Фото: Sammer AI-Doumy/AFP
Францияда 31 қазан қатарынан үшінші сенбіде өткен жаппай наразылық акциялары кезінде 565 адам ұсталды. Елдің Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, шерулерге 320 мың адам қатысқан. Бұл туралы AFP агенттігі хабарлады, деп жазады “Адырна”.
Министр Лоран Нуньестің айтуынша, демонстрациялар негізінен бейбіт өткен. Алайда ультрасолшыл топтардың өкілдері құқық қорғау органдарына қарсы зорлық-зомбылық көрсеткен.
Билік мәліметінше, Парижде наразылық акцияларына 70 мың адам қатысқан. Ал шеруді ұйымдастырушылар ел бойынша көшеге шыққандардың саны 500 мыңға жуықтағанын айтады. Наразылық білдірушілер өмір сүру құнының өсуіне және білім беру саласындағы мәселелерге қарсылық танытқан.
Франция бойынша қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 70 мың полицей жұмылдырылды. Парижде полициямен болған қақтығыстар кезінде бес құқық қорғау органы қызметкері жарақат алған. Олардың үшеуі «Молотов коктейлінен» зардап шеккен. Бір полицейдің киімі өртеніп, аяғы күйген.
Елордада наразылық білдірушілер полицейлерге тас пен брусчатка лақтырған. Бұған жауап ретінде құқық қорғау органдары көзден жас ағызатын газ бен таяқ қолданған.
Тулузада рұқсат етілмеген акцияға қатысушыларға қарсы су шашатын көліктер мен көзден жас ағызатын газ қолданылды. Марсельде шамамен 10 мың адам қатысқан шеру қақтығысқа ұласқан. Лионда да полициямен қақтығыстар тіркеліп, тәртіпсіздікке қатысушыларға қарсы көзден жас ағызатын газ қолданылған.
Франциядағы жалпыхалықтық демонстрациялар қыркүйек айының соңында мектеп оқушылары мен студенттердің наразылығынан басталған. Оған мұғалімдердің жетіспеуі, сыныптардағы оқушылар санының көптігі, оқу күнінің ұзақтығы, мектеп ғимараттарының ескіруі және заманауи жабдықтардың болмауы себеп болған.
Сонымен қатар жастар жоғары оқу орындарына түсу кезіндегі қиындықтар мен болашақтарына алаңдаушылық білдірген.
Кейін наразылықтарға басқа да әлеуметтік мәселелерге көңілі толмайтын азаматтар қосылған. Соның салдарынан кейбір акциялар тәртіпсіздікке ұласып, көшелерде көліктер мен қоқыс жәшіктері өртенген. Полициямен қақтығыстар, вандализм және тонау оқиғалары тіркелген.
Франциядағы наразылықтар Еуропаның басқа елдеріндегі жастарға да әсер еткен. Италия, Германия және Бельгияда да осындай акциялар өткен. 31 қазанда Германияның ірі қалаларында жастардың наразылығы тәртіпсіздікке ұласқан.
Дегенмен Франциядағы наразылықтарға қатысушылар саны біртіндеп азайып келеді. Биліктің бағалауынша, 17 қазанда көшеге 550 мың адам шықса, 24 қазанда олардың саны 410 мың болған.
