Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Кремль қабырғасындағы белгісіз солдаттың қабіріне гүл қою рәсімі кезінде жерде жатқан Қырғыз Республикасының туы бейнеленген жапсырманы көтеріп алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл сәт шетелдік мемлекет басшыларымен бірге естелік фотоға түсу рәсімі кезінде болған.
Телекамералардың объективіне түсіп қалған кадрларда Жапаровтың Си Цзиньпин, Владимир Путин, Қасым-Жомарт Тоқаев және басқа да мемлекет басшыларымен бір қатарда тұрғаны көрінеді.
Қонақтар хаттамаға сәйкес суретке түсу үшін арнайы белгіленген орындарға жайғасып жатқан сәтте Садыр Жапаров аяқ астында жатқан жапсырманы байқап, иіліп оны жерден алып, бүктеп қалтасына салған.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жапсырма Қырғыз Республикасының туы болғанына сенімді. Әлеуметтік желінің қырғыз тіліндегі сегментінде бұл жағдай кәдімгідей реакция тудырды. Көпшілік президенттің әрекетіне сүйсінгенін білдірген.