Ораз Әлімбеков: "Қазақстанда қанды қырғын болғанда Бас мүфти қайда болды?"

4529
Adyrna.kz Telegram
Қазақстанда қаңтарда басталған бейбіт наразылық митингісін қанды қырғынға ұластырған арандатушылардың діни радикалдар, атап айтсақ, сәләфилер екенін бәрі біледі. Діни салаға монополия жасап отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) соңғы жылдары сәләфилермен жымдасып, сәләфилік қорлармен меморандум жасағанын, Қазақстандағы мұсылман жамағатының радикалданып бара жатқанын, мұның соңы жақсылықпен аяқталмайтынын дінтанушы Асқар Сабдин айтудай-ақ айтты, жазудай-ақ жазды. Оның жанайқайына мемлекет құлақ асқан жоқ. Асқар Сабдиннің қазіргі бас мүфти Наурызбай Тағанұлы Өтпеновке қарсы айтылған сынын «бұл жеке басараздық» деп елемеді...
Есесіне, «Наурызбай Өтпенов Мұхамеджан Тазабековке матруди ақидасын мойындатып, оны ханафи жолына салды», «ҚМДБ молдалары пәленбай мың радикал исламисті райынан қайтарды, ақидасын өзгертті» деп негізсіз даурығудан аса алмады. Бұның бәрі өткенді өкінішпен еске алу ғана... Негізгі мәселеге көшейін.
Алматыда қанды қырғын басталғанда ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай Өтпенов қайда болды? Бұл сұрақ дәл қазір қазақ қоғамы үшін де, мұсылман жамағаты үшін де, Ақорда үшін де маңызды. Саяси жүйеге ғана емес, тез арада дін саласына да (дәлдеп айтсақ, діни идеологиялық салаға) түбегейлі реформа қажет.
Мүфтият маңындағы дереккөздің мәліметінше, Бас мүфти Наурызбай Өтпенов қаңтардың 4-нен 5-не қараған түні «кіші қажылық жасау үшін» Қайрат Сатыбалдының VIP-қажылыққа арналған ұшағымен Сауд Арабиясына сапарлаған. Бас мүфтидің жанында Жанат Түсіпбеков (талайдан бері құқық қорғау органдарын басқарып жүрген Рашид Түсіпбековтің ұлы) болған. Жанат пен Қайрат – өзара құда (Жанаттың ұлы Жәңгір Қайраттың қызы Дарияға үйленген). Ұшақ жолай Дубайға аялдаған. Олардың Дубайда кіммен кездесіп, қандай әңгіме-дүкен құрғаны жөнінде мәлімет жоқ.
Бас мүфти бастаған кіші қажылық жасаушы топты Арман Тоғаев қарсы алған, сақалдылар сол жерде кеңес құрып, Қазақстандағы жағдайды талқылаған.
Арман Тоғаев – Атыраудың тумасы, самбо спорты федерациясын басқарады. Ол бұрын екі мәрте қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Арман Тоғаев Арман Жұмагелдиевтің («Жабайы Арман») Батыс Қазақстандағы «оң қолы» саналады. «Екеуінің басын біріктіріп тұрған сәләфизм идеологиясы» дейді дереккөз.
Бас мүфти Наурызбай Өтпенов «кіші қажылықтан» қаңтардың 8-і күні, терроршылар жеңіле бастаған соң, «болары болып, бояуы сіңген» соң ғана елге оралған. Ол жұртқа басу айтқан мәлімдемесін 10 қаңтарда жариялады.
Қазақстан халқына қауіп төніп, діни радикалдардың қырғынына ұшырап қанға боялып жатқан тұста Бас мүфтидің Дубайға, одан әрі «кіші қажылыққа» кетіп қалуының себебі не? Осындай қиын сәтте Елбасының елде болмауы түсінікті, бүлінген елден Дінбасының тұра қашқаны қай сасқаны? Мұнда қандай гәп бар? «Ұрының к*ті қуыс» деген халық нақылы рас болғаны ма?
«Елімізді діни радикалдар, терроршылар шабуылдады» деп әлдебір деструктивті сыртқы күштер жөнінде мәлімдеп жатқан Ақорда ең алдымен осы сұраққа жауап іздеуі тиіс және әр нәрсені өзінің атымен атап, қасіретті жағдайдың себебін халыққа түсіндіруі керек. Олай болмаған жағдайда, дінтанушы Асқар Сабдиннің және басқа да сарапшылардың көмегімен ҚМДБ молдалары мен Бас мүфтидің қандай сәләфилік топтармен байланысы бары жөніндегі ұзынсонар құжаттарды халық назарына ұсынудан басқа амал қалмайды.
Ораз ӘЛІМБЕКОВ,
журналист.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер