Шнобель сыйлығының лауреаттары анықталды

93
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/w24Dy9xDpidabvrcKHeAdvtZa2JgPITZjOPOqRNG.webp

Сүйісудің ғылыми анықтамасынан бастап, тарақан сүтінің құрамына дейін зерттеген ғалымдар биылғы Шнобель сыйлығының лауреаттары атанды, деп хабарлайды “Адырна”. 

Сыйлық биыл алғаш рет Швейцарияның Цюрих қаласында табысталды. Салтанатты рәсім 3 қыркүйекте өтті. 

Биомеханика аталымында Матильда Бриндл, Кэтрин Талбот және Стюарт Уэст сүйісуге нақтырақ ғылыми анықтама ұсынғаны үшін марапатталды. Ғалымдар құбылысты адамдардан бөлек, құмырсқалар, құстар және ақ аюлар сияқты жануарлардағы ұқсас әрекеттермен салыстырған.

Экономика сыйлығы Пол Пифф, Дэниэль Станкато, Стефан Коте, Родольфо Мендоса-Дентон және Дэчер Келтнерге берілді. Олар әлеуметтік жағдайы жоғары адамдардың кейбір жағдайларда әдепсіз әрекетке жиірек баратынын зерттеген. Мәселен, тәжірибелерде ауқатты адамдардың басқа көліктердің жолын кесуі, жаяу жүргіншілерге жол бермеуі және балаларға арналған кәмпиттерді көбірек алуы зерттелген. 

Химия аталымының жеңімпаздары тарақан сүтінің ақуыздарын зерттеген ғалымдар болды. Сачари Банерджи бастаған зерттеу тобы тірі туатын тарақанның сүт ақуызында сиыр сүтінің ақуызына қарағанда шамамен үш есе көп энергия бар екенін анықтаған. 

Медицина сыйлығы қайтыс болғаннан кейін жапон дәрігері Токудзи Унноға берілді.

Биология аталымында Жоау Мигель Алвес-Нунес және оның әріптестері улы жыландардың адамды шағуына не себеп болатынын зерттегені үшін марапатталды.

Физика сыйлығы Рэнди Херд, Чжао Пан, Тадд Траскотт және Кавишан Турайраджаға сұйықтық шашырамайтын писсуар жасауға арналған теориялық және тәжірибелік зерттеулері үшін табысталды.

Иіс сезу аталымының жеңімпаздары Илона Крой, Томаш Фрацковяк, Томас Хуммель және Агнешка Сороковска болды. Олар ата-аналардың нәрестелердің иісін жағымды қабылдайтынын, ал жасөспірімдердің иісі оларға ұнай бермейтінін зерттеген. 

Бейбітшілік сыйлығы Джейми Арона Кремс, Ребека Ханель-Петерс, Лореон Мерри, Кила Уильямс және Дэниэл Шнисерге берілді. Ғалымдар адамдардың өздері ұнатпайтын адамдарға қарсы қатал мінез көрсететін достарды бағалайтынын зерттеген.

Айта кетейік, Шнобель сыйлығы — адамды алдымен күлдіретін, кейін ойландыратын ғылыми зерттеулерге берілетін жыл сайынғы халықаралық марапат. Оны 1991 жылы америкалық ғылыми журналист Марк Абрахамс негізін қалаған. Сыйлықтың ерекшелігі — зерттеулер әдеттен тыс көрінгенімен, олардың артында нақты ғылыми ізденіс жатыр. 

댓글
기타 기사