Елде жемқорлықтан түскен ақшаға мектеп салынып жатыр

188
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HaA4hKSCe2ELQYh4dq3HxmyRnuytReggvpxBgrGJ.webp

Елде жемқорлыққа қатысы бар тұлғалардан тәркіленген қаржыдан 90 мектеп қаржыландырылған, деп хабарлайды “Адырна”. 

Оның 83-і пайдалануға берілді.

Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасовтың мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылы арнайы қор құрылған. Тәркіленген қаражат осы қорға аударылып, білім беру нысандарын салуға және жөндеуге бағытталады.

«Қорға осы уақытқа дейін шамамен 159 миллиард теңге жиналды. Бұл қаражат есебінен 100 мыңға жуық оқушыға арналған 90 білім беру нысанының құрылысы қаржыландырылды. Оның 83-і пайдалануға берілді. Қалған жеті нысанның құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы, соңғы жеті жылда Қазақстанда 1 миллион оқушыға арналған 1300-ден астам орта білім беру ұйымы салынды», – деді вице-министр.

Оның айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде үш ауысымда білім беретін мектептердің саны бес есе азайған.

Соған қарамастан, елімізде жаңа мектептер салу жұмыстары жалғасады. Оқу-ағарту министрлігінің болжамынша, алдағы уақытта туу көрсеткішінің өсуіне байланысты оқушы орындарына деген қажеттілік артады. Сондықтан министрлік бос орындардың артық болуынан гөрі, қазіргі тапшылықты азайтуға басымдық беріп отыр.

Сонымен қатар апатты жағдайдағы мектептердің саны екі есе қысқарғанымен, елімізде әлі де 27 осындай білім беру мекемесі бар.

Оқу-ағарту министрлігі инвестициялық саясат және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Айқожа Әбсадықовтың айтуынша, жыл соңына дейін апатты жағдайдағы төрт мектептің мәселесін шешу жоспарланған.

«Алдымен арнайы мамандар ғимараттың техникалық жағдайын тексереді. Егер мектеп апатты деп танылса, оқушылар уақытша басқа ғимаратқа көшіріледі. Кейін ескі ғимарат сүріліп, оның орнына жаңа мектеп салынады», – деді Айқожа Әбсадықов.

댓글
기타 기사