Министр Ресейдегі қырғыздардың соғысқа мәжбүрлеп жіберілетінін мойындады

129
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/uXmurBmLVgzAjgjRpqASDSTn4sprfEC2bPoh1yUE.webp

Қырғызстанның сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев Ресейде жүрген азаматтарын соғысқа қатысуға мәжбүрлеу жағдайлары тіркелгенін айтты деген ақпар тарады, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі. 

Ферғана басылымының дерегінше, ведомство мұндай жағдайларда азаматтарды елге қайтаруға көмектесуге тырысады.

Мәселе Қырғызстан парламентінің халықаралық істер, қорғаныс, қауіпсіздік және көші-қон жөніндегі комитетінің отырысында көтерілді. Жиынға қатысқан депутат Айбек Алтынбеков Ресейде бір азаматтың сот шешімі шықпай тұрып әскери қызмет туралы келісімшартқа қол қоюға мәжбүр болғанын айтты. Кейін ол әскери дайындық лагеріне жіберілген.

Жээнбек Кулубаевтың сөзінше, азаматтар әскери комиссариаттарда немесе тергеу изоляторларында келісімшартқа қол қоюға мәжбүр болатын жағдайлар кездеседі. Егер сыртқы істер министрлігіне бұл туралы уақытылы ақпарат түссе, ведомство араласып, азаматтарды майданға жібермеуге күш салады.

Министрдің айтуынша, кейбір азаматтар Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырғанын тіпті жақындарына да хабарламайды. Соның салдарынан дипломаттар мәжбүрлі түрде әскерге тарту жағдайлары туралы дер кезінде біле бермейді.

Кейін ата-аналары балаларының келісімшартқа отырғанын біліп, министрлікке көмек сұрап жүгінеді. Мұндай жағдайда Қырғызстанның Украинадағы елшілігі арқылы азаматтармен байланыс орнатуға және оларды елге қайтаруға жәрдемдесуге әрекет жасалады.

Кулубаев кейбір жағдайларда азаматтардың Ресей әскері қатарында соғысқаны олардың жараланғанынан немесе қаза тапқанынан кейін ғана белгілі болатынын атап өтті. Осыған байланысты ол осындай жағдайға тап болған азаматтардың туыстарын сыртқы істер министрлігіне уақытылы хабарласуға шақырды.

Бұған дейін Қазақстан да Ресейдің СІМ Ресей әскері қатарында жүрген қазақстандықтарды елге қайтаруға жәрдемдесу туралы өтініш жасаған.

Материалда келтірілген мәліметке сәйкес, 2026 жылы Ресей әскері қатарында Украинаға қарсы соғысқа Орталық Азия елдерінің 12,5 мыңнан астам азаматы қатысқан.

 

댓글
기타 기사