. Соның ішінде «Қыз сыны», «Жігіт сыны», «Келін сыны» сияқты этнографиялық байқаулар алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Кейін осы байқаулар республика көлемінде дәстүрлі жобаларға айналды.

Дәурен Сатыбалдыұлы тәуелсіз Қазақстандағы ең өзекті мәселенің бірі – ауыл тағдыры екенін ерте түсінді. Сондықтан «Жаңғыру» ұйымы «Ауылға араша» республикалық қоғамдық штабын құрды. Арнайы бағдарлама әзірленіп, ол сол кездегі «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Алматы ақшамы» газеттерінде жарияланды.

Ауыл мәселесін мемлекеттік деңгейде көтерудің алғашқы қоғамдық бастамаларының бірі осы болатын.

Жарнамадан қашқан қайраткер

Қоғам қайраткерлерінің арасында өзін көпшілікке көрсетуді емес, нақты іспен айналысуды жөн көретін адамдар сирек кездеседі. Дәурен Сатыбалдыұлы сондай азаматтардың бірі. Бұл туралы «Намыс» журналы былай деп жазады:

«Ол өзін ешқашан жарнамалаған емес. Әлі күнге дейін қарапайым болмысынан айнымаған күйі, "мен" деп кеуде соқпай, шамасы келгенше халықтық мәселелердің шешілуіне үлес қосуды ғана мақсат тұтып келеді» («Намыс» журналы, 2017 жыл, қыркүйек).

Кітап авторы да осы пікірді қуаттайды: «Дәурен Сатыбалдыұлының бір ерекшелігі – ол көптеген жылдар бойы қоғамдық жұмыстарға белсене араласқанмен, өзін еш уақытта жарнамалаған емес».

Бұл оның адамдық болмысын ашатын ең маңызды қасиеттердің бірі.

Мемлекеттік марапаттан бұрын халық алғысын жоғары қойған тұлға

Дәурен Сатыбалдыұлына әртүрлі мемлекеттік қызметтер ұсынылғаны жөнінде де бірнеше мақалада айтылады. Алайда ол қоғамдық жұмыстан бас тартпаған.

«Намыс» журналында: «Жаңғырудың» жұмысын тоқтатсаң, мынадай қызметке отырғызамыз деген ұсыныстар болғанымен, ол ұлттың бақыты үшін күресті жалғастыра берді» деп жазылған. Кейін ұзақ жылдар бойы қарапайым қарауыл болып еңбек етіп, сол жерден зейнетке шыққан. Соған қарамастан ол ешқашан шағым айтпаған.

Бұл туралы журнал авторы:

«Ел үшін жасаған еңбегі мен бейнеті қаншалық көп болғанымен, жасы келгенде алып жатқан зейнетінің аздығына Дәурен ағамыз еш өкінбейді. Керісінше бәріне ризашылықпен қарайды»,- деп жазады («Намыс» журналы, 2017 жыл, қыркүйек).

Ұлтқа қызмет – өмірлік ұстаным

Дәурен Сатыбалдыұлының өмір жолына көз салғанда бір нәрсе анық байқалады. Ол ғылыммен де айналысты. Қоғамдық қызметте де болды. Ұлттық мәселелердің шешілуіне де араласты. Бірақ осының ешқайсысын жеке атақ немесе мансап үшін жасаған жоқ. Оның басты мақсаты – қазақ мемлекетінің нығаюына үлес қосу болды.

Сондықтан бүгінгі тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеген кезде «Жаңғыру» ұлттық өркендеу орталығының қызметі де, оның негізін қалаушылардың бірі болған Дәурен Сатыбалдыұлының еңбегі де арнайы ғылыми зерттеуді қажет етеді. Өйткені тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қоғамдық бастамалардың көпшілігі дәл осындай азаматтардың жанкешті еңбегінің арқасында жүзеге асты.

Бүгінгі ұрпақ үшін олардың өмір жолы – елге қызмет етудің, ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоюдың, қарапайымдық пен табандылықтың жарқын үлгісі.

 «Адырна» порталының қоғам қайраткері Дәурен Сатыбалдыұлымен жүргізген сұхбатын мына сілтемеден көріп, пікір алмаса аласыздар.

댓글
기타 기사