Санкт-Петербург метросының 9 станциясы қорғаныс паналарына айналуы мүмкін

70
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/YfQvOcYFNAlnB3DlhGjJoVUXsv0Lctj25zFG53Gs.jpg

Санкт-Петербург метросының тоғыз станциясы азаматтық қорғаныс панасы ретінде пайдалануға бейімделуі мүмкін. Бұл жоба аясында төрт арнайы бөлік пен жалпы ұзындығы шамамен 35 шақырым болатын метро жолдарын да қамту жоспарланып отыр, деп хабарлайды “Адырна”.

«Фонтанка» басылымының мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәліметтерге сүйеніп хабарлауынша, 10 қыркүйекте Санкт-Петербург метрополитені болашақ жұмыстардың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлейтін мердігерді іздеуді бастаған. Мердігер метро нысандарының қайсысын қайта салу, қайсысына қосымша жабдық орнату және қандай нысандарды азаматтық қорғаныс панасына бейімдеу қажеттігін анықтауы тиіс.

Жоба барысында ықтимал қауіптер де есепке алынбақ. Атап айтқанда, жер асты сулары деңгейінің өзгеруі, қаладағы құрылыс аумағының ұлғаюы және жабдықтардың ескіруі назарға алынуы керек. Сонымен қатар азаматтық қорғаныс нысандары үшін техногендік апат пен өрт сияқты екі төтенше жағдай сценарийі қарастырылмақ.

Пана ретінде пайдаланылатын нысандардың желдету жүйесіне де ерекше талап қойылған. Егер қорғаныс орнына ластанған ауа енсе, желдету жүйесі оны радиоактивті шаңнан, аэрозольдерден және улы заттардан тиімді тазартуды қамтамасыз етуі тиіс.

Бұл Санкт-Петербург метросының азаматтық қорғаныс инфрақұрылымына қатысты алғашқы қадамы емес. Осы жылдың наурыз айында метрополитен осындай құжаттаманы әзірлеу қызметтерінің бағасына мониторинг жүргізген.

Сонымен қатар Санкт-Петербург қаласында қолданыстағы қорғаныс паналарын түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2025 жылы қала билігі азаматтық қорғаныс нысандары орналасқан 2633 мекенжайды тексерген. Олардың қатарында жеке тұрған нысандармен бірге тұрғын үйлердің ішіндегі паналар да бар. Сол кезде қаладағы тиісті комитет қорғаныс нысандарының басым бөлігі жөндеуді қажет ететінін мәлімдеген.

Ал 2026 жылдың жазынан бастап Санкт-Петербургте бетоннан жасалған қорғаныс паналарын орнату жұмыстары басталған. Алғашқы нысандар Кронштадта пайда болды. Бұл аумақта Балтық флотының маңызды базаларының бірі орналасқан.

Кронштадт бұған дейін де бірнеше рет шабуыл нысаны болған. Мәселен, 3 маусымда қалада жөндеуде тұрған Ресей әскери-теңіз күштерінің «Бойкий» корветіне соққы жасалған. Бұған дейін бұл кеме Ресейдің «көлеңкелі флоты» құрамындағы танкерлерді алып жүру кезінде байқалған.

Осылайша, Санкт-Петербургтегі метро станцияларын азаматтық қорғаныс нысандарына бейімдеу жоспары қаладағы қорғаныс инфрақұрылымын қайта қарау және қолданыстағы паналардың жағдайын бағалау жұмыстары қатар жүріп жатқанын көрсетеді.

Айта кетейік, бұған дейін Мәскеу билігі де қаланың үш ауданындағы тоғыз бомбадан қорғану орынын күрделі жөндеуге 39 миллион рубль (шамамен 420 мың АҚШ доллары – ред.) бөлгенін хабарладық.

Жөндеу жұмыстары Азовская, Болотниковская және Нагорная көшелерінде, сондай-ақ Ленин даңғылында орналасқан нысандарда жүргізілмек. Жоба аясында кіреберістер, арақабырғалар мен есіктер қалпына келтіріліп, ішкі әрлеу жаңартылады. Сонымен қатар сумен жабдықтау, электрмен қамту, кәріз, желдету және байланыс жүйелері жөнделеді. Жұмыстарды 30 қарашаға дейін аяқтау жоспарланған.

댓글
기타 기사