Алматыда тағы бір сауда орталығында кітап беру пункті ашылды

105
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/U628QY17AmAvPMsIPsk3iKO1lSi7poZdJlIHXqmK.jpg

Бүгін, Алматыда Қала күніне орай Алмалы ауданындағы «Асыл» сауда орталығында қалалық кітапханалардың жаңа кітап беру пункті ашылды.

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқитын ұлт» жобасы аясында қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Бастаманың негізгі мақсаты – қала тұрғындарының кітапқа қолжетімділігін арттыру, кітап оқуға қызығушылығын қалыптастыру және оқу мәдениетін дамыту.

Кітап беру пунктінің ашылу салтанатына Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Олжас Құрманбекұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы Бейбіт Сарыбай, журналист, жазушы Баян Болатханова, мәдениет саласының өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Іс-шара барысында зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, кітап оқудың қоғамдағы маңызына және әдебиетті тұрғындарға барынша қолжетімді етудің өзектілігіне тоқталды.

Өз құттықтау сөзінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан кітап беру пунктінің сауда орталығында ашылу маңыздылығын атап өтті:

«Бүгін Алмалы ауданында тұрғындар үшін маңызды әрі қолжетімді мәдени кеңістік ашылып отыр. Кітапхананы адамдар көп келетін сауда орталығына жақындату – кітап оқуды күнделікті өмір салтына айналдыруға бағытталған жақсы бастама. Осындай жобалардың көбеюі тұрғындардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін дамытуға өз үлесін қосады деп сенемін» - деді Сәуле Досжан.

Бұған дейін осындай алғашқы кітап беру пункті «Адем» сауда орталығында ашылған болатын. Сауда үйінің кәсіпкерлері мен келушілерінің алғашқы күннен бастап «Оқитын ұлт» идеясының аясында жүзеге асырып жатқан бұл бастамаға қолдау көрсетіп, аса қызығушылық танытуына байланысты, қаланың басқа да аудандарындағы сауда орталықтарында осындай кітап беру пункттерін ашу арқылы тұрғындардың кітапқа қолжетімділігін арттыру жұмыстары жүргізілуде. 

Сауда орталығында кітап пунктінің ашылғанын мұндағы кәсіпкерлер де жылы қабылдауда.

«Жұмыс орнымызда кітап пунктінің ашылғанына қуаныштымын. Осы жерден мотивациялық және салалық кітаптарды алып, кәсібімізді дамытуға көмектесетін әдебиеттермен танысатын боламын. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Осындай игі бастаманы қолға алған Алматы әкімдігі мен қалалық кітапханаларға алғысым шексіз!» – деп атап өтті кәсіпкер Азамат Инкаров.

Бүгінде жаңа кітап беру пунктінің қорында 2000-нан астам кітап бар. Оқырмандар көркем әдебиеттен бастап, балалар әдебиеті мен танымдық басылымдарға дейінгі түрлі кітаптарды таңдай алады.

Жаңа кітап беру пункті сәрсенбі–дүйсенбі күндері сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Сейсенбі – демалыс күні.

Алмалы ауданының тұрғындары мен «Асыл» сауда орталығының келушілерін жаңа кітап беру пунктіне келіп, кітап қорымен танысып, өздеріне қажетті әдебиеттерді таңдауға шақырамыз.

댓글
기타 기사