«Бүкіл әлемге қиындық әкелгісі бар». Трамп Зеленскийді ауыстыруды ұсынды

254
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/jputFFT5MQyOg2HKu6IkhZ3auMbtgr146RfuHKeY.jpg

Фото: AP Photo / Evan Vucci

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина басшылығын Ресеймен соғысты тоқтату жөнінде келісімге келе алмағаны үшін сынға алды. Оның пікірінше, Владимир Зеленскийдің орнына Мәскеумен келіссөз жүргізе алатын жаңа басшы келуі керек. РБК дерегінше, Трамп бұл мәлімдемені Теннесиге аттанар алдында журналистермен кездесуде жасаған, деп хабарлайды “Адырна”.

Сонымен қатар Трамп Украина әскерінің Ресей аумағындағы мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдарына наразылық білдірді.

10 қазанда журналистермен әңгімелесу кезінде АҚШ президенті Зеленскийдің соғысты тоқтатуға бірнеше рет мүмкіндігі болғанын, алайда ол ұсыныстарды пайдаланбағанын айтты.

«Мен оларға келісімге келе алатын жаңа басшы табуға кеңес беремін. Зеленскийдің бірнеше рет келісім жасауға мүмкіндігі болды. Бірақ қандай да бір себеппен ол мұны істемеді. Меніңше, Украинаға жаңа президент сайлайтын уақыт келді», – деді Трамп.

Бұл мәлімдеме оған Ресейдің Украинаға күн сайын соққы жасап жатқаны туралы қойылған сұраққа жауап ретінде айтылды.

АҚШ президентінің айтуынша, Вашингтон Киевке Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалатын шабуылдарды тоқтату жөнінде бірнеше рет ескерту жасаған. Алайда Украина тарапы мұндай соққыларды жалғастырған.

Трамптың пайымдауынша, Ресейдің мұнай өңдеу нысандарына жасалған шабуылдар халықаралық жанармай нарығына кері әсер етіп, дизель отынының бағасына байланысты мәселелерді ушықтыруы мүмкін.

«Ол бүкіл әлемге қиындық әкелгісі келеді. Ресей әлемге дизель отынының едәуір бөлігін жеткізеді. Мұның біздің фермерлерге де әсері бар. Зеленский бұл шабуылдарды тоқтатқаны дұрыс», – деді АҚШ президенті.

Трамптың Киевке қатысты сыны АҚШ пен Ресей арасындағы дизель отынын жеткізу мәселесімен тұспа-тұс келді.

9 қазанда Вашингтон Ресейден АҚШ және басқа елдердің нарықтарына дизель отынын жеткізуге мүмкіндік беретін арнайы рұқсат туралы хабарлады. АҚШ Қаржы министрлігі санкциялық шектеулерге байланысты бұрын тыйым салынған ресейлік дизель отынымен сауда жасауға уақытша рұқсат берген. Оның мерзімі 2027 жылғы 7 сәуірге дейін белгіленген.

Өз кезегінде Ресей билігі дизель отынын экспорттауға қатысты шектеулерді мерзімінен бұрын алып тастайтынын мәлімдеді.

Axios басылымының дереккөздері бұл шешімді Трамптың Зеленскийге Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалатын шабуылдарды тоқтату жөнінде айтқан өтініштерімен байланыстырады.

Украина президенті Владимир Зеленский Вашингтон мен Мәскеудің дизель отынын жеткізу жөніндегі уағдаластығына наразылық білдірді. Ол бұл қадам Ресейдің соғыс жүргізу мүмкіндіктерін арттыруы ықтимал деп санайды.

«Путинге жасалған сыйлықтар бейбітшілік әкелмейді. Ресей дизель үшін алғысын жаңа шабуылдармен және зұлымдықпен білдіреді», – деп жазды Зеленский 9 қазанда.

Сонымен бірге Украина басшысы Киевтің өзара шабуылдарды тоқтатуға дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, Ресей Украинадағы энергетикалық инфрақұрылымға соққы беруді тоқтатса, Украина да Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасамауға әзір.

«Егер Ресей біздің энергетикалық инфрақұрылымымызды қиратпаса, Украина да Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасамайды. Біз АҚШ-қа осындай келісім ұсынып отырмыз», – деді Зеленский.

Ол Вашингтонды Мәскеуге қысымды күшейтіп, атысты тоқтатуға ықпал етуге шақырды.

10 қазанда Владимир Зеленский Финляндия, Франция, Норвегия және Ұлыбритания басшыларымен телефон арқылы сөйлесті. Тараптар Ресейге қарсы санкцияларды күшейту және Украинаға қолдауды жалғастыру мәселелерін талқылады.

Германия үкіметі Ресейге қатысты қолданыстағы санкцияларды сақтайтынын мәлімдеді. Ал Еуропалық одақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғалы бері әзірленіп жатқан ең ауқымды санкциялар пакеті туралы хабарлады.

댓글
기타 기사