Қазақстанда 1 қазаннан бастап электр энергиясының тарифтері өсуі мүмкін, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
«KEGOC» АҚ-ның тарифті өзгерту туралы өтінімін табиғи монополияларды реттеу комитеті қарап жатыр.
Бұл туралы «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Үкіметте өткен брифингте мәлімдеді. Компания 1 қазаннан бастап бес жылдық тарифтік бағдарлама аясында өз қызметінің құнын көтеруді жоспарлап отыр. Алдын ала болжам бойынша, биыл тариф өсімі 2 пайыздан төмен болады.
«Алдағы бес жылда орташа тариф шамамен 11–13 пайызға өсуі мүмкін. Алайда нақты көрсеткіш әзірге белгісіз. Қазір өтінімді Табиғи монополияларды реттеу комитеті қарастырып жатыр», – деді Нәби Айтжанов.
Оның айтуынша, тиісті шешім тамыз айының соңына дейін қабылдануы тиіс.
Сонымен қатар «KEGOC» басшысы электр энергиясының түпкілікті тарифіндегі компания үлесі шамамен 7 пайыз екенін атап өтті. Сондықтан «KEGOC» тарифінің өзгеруі тұтынушылар үшін электр энергиясының соңғы құнына айтарлықтай әсер етпейді.
