Үнзила Шапақ: Қазақстанда сот пен азамат арасындағы құқықтық теңгерім өзгерді

186
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Gjj0hs1lhrzcu1TaA1O8KLDYjs7f7wQsJBhK6OZX.jpg

2026 жылғы конституциялық жаңғыру Қазақстанның құқықтық дамуындағы маңызды кезеңге жол ашты. 15 наурызда республикалық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және мемлекеттік билік тармақтарының өзара іс-қимылы негізгі қағидаттар ретінде айқындалды. 

Атап айтқанда, «Миранда ережесі» конституциялық деңгейде бекітіліп, ұсталған адамға бостандығы шектелген сәттен бастап оның құқықтары мен ұстау себептерін түсіндіру міндеті көзделді.

Тағы бір маңызды жаңалық – адвокатураның дербес конституциялық мәртебесінің бекітілуі. Адвокатура азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың маңызды институты ретінде танылып, әділ сот төрелігін қамтамасыз ету жүйесіндегі рөлі айқындалды.

Сонымен қатар, сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше назар аударылды. Негізгі заңда сот бақылауының кепілдіктері мен Конституциялық Соттың құқықтар мен бостандықтарды қорғаудағы рөлі айқындалды.

Жаңа Конституциядағы маңызды өзгерістердің бірі – сот ісін жүргізу нысандарының қатарында «әкімшілік» деген сөздің нақты көрсетілуі. Конституцияға сәйкес, сот билігі заңда белгіленген азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және өзге де сот ісін жүргізу нысандары арқылы жүзеге асырылады.

Бұл нормалар сот төрелігінің әділдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың қызметіне құқықтық бақылауды күшейту және азаматтардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерімен тығыз байланысты.

Қазақстанда соңғы жылдары сот төрелігінің тәуелсіздігін күшейту, азаматтардың әділ сотқа қолжетімділігін арттыру және олардың құқықтарын қорғаудың құқықтық тетіктерін жетілдіру бағытында бірқатар жүйелі өзгеріс жүзеге асырылды. Бұл өзгерістер сот жүйесінің институционалдық құрылымын ғана емес, азамат пен мемлекет арасындағы құқықтық қатынастарды да қамтыды.

Құрылтай депутаты Үнзила Шапақтың айтуынша, жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформалардың негізгі мәні – азаматтың құқығын қорғауды нақты тетіктермен қамтамасыз ету және соттың мемлекеттік органдардан тәуелсіз шешім қабылдау мүмкіндігін күшейту.

Оның пікірінше, бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ететін институционалдық кепілдіктердің күшеюі. Судьяларды іріктеу мен олардың мансабына қатысты негізгі мәселелердің Жоғары Сот Кеңесінің құзыретіне берілуі, сот әкімшілігінің сот төрелігін жүзеге асырудан бөлінуі және соттарды қаржыландырудың кепілді жүйесінің енгізілуі осы мақсатқа бағытталған.

Сот тәуелсіздігі азаматтардың әділ сотқа құқығымен тікелей байланысты. Бұл ретте Қазақстанда 2021 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан әкімшілік әділет институтының маңызы ерекше. Ресми статистикаға сәйкес, әкімшілік соттар енгізілгенге дейін азаматтар мен бизнес мемлекеттік органдармен дауларда шамамен 15% жағдайда жеңсе, кейін бұл көрсеткіш 60%-ға дейін өскен.

Үнзила Шапақтың айтуынша, бұл көрсеткіш азамат пен мемлекет арасындағы құқықтық теңгерімнің өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Әкімшілік соттың міндеті – мемлекеттік органның позициясын автоматты түрде қолдау емес, оның шешімі мен әрекетінің заңдылығын объективті бағалау.

Сонымен бірге сот бақылауының нақты жұмыс істеп тұрғанын қылмыстық процестегі статистикадан да көруге болады. 2026 жылдың сегіз айында соттарға қамауға санкция беру туралы 11 164 өтініш түскен. Оның 4 355-і бойынша соттар қамауға алуға рұқсат бермеген. Бұл ретте 3 720 жағдайда қамаудың орнына үйқамақ қолданылған.

Сондай-ақ осы кезеңде қылмыстық қудалау органдарының әрекеттері, әрекетсіздігі мен шешімдеріне қатысты қаралған шағымдардың 37,7%-ы қанағаттандырылған. Депутаттың пікірінше, бұл соттың азаматтардың құқықтарын қорғаудағы нақты бақылау тетігі ретінде жұмыс істеп отырғанын көрсетеді.

Қылмыстық сот төрелігіндегі тағы бір маңызды көрсеткіш – ақтау үкімдері. 2026 жылдың сегіз айында соттар 211 адамға қатысты ақтау үкімін шығарған. Бұл соттың әрбір істі жан-жақты қарап, айыптау тарапынан ұсынылған дәлелдерге дербес баға беретінін көрсететін көрсеткіштердің бірі.

Сот төрелігінің сапасы мен оған деген қоғамдық сенім де реформалардың нәтижесін бағалауда маңызды. 2026 жылы жүргізілген зерттеу нәтижесінде респонденттердің 92,4%-ы сот жүйесіне толық немесе ішінара сенім білдірген. Бұл көрсеткіш сот институтының қоғамдағы орны мен азаматтардың сот арқылы өз құқықтарын қорғау мүмкіндігіне деген көзқарасын аңғартады.

Сот төрелігінің сапасын арттыруда 2025 жылғы 1 шілдеден бастап жұмысын бастаған дербес кассациялық соттардың да орны ерекше. Азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша кассациялық соттардың Жоғарғы Соттан институционалдық тұрғыда бөлінуі сот актілерін қайта қараудың дербес деңгейін қалыптастырды.

Осылайша, сот-құқықтық реформалардың түпкі мақсаты тек жаңа институттар құру емес, азаматтың өз құқығы бұзылған жағдайда оны тиімді қорғай алатын жүйе қалыптастыру болып отыр. Бұл тұрғыда сот тәуелсіздігі, әкімшілік әділет, сот бақылауы және кассациялық қайта қарау сияқты тетіктердің барлығы бір мақсатқа – азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтуге бағытталған.

댓글
기타 기사