Трамп Демократиялық партия өкілдеріне қарсы тергеу жүргізуді талап етті

187
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/wq27dnbsMohYTE5A7pduznOgtQHGc06WuKBruoJT.webp

АҚШ президенті Дональд Трамп Республикалық партия мүшелері мен олардың жақтастарына демократтар тарапынан жасалғаны айтылған қоқан-лоққыларды тексеруді Әділет министрлігіне тапсырды. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Трамптың сөзінше, Демократиялық партия өкілдері АҚШ-тың бас прокуроры мен басқа да жоғары лауазымды тұлғаларға қысым көрсетіп, оларды импичмент жариялаумен және түрлі жазалау шараларымен қорқытқан.

Сондай-ақ АҚШ президенті демократтар Республикалық партияның қаржылық демеушілерін қылмыстық жауапкершілікке тартамыз және түрмеге жабамыз деп сес көрсеткенін алға тартты.

«Бұл – ең жоғары деңгейдегі бопсалау. Мұндай әрекеттер үшін жауапкершілікке тарту қажет», – деп жазды Трамп.

Бұдан бөлек, Ақ үй басшысы Мичиган штатынан сайланған сенатор Элисса Слоткинді де сынға алды. Оның айтуынша, сенатор республикалық көзқарасты ұстанатын жастарға қарсы әрекет етуді көздеп отыр.

Трамптың мәлімдеуінше, демократтар ешқандай заң бұзушылық жасамаған адамдарға да қорқыту сипатындағы хаттар жолдаған.

«Осы мәлімдеме арқылы Әділет министрлігіне аталған ықтимал қылмыстық әрекеттерді дереу тергеуді тапсырамын», – деді АҚШ президенті.

Алайда Трамп өз жазбасында айтылған айыптауларды растайтын нақты дәлелдер ұсынбаған. Сондай-ақ әзірге осы мәлімдемеге байланысты ресми тергеудің басталғаны жөнінде ақпарат жарияланған жоқ.

Айта кетейік, Трамптың бұл мәлімдемесі АҚШ-тағы аралық сайлаудан кейін саяси күштердің арақатынасы өзгерген кезеңде жасалды. 3 қарашада өткен сайлау қорытындысы бойынша Демократиялық партия Конгрестің Өкілдер палатасы мен Сенатында басымдыққа ие болғаны хабарланған еді.

Конгрестің жаңадан сайланған құрамы 2027 жылдың қаңтарында өз жұмысына кіріседі.

댓글
기타 기사