Қазақстан әлемнің ең бәсекеге қабілетті 40 экономикасының қатарына кірді

87
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/hL9pOuKKqdLNqWt3JSgGRT3DSNV8cjHfeHGSME0P.webp

Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 40 экономиканың қатарына кірді. Бұл туралы Халықаралық менеджментті дамыту институты (IMD) жариялаған World Competitiveness Ranking 2026 рейтингінде көрсетілген, деп хабарлайды "Адырна".

Қазақстан биылғы жаһандық рейтингте 38-орынға жайғасты. Аталған зерттеу елдердің экономикалық және бизнестің тұрақты дамуына қолайлы жағдай қалыптастыру мүмкіндігін бағалайды.

IMD елдердің бәсекеге қабілеттілігін төрт негізгі бағыт бойынша саралайды. Олар – экономиканың жағдайы, мемлекеттік басқарудың тиімділігі, бизнестің тиімділігі және инфрақұрылым. Бағалау барысында ресми статистикамен қатар, бизнес өкілдері арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері де ескеріледі.

Қазақстан бірқатар көрсеткіш бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізген. Атап айтқанда, салық саясаты бойынша 9-орынға, халықаралық саудада 19-орынға, еңбек нарығы мен басқару тәжірибесі бойынша 20-орынға ие болды. Сондай-ақ бизнестегі құндылықтар мен ұстанымдар көрсеткіші бойынша да Қазақстан 20-сатыға тұрақтаған.

Бұдан бөлек, жұмыспен қамту саласында ел 26-орынды, институционалдық орта бойынша 29-орынды, өнімділік пен тиімділік көрсеткішінде 32-орынды иеленді. Ал ішкі экономика бойынша Қазақстан 33-орынға жайғасты.

Халық саны 20 миллионнан асатын мемлекеттер арасында Қазақстан 15-орында тұр. Ал Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдері кіретін топта республика 25-сатыдан көрінді.

Зерттеу мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 306,2 миллиард долларды құраған. Ел экономикасының нақты өсімі 6,5 пайызға жетіп, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан рейтингке енгізілген экономикалар арасында 6-орын алған.

Жан басына шаққандағы сатып алу қабілетінің паритеті бойынша ЖІӨ 45 286 долларды құрады. Қазақстандағы жұмыс күшінің саны 9,77 миллион адам деп бағаланса, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз болды.

IMD сарапшылары Қазақстан үшін 2026 жылғы басым міндеттердің қатарында мемлекеттік басқару жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізуді, жоғары технологиялық өндірістерге инвестиция тартуды және транзиттік әлеуетті арттыруды атаған. Сонымен бірге кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту және жасанды интеллект негізінде су ресурстарын басқарудың заманауи жүйесіне көшу қажеттігі атап өтілді.

IMD World Competitiveness рейтингі 38 жылдан бері жарияланып келеді. Оны әзірлеу кезінде халықаралық, ұлттық және өңірлік ұйымдардың статистикалық деректерімен қатар, бизнес басшыларының пікірлері де ескеріледі. 2026 жылғы зерттеуге шамамен 6900 топ-менеджер қатысқан.

댓글
기타 기사