Тісті үйде ағартуға бола ма? Стоматолог желідегі кеңестің қаупі туралы ескертті

523
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ZPAvSGGhmYMvanE8pnANOKo2GG0XFVPxIsYFRIP7.jpg

Тіс дәрігеріне барудан қорқатын балалар аз емес. Алайда дәрігердің жылы сөзі мен дұрыс қарым-қатынасы баланың өзін қауіпсіз сезінуіне көмектесіп, ем қабылдауды жеңілдетеді. Балалар стоматологиясында кәсіби біліммен қатар сабырлылық, мейірім мен сенім де маңызды.

Стоматология саласында бес жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тіс дәрігері Амина Ерболатқызы әр науқастың жағдайынан жаңа тәжірибе жинап, кәсіби тұрғыдан дамып келеді. Оның айтуынша, балалармен жұмыс істегенде дәрігер тісті емдеумен қатар, баланың қорқынышын жеңіп, сеніміне кіруі керек.

Мамандық таңдауы, балалармен жұмыс істеудің қызықты сәттері, әлеуметтік желілердегі тісті ағартуға қатысты кеңестердің қаупі және ауыз қуысының күтімі туралы тіс дәрігері Әмина Ерболатқызымен сұхбаттастық.

– Неліктен тіс дәрігері болуды таңдадыңыз? Мамандық өзіңізге ұнай ма?

– Бала кезімнен медицина саласына қызығушылығым болды. Ал стоматологияны таңдауыма ем нәтижесінің көзге көрініп, науқастың жағдайындағы өзгерісті байқауға болатыны әсер етті. Бұл мамандықта біз тек тісті емдеп қана қоймай, адамның өзіне деген сеніміне де ықпал етеміз.

Иә, мамандығым өзіме қатты ұнайды. Бұл салада жауапкершілік пен қиындық қатар жүреді. Соған қарамастан, күнделікті жұмысымнан ләззат аламын.

– Стоматология саласында еңбек етіп жүргеніңізге қанша уақыт болды?

– Стоматология саласында бес жылдан бері жұмыс істеп келемін. Осы уақыт ішінде тәжірибем де, көзқарасым да өзгерді. Әр науқастан, әр жағдайдан жаңа нәрсе үйреніп, кәсіби тұрғыдан ізденіп келемін.

– Тіс дәрігері жұмысының ең қиын тұсы қандай?

– Менің ойымша, бұл жұмыстың ең қиыны сол – үлкен жауапкершілік арқалайсың. Әр науқастың жағдайы әртүрлі, сондықтан дұрыс диагноз қойып, соған сәйкес ем жоспарын құра білу қажет.

Балалармен жұмыс істегенде медициналық еммен қатар, олардың сеніміне кіру маңызды. Бала өзін қауіпсіз сезінсе, дәрігерден қорықпай, емдеу үдерісіне оңай бейімделеді.

– Кішкентай балалармен жұмыс барысында есте қалған қызықты оқиғалар бар ма?

– Балалармен жұмыс істегенде қызықты жағдайлар өте көп болады. Кейде ата-аналар баласының дәрігерден қатты қорқатынын айтып келеді. Бірақ қабылдаудан шыққан соң балалардың өздері «Қашан қайта келеміз?» деп сұрап жатады. Мұндай сәттер ерекше қуантады.

Кейде емдеу барысында балалардың өздері де дәрігерге айналып кетеді. «Тісімді қарап жіберіңізші», «Айнаны бересіз бе?», «Мынау не?» деп, айналасындағы құралдарға қызығушылық танытады.

Кейбір балалар қабылдауға үйден алдын ала дайындалып, өз қолдарымен жасаған шағын сыйлықтарын әкеледі. Осындай сәттер баламен дұрыс қарым-қатынас орнатудың маңызын көрсетеді.

– TikTok-та тісті үй жағдайында ағартудың түрлі әдістері көрсетіледі. Мұндай тәсілдер қаншалықты қауіпті?

– Әлеуметтік желілердегі кеңестердің барлығын бірдей пайдалы немесе қауіпсіз деп айтуға болмайды. Әсіресе,лимон, ас содасы, ас тұзы сияқты заттарды пайдаланып, тісті ағартуға кеңес бермеймін. Мұндай тәжірибелер тіс эмаліне зиян келтіруі мүмкін.

Әлеуметтік желідегі эксперименттерді қайталағаннан гөрі, стоматологқа барып, кеңес алған дұрыс. Тісті ағартудың қауіпсіз әдісі тістің жағдайы тексерілгеннен кейін ғана таңдалуы керек.

– Кәдімгі тіс щеткасы мен электрлі щетканың айырмашылығы қандай?

– Екеуін де дұрыс қолданған жағдайда тісті жақсы тазалауға болады. Электрлі щетканың ерекшелігі – белгілі бір қозғалыстарды автоматты түрде орындауы. Кейбір үлгілерінде тісті қатты басып тазалаудан сақтайтын қысымды бақылау функциясы бар.

Дегенмен кәдімгі щеткамен де тісті сапалы тазалауға болады. Ең бастысы – щетканы дұрыс таңдау, тазалау техникасын сақтау және ауыз қуысының күтімін жүйелі жүргізу. Маңыздысы – тісті күніне екі рет дұрыс тазалау және тісаралық кеңістіктерді күтуді ұмытпау.

– Оқырмандарға тіс күтіміне қатысты қандай кеңес берер едіңіз?

– Тіс ауырғанын күтпей, стоматологқа профилактикалық тексерілуге келген дұрыс. Кариес бастапқы кезеңде көбіне ауырсынусыз өтеді, сондықтан мәселе асқынған кезде ғана анықталуы мүмкін. Уақытылы тексерілу аурудың алдын алып, күрделі емнің қажет болмауына көмектеседі.

Айгүл Жүсіп

«Адырна» ұлттық порталы

댓글
기타 기사