Қазақ-ауған тауар айналымы Қазақстанның Иранмен саудасынан асып түсті

248
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/tZR9ddrzuomPBkcYrTn1lUF9VNnYt9DrufHO2RLr.jpg

Герат қаласында Ауғанстан бойынша Қазақстан президентінің арнайы өкілі Еркін Тұқымов бастаған ресми және іскерлік делегациялардың қатысуымен бірқатар іс-шара өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, сапар аясында Еркін Тұқымов Ауғанстанның батысындағы Герат провинциясының губернаторы Нур Ахмад Исламжармен кездескен. Тараптар сауда-экономикалық және өңіраралық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылап, өңірлердің әлеуеті және іскер топтар арасындағы тікелей өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктері туралы ақпарат алмасқан.

«Қазақстанның мен Ауғанстанның батыс өңірлері арасында сауда, өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика салаларында тікелей байланыстар орнатуға бағытталған «West2West» форматын дамытуға ерекше назар аударылды. Сауда-экономикалық іс-шараларға Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің, сондай-ақ екі елдің іскер топтарының өкілдері қатысты»,– делінген хабарламада.

Сапар аясында «Қазақстан – Ауғанстан: өңіраралық ынтымақтастық» атты бизнес-форум өткен. Форумда өзара сауданы кеңейтудің, кәсіпкерлер арасында тікелей байланыстар орнатудың, өнеркәсіптік кооперация мен көлік-логистикалық байланыстарды дамытудың практикалық мәселелері талқыланған. Ауғанстан тарапы өнеркәсіп тауарларының, ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық түлік көрмесін ұсынған.

Еске салайық, 2026 жылғы қаңтар-шілде айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 581,1 млн АҚШ долларын құрап, 2,4 есеге өскен еді. Қазақстанның экспорты 572,9 млн долларды құраған, оның ішінде ұн – 215,6 млн, бидай – 122 млн, өсімдік майы – 51,1 млн доллар. Ауғанстаннан импорт 8,2 млн доллар болған.  Салыстыру үшін Қазақстан мен Иран арасындағы сауда айналымы 2025 жылы 430 млн долларды құраған.

댓글
기타 기사