Ресей бас прокуратурасы Тимур Тұрловтың мүлкін тәркілеу арызынан бас тартты

290
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/xJGeszFwV2HZsqordjFh5ehumxTKfORd6Gb9rDFO.jpg

Фото: forbes.kz

Ресейдің Бас прокуратурасы қазақстандық кәсіпкер, Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті Тимур Тұрлов пен онымен байланысты құрылымдардың мүлкін тәркілеу туралы талап-арызынан бас тартты. Бұл туралы «Интерфакс» жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Мәскеудің Тверь аудандық сотында талап-арызды қарау күнін белгілеу мәселесі талқыланып жатқан кезде судья: «14 қазанда Бас прокурордың орынбасары Ткачев қол қойған талап-арыздан бас тарту туралы өтініш соттың кеңсесіне келіп түсті», – деп мәлімдеді.

Қазан айының басында Ресейдің Бас прокуратурасы Тимур Тұрлов пен онымен байланысты құрылымдардың мүлкін мемлекет кірісіне өткізу туралы талап-арыз берген болатын. Құқық қорғау органдарындағы дереккөздердің «Интерфаксқа» хабарлауынша, сөз жалпы құны жүздеген миллион долларды құрайтын ақша қаражаты, өзге де активтер, сондай-ақ жылжымалы және жылжымайтын мүлік туралы болған.

Тұрловтан бөлек, жауапкерлер қатарында онымен байланысты Freedom Holding Corp., Freedom Finance Europe Ltd. және W-Empirical Holding Corp. компаниялары, сондай-ақ оның іскер серіктесі, кәсіпкер Аркадий Щукин болды.

Талап-арыз бойынша алдын ала сот отырысы 15 қазанға белгіленген еді.

Бұған дейін «Коммерсантъ» басылымы бұл талап-арыз прокуратураның Тұрловты, Щукинді және олармен байланысты компанияларды экстремистік ұйымдар деп тану ниетімен байланысты болуы мүмкін деп болжаған. Мұндай шешім олардың мүлкін тәркілеуге мүмкіндік берер еді. Алайда Бас прокуратура мен сот талап-арыздың нақты мән-жайын ресми түрде жарияламады.

Басылым дереккөздерінің мәліметінше, Ресей билігінің назарына Украинаның гуманитарлық жобаларын қаржыландыру мәселесі іліккен. «Коммерсантъ» жазғандай, Тұрлов Қазақстандағы Украина елшілігіне 1 млрд теңге (2,2 млн доллар), сондай-ақ Украинаны қолдаған қазақстандық қайырымдылық қорларына 371,5 млн теңгеден астам (820 мың доллар) қаражат аударған.

Басылымның мәліметінше, Freedom Holding компаниясының еуропалық құрылымы UNITED24 платформасы арқылы жедел жәрдем көліктерін сатып алуға және басқа да гуманитарлық қажеттіліктерге 2 млн еуро бөлген.

2022 жылы Тұрлов Ресей азаматтығынан бас тартып, Қазақстан азаматтығын алды. Ол АҚШ-та тіркелген және Nasdaq қор биржасында саудаланатын Freedom Holding Corp. қаржы тобының негізін қалаушысы, негізгі акционері әрі басшысы.

Тұрловтың тобы Ресейдің бағалы қағаздар нарығында белсенді жұмыс істеген. Алайда 2022 жылғы маусымда Ресей нарығынан шығатынын және жергілікті менеджментке активтерін сататынын жариялады. Мәміле 2023 жылдың басында аяқталды. Осыдан кейін Freedom-ның Ресейдегі бұрынғы активтері атауларын өзгертті.

2026 жылдың қыркүйек айының соңында Тимур Тұрлов FIDE президенті болып сайланды.

Freedom Holding Corp. Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжанды қоса алғанда, әлемнің 20-дан астам елінде жұмыс істейді. Топ брокерлік қызмет көрсету, инвестициялық кеңес беру, бағалы қағаздармен сауда жасау, инвестициялық банкинг және сақтандыру сияқты қаржылық қызметтер ұсынады.

댓글
기타 기사