Екі тікұшақ соқтығысып, бір адам қаза тапты

109
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/2pqv2fz8ti5QIjdkMdb3lX8zwbYjE8AXYdttgnsH.avif

Непалда Эверест тауының маңында екі тікұшақ соқтығысып, салдарынан бір адам қаза тапты. Тағы екі адам жарақат алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Аl Jazeera басылымы хабарлады.

Оқиға сейсенбі күні Эверест базалық лагерінен төмен орналасқан алаңға екі тікұшақ қонуға әрекет жасаған кезде болған. Апат теңіз деңгейінен 4 мың метрден астам биіктікте орналасқан Периче ауылында тіркелді.

Билік өкілдерінің мәліметінше, қаза тапқан адам – Үндістанның 47 жастағы азаматы. Жарақат алғандардың бірі – Жаңа Зеландия азаматы, екіншісі – непалдық ұшқыш. Тікұшақтардың бортында барлығы қанша адам болғаны әзірге нақтыланбаған.

Оқиғаға қатысты видео әлеуметтік желілерде тарады. Алдын ала болжам бойынша, әуе кемелері диспетчерлік мұнараның байланыс аясынан тыс аймақта болғандықтан, ұшқыштар бір-бірінің әрекетін дұрыс түсінбеуі мүмкін. Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз.

Айта кетейік, Эверест маңындағы таулы аймақтарда жол қатынасы шектеулі. Сондықтан туристер мен альпинистерді тасымалдау, сондай-ақ денсаулығына байланысты эвакуациялау үшін тікұшақтар жиі қолданылады. Апат Непалда туристік маусым қызған кезеңде болды.

댓글
기타 기사