"Шоқайдың күресін тереңірек тануға болады". Зерттеуші заманауи құралды айтты

208
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/6qb0Qm2KAwbti9yEsUCaU4U6LEili5Gk1s12V3Iw.jpg

28 қыркүйекте Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғалым, түрколог, мұстафашоқайтанушы Әбдіуақап Қара магистранттар мен докторанттарға «Мұстафа Шоқай мұрасын зерттеу: архивтен цифрлық зерттеуге дейін» тақырыбында қонақ дәріс оқыды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ғалым дәріс барысында Мұстафа Шоқай мұрасын зерттеудегі көпжылдық тәжірибесімен бөлісіп, архив құжаттарын іздеу, салыстырмалы талдау жүргізу, Шоқайдың хаттары мен мақалаларын жүйелеу мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды зерденің тарихи деректерді зерттеудегі жаңа мүмкіндіктерін сөз етті.

Әбдіуақап Қараның айтуынша, Мұстафа Шоқайдың хаттарын цифрлық корпус ретінде зерттеу оның саяси қызметін ғана емес, тұлғалық болмысын да тереңірек тануға жол ашады.

«Әсіресе, Мұстафа Шоқайдың хаттарын цифрлық корпус ретінде зерттеу арқылы оның саяси күресімен қатар, адамдармен байланысын, жұмыс жүйесін, ойлау ерекшелігін және эмиграциядағы күрес желісін тереңірек тануға болатынын мысалдармен көрсеттім. Осы орайда қолда бар 300-ден аса хатты негізгі дерек ретінде пайдаланып "Хаттардағы Мұстафа Шоқай: эмиграциядағы күрес, адамдық қарым-қатынастар және саяси қайраткердің жұмыс жүйесі" кітабымды таяуда аяқтадым. Жылдың аяғына таман Ыстамбұлда түрік тілінде жарық көрмек»,– деді ол.

Дәрісте жасанды зердені ғылымда пайдалану мәселесіне де ерекше назар аударылды. Әбдіуақап Қара студенттердің жасанды зердені дайын жұмыс жаздыру үшін емес, зерттеу процесіне көмекші құрал ретінде қолдануы маңызды екенін атап өтті.

«Жасанды зердеге үй тапсырмасын дайын мәтін түрінде толық жаздырып, оны өз жұмысы ретінде тапсырған студент ең алдымен білім алу мүмкіндігін жоғалтады. Ол тақырыпты өз бетімен түсіну, дерек іздеу, салыстыру, сұрақ қою, ой қорыту және өз пікірін дәлелдеу дағдыларын дамытпайды. Тапсырма орындалған болып көрінгенімен, студенттің білімі өспейді. Сондықтан жасанды зерде студенттің орнына ойлайтын құрал емес, оның өздігінен ойлауына көмектесетін құрал болуы керек»,– деді ғалым.

Дәріс соңында жас зерттеушілер ғалымға өз сауалдарын қойып, мазмұнды пікір алмасты. Іс-шараның қорытындысында Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, доцент Құралай Сейтқазина қонаққа алғыс білдіріп, естелік сыйлық табыс етті.

댓글
기타 기사