Amnesty International ұйымы елдегі наразылыққа қатысты ұсталғандар мен қаза тапқандар туралы толық ақпарат беруді талап етті

2434
Adyrna.kz Telegram

"Қазақстан билігі соңғы бір жарым апта ішіндегі жаппай наразылықтан ақпарат таратқан немесе оған қатысқан журналистер мен белсенділерді босатуы тиіс, наразылықпен байланысты барлық ұстаулар туралы ақпаратты жариялап, барлық ұсталғандардың құқықтарын бұзбауы керек". Халықаралық Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымының сайтында жарияланған мәлімдемеде осылай деп айтылған деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Аzattyq.org" сайтына сілтеме жасап.

Құқық қорғау ұйымы сонымен бірге Нұр-Сұлтанды адам құқығының бұзылғаны жөнінде хабарламалардың барлығын (бнаразыларға қару қолдану да бар) жан-жақты тексеріп, адам құқығын құрметтеуге шақырды.

"Қазақстанда жағдай сәл тынышталғанмен дағдарыс әлі аяқталған жоқ. Қазір тәуелсіз ақпаратқа еркін қол жеткізу, адам құқығын бұзғандарды жауапқа тарту, биліктің адам құқығын құрметтеу міндетін мойнына алуынан асқан маңызды нәрсе жоқ" — деді Amnesty International ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Мари Стразерс.

Наразылық пен тәртіпсіздіктің салдарынан қанша адамның қаза болғанын Қазақстан билігі әлі күнге дейін жариялаған жоқ. Елде із-түзсіз жоғалған немесе ұсталған, соққыға жығылған белсенділер мен тұрғындар көп. Бұған дейін 164 адамның қаза болғаны айтылғанмен кейін жоққа шығарылған

"Биліктің тәртіпсіздік құрбандары мен олардың қандай жағдайда қаза болғаны жөнінде ләм-мим демеуі ашындырады. Билік қанша бейбіт тұрғынның қаза болғаны туралы ақпаратты дереу жариялауы тиіс" — деді Мари Стразерс.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер