«Мәңгілік бала бейне». Жазушының шығармасы ағылшын тілінде жарық көрді

275
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/YuMOitP5qzfr5W3YfWrg7PlIle1bJRxPTHxrHB0j.jpg

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Астанада Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасының қазақ және ағылшын тілдеріндегі спектакль-кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеп.

Іс-шараға қаламгерлер, ғалымдар, театр режиссерлері мен мәдениет саласының өкілдері қатысып, туындының көркемдік және қоғамдық маңызы туралы пікір білдірді.

Екі тілде жарық көрген кітапты «Arman-PV» баспасы әзірлеген. Баспа директоры Дидара Алина шығарманың жаңа форматта ұсынылғанын айтып, оның жуырда Франкфурт халықаралық кітап көрмесінде таныстырылғанын жеткізді. Оның сөзінше, туындыға шетелдік оқырмандар тарапынан да қызығушылық жоғары. Өйткені шығармада Семей ядролық полигонының зардабы мен инклюзия мәселесі қатар қозғалады.

Айта кетейік, «Мәңгілік бала бейне» шығармасының басты кейіпкері – Ләйлә есімді 16 жастағы қыз. Алайда оның дене бітімі сегіз жасар баланың қалпында қалған. Тағдыр тауқыметін тартқан қыз жақындарының кемсітуі мен ауыр сөздеріне төтеп беруге мәжбүр. Жан дүниесін түсінетін жан таппаған ол түнде аймен сырласып, ішіндегі мұңын соған шағады.

Автор Ләйләнің тағдыры арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың жан күйзелісін, қоғамдағы көзқарас пен қарым-қатынас мәселесін көрсетеді. Сонымен қатар шығармада Семей ядролық полигонының адам денсаулығы мен табиғатқа тигізген зардабы суреттелген. Кейіпкердің өмірі арқылы жазушы ядролық сынақтардың салдары тұтас ұрпақтың тағдырына әсер еткенін аңғартады.

Таныстырылым барысында театртанушы Нартай Ескендір де туындының тарихи және көркемдік маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Роза Мұқанова тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қоғамда ашық айтыла бермеген күрделі тақырыптарды көтерген қаламгерлердің бірі. Ал «Мәңгілік бала бейне» – Семей полигонының қасіретін жеке адамның тағдыры арқылы жеткізген маңызды шығарма.

Сондай-ақ театртанушы туындының 1996 жылы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында режиссер Болат Атабаевтың қойылымымен сахналанғанын еске салды. Оның пікірінше, шығармада Ләйләнің тән жарасымен қатар, ішкі жан дүниесіндегі арпалыс та терең бейнеленген.

Жиында сөз алған өзге де мамандар Ләйлә бейнесіне қатысты тың пікірлерін ортаға салды. Олардың пайымынша, кейіпкер тек ядролық сынақтың зардабын тартқан жанның бейнесі емес, сонымен бірге өзіндік ұстанымы мен өзгеше болмысы үшін қоғамға сыймайтын тұлғалардың символы ретінде де қарастырылады.

댓글
기타 기사