Украинадағы соғыс аймағынан 11 қазақстандық эвакуацияланды

349
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/i5NTHmZVMv7qhRIiSw4dslnRTl6HQVFMAsCkDBOB.webp

Ресейге жұмыс істеуге барып, кейін Украинадағы соғысқа тап болған қазақстандықтар майдан аймағынан шығарылды, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі. 

Заңгер Мейірман Шекеев желідегі парақшасында соғыс шебінен шығарылған қазақ балаларының саны 11-ге жеткенін айтты. 

Бастапқыда заңгер әлеуметтік желідегі парақшасында соғыс аймағынан шығарылып, Воронеж қаласына жеткізілген жеті қазақстандық туралы хабарлаған. Кейін жазбада 11 адамның шығарылғанын жазды.

Азаматтардың Қазақстанға қашан оралатыны әзірге белгісіз. Заңгердің айтуынша, Қазақстан дипломаттары Ресей тарапымен келіссөз жүргізіп жатыр. Шекеев те азаматтардың туыстарымен тұрақты байланыста.

Заңгер Қазақстан СІМ жұмысын оң бағалап, ведомство азаматтарды елге қайтару үшін бар күшін салып жатқанын атап өтті.

Ресейге жұмыс істеуге барған қазақстандықтардың Украинадағы соғысқа тап болғаны осы айдың басында белгілі болды. Ер адамдар бірнеше бейнеүндеу жариялаған. Ал 7 қазанда олардың туыстары жақындарын елге тезірек қайтаруды сұрап, Астанадағы СІМ ғимаратына барған.

Олардың айтуынша, Ресейге күзет агенттіктеріне, ет комбинаттары мен құс фабрикаларына жұмысқа орналасу үшін барған. Алайда еңбек шарттарының орнына оларға Ресей қарулы күштерінде қызмет ету туралы келісімшарттарға қол қою ұсынылған.

Бастапқыда топта 15 қазақстандық болған. Кейін ер адамдар топта тоғыз-он адам қалғанын, ал қалғандарының Украинадағы соғыс аймағына жіберілгенін хабарлаған.

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ресей тарапымен келіссөз жүргізіп жатқанын және елге қайтаруды қажет ететін азаматтардың тізімін қалыптастырып жатқанын хабарлаған.

댓글
기타 기사