Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты іс бойынша Қорғаныс министрлігі жүйесінің бес лауазымды тұлғасы ұсталды, деп хабарлайды "Адырна".
Полиция мәліметінше, олардың қатарында Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының және «Қайсар» катерінің командирлері бар.
Күдіктілер Ақтау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қызметке салғырт қарау және корабль жүргізу қағидаларын бұзу бойынша ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік келтіріліп отыр.
"Тергеу барысында оқу-жаттығуды ұйымдастыру, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, метеорологиялық жағдайдың ескерілуі, катердің техникалық жай-күйі және жауапты тұлғалардың әрекеттері тексерілуде.
Іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру ІІМ әскери-тергеу бөлімшесімен жүргізіліп, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында", делінген хабарламада.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 17 әскери қызметшіні теңіз ағызып әкеткен. Олар Каспий жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырма орындап жатқанда ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 14 әскери қызметші қаза тапқан, үшеуі құтқарылды.
Қайғылы оқиғадан кейін 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланған болатын.
