Украинаның КҚК-ға шабуылы. Қазақстанның қанша мұнайдан қағылғаны белгілі болды

278
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/PBjR5Dau5NLcWLHN4dTghQ7TqtdzVrnlQX4XIcve.jpg

Қазақстан 2026 жылы Каспий құбыр консорциумындағы мәселелер мен Теңіз кен орнындағы апат салдарынан шамамен 6 млн тонна мұнай өндіре алмай қалған. Бұл туралы 13 қазанда өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Жыл басындағы Теңіздегі апат пен КҚК-дағы мәселелер салдарынан шамамен 6 млн тонна мұнай жоғалттық. Яғни, бұл көлемде мұнай өндірілмеді. Нақтырақ айтқанда, мұнай жер астында жатыр, бірақ экономикалық айналымға қатыспай отыр», – деп түсіндірді Жұманғарин.

Сондай-ақ Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында елде 69,4 млн тонна мұнай өндірілгенін хабарлады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштің 91,7 пайызына тең.

Өндірілмей қалған мұнай көлемінің орнын толтыру үшін билік Қашаған мен Теңіз кен орындарындағы жоспарлы-профилактикалық жөндеу жұмыстарын кейінге шегерген. Бұдан бөлек, мұнай өндіру көлемін арттыру шаралары бойынша ірі жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

2026 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру болжамы – 96 млн тонна. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылы Қазақстанда 99,55 млн тонна мұнай өндірілген.

Бұған дейін Энергетика министрлігі Теңіз кен орнындағы өндірістік ақау мен КҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылдарды ескере отырып, 2026 жылға арналған мұнай өндіру жоспары қайта қаралғанын хабарлаған болатын.

КҚК желісі биыл Украина тарапынан жиі дрон шабуылына ұшырады. 

 

댓글
기타 기사