Жарылыстан 6 адам қаза тапқан соң. Грузияда 22 қараша ұлттық аза тұту күні болып жарияланды

198
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/mukVsNaW0PmBg3zPdFWronvYn1mt9534xAHDaEm2.webp

Фото MIAofGeorgia / Facebook.com

Грузия билігі Тбилиси қаласының шетіндегі Квемо-Поничала ауданында болған жойқын газ жарылысына байланысты 22 қарашаны ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Қайғылы оқиға салдарынан тұрғын үйдің бір бөлігі қирап, алты адам көз жұмған. Бұл туралы ел үкіметінің әкімшілігі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Оқиға 19 қараша күні таңертең болған. Алдын ала болжам бойынша, тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде орналасқан жылыту құрылғысының ақауынан газ сыртқа шығып, жиналған газ жарылысқа себеп болған. Соққының күшті болғаны соншалық, ғимарат шатырының бір бөлігі мен қабатаралық жабындары опырылып түскен.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, жарылыс салдарынан алты адам, оның ішінде бір бала қаза тапқан. Тағы бес тұрғын түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің арасында жарылыс болған пәтердің иесі де бар. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр.

Оқиға орнында іздеу-құтқару жұмыстары шамамен 15 сағат бойы жүргізілген. Ғимараттың қалған бөлігінің де құлау қаупіне байланысты мамандар үйінділерді арнайы техникамен емес, қолмен аршуға мәжбүр болған. Құтқарушылардың табанды жұмысының нәтижесінде үш жасар қыз бала үйінді астынан тірідей шығарылды.

 Грузияның бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бүлдіршіннің қазіргі жағдайы қанағаттанарлық.

Тбилиси мэриясының мәліметінше, ғимараттағы алты кіреберістің екеуі тұруға қауіпті деп танылған. Қауіпсіздік мақсатында аталған бөліктерде тұратын 28 отбасы уақытша қонақүйлерге орналастырылды.

Аталған оқиға бойынша Грузия Қылмыстық кодексінің 240-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап құрылыс, тау-кен өндірісі және басқа да жұмыстар барысында қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейді.

댓글
기타 기사