"Арыздасу" көп айтыла бермейтін бірақ «Ар ісі» деген ұғымнан шыққан салт. Қайтыс боларын сезген адам бар күш-жігерін жинап туған-туысқандарымен, жақындарымен, жора-жолдастарымен ақырғы рет сөйлеседі. Бұл әдет-ғұрыпты қазақта «арыздасу» деп атайды. Арыздасуға әдетте рухы биік кісілер бара алады. Науқасы меңдеп кетпей тұрғанда өзінің өмірден өтіп бара жатқанын сезіп соңғы рет бақұлдаспақ болып жұртшылықты жинайды. Осылайша жарық дүниемен, бүкіл елімен қош айтысады. Өмірін ой елегінен өткізіп соңғы сөзін айтады. Орындалған, орындалмаған арманын, өсиетін баяндай отырып қоштасады, кейде артық кеткені үшін, баз біреулерді өкпелеткені үшін кешірім сұрайды. Бұлай ету екінің қолынан келе бермейді. Бұндай қадамға баратын адам басқаларға мына жарық дүниеде қалай өмір кешу керек екенін меңзейді. Жеке адамдарға – дос, құрдастарына жеке назы, балаларына айтар өсиетін арнайды. Арыздасушының бұл сөзіне жиналған көпшілік «бақұл болыңыз», «қияметте жолығайық» деген сөздерді айтады. Өтініштер болса балалары мен басқалар бәрін орындауға уәде етеді. Бұл дәстүр адамдардың қиын жағдайда бірі-біріне медеу болу арқылы қоғам мүшелерін бұрынғыдан да жақындастыру үлгісі болып табылады.
Арыздасу алыс, қауіпті деген жолға шығар алдында да айтылады. Бұндай жағдайда, үлкендерден бата алмақ үшін, жұртпен қоштасу үшін, туыстары өтініш, қызметшілеріне тапсырмалар беру үшін орын алады. Қазақтың бұл дәстүрінің байырғы заманда пайда болғаны «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан білуге болады. Қозы Көрпеш Сарыбайұлы қалыңдығы Баян Қарабайқызын іздеп шыққанда ел-жұртымен арыздасуы былай басталады:
Жылқыдан сол күреңді алып келді,
Ерттеп, дайын сапарға қылады енді.
«Арыздасып, қоштасып, қаламын» деп,
Бас Тайлақ, ел-жұрты – бәрі тұрды.
- Айтар сөзім бар, Тайлақ, биім саған,
- Мен келдім қалайын деп сені көріп.
Бердалы ОСПАН,
"АДЫРНА" ұлттық порталы.