Саясат Нұрбек: Алда қиын кезең келе жатыр, тіпті ашаршылық болуы мүмкін

18646

"Адырна" ұлттық порталының «Таразы» бағдарламасында кезекті қонағымыз — политолог,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Саясат Нұрбек. Сұхбатты жүргізуші — Арман Әубәкір.

— Жақында ғана депутат болып сайландыңыз. Бір деңгейден басқа деңгейге ауысып жатырсыз. Айналаңыздағы адамдардың психологиясында қандай да бір өзгеріс байқала ма?

— Адамдардың маған деген қарым-қатынасы бірінші күннен-ақ өзгерді деуге болады. Өкінішке қарай, соңғы жылдары қазақстандықтардың, оның ішінде қазақтардың ментальды күйі дұрыс болмады. Бодандық сана-сезім деуге болмайтын шығар, бірақ біз тәуелсіз бола алмадық, түбегейлі өзгермедік. Мәселен, біз алғашқы күннен бастап-ақ депутат болған адамнан бірдеңе күтеміз. Дәл солай менің жақындарым мен таныстарым да маған өз өтініштері мен тілектерін жаудырды. Олардың арасында «Депутаттық сауал деген шоқпарың бар ғой» дейтіндер де болды. Менің жұмыс жасағаныма бір ай болды, осы аралықта жұмысқа орналастыру, мемлекеттік органдарды жазалау, сот жүйесінде әділеттілікке қол жеткізу сияқты мәселелер бойынша адамдар көп жүгінуде. Қазір адамдардың сабырлылық мерзімі қатты қысқарған. Себебі бір айда не істедіңіз деп сұрайтындар көп. Сондықтан саясатты армандап жүрген жастарға айтарым, саясатта кез келген шешімді қабылдайтын адам болу оңай емес. Популист болу да оңай емес.

Негізі қазаққа батыр болу ғана оңай. Мәселен, Зеленскийдің кеңесшісі Арестович өз сұхбатында мынадай бір қызықты факт айтқан болатын. Оның айтуынша, украиналықтардың психологиялық орташа жасы — 11-де. 11 жастағы баланы алдау, арандату оңай. Ал біздің қазақтың психологиялық жасы одан да төмен. Өйткені біз тез алданамыз.

— «Жаңа Қазақстан құрамыз» дегеннен кейін көп ұзамай Алматы қаласында бұрынғы «Нұр Отан» партиясының ұрандарына ұқсас акция өтті. Соны естіп, білген халық «Аманат» партиясында ештеңе өзгермеген ғой, Жаңа Қазақстанда ескі әдісті қолданып жатыр» деп пікір білдіріп, бір сенімсіздік пайда болғанын аңғартты. Расында да партия нақты іспен, әрекетпен, елге пайдасы бар дүниемен көрінуі керек емес пе еді, қалай ойлайсыз?

— Біріншіден, Алматыда 7,5 мың адамды жинаған, әкімдік ұйымдастырған концерт өтті. Ал ғылым ордасының алдында болған митинг «Аманат» партиясының шарасы еді. Өкінішке қарай, концертті партияның шарасы деп ойлады. Ал митингке 800-ге жуық адам жиналды. Иә, оны мойындау керек, өзгеру өте қиын. 30 жылда қалыптасқан, бір бағытта келе жатқан адамдарды, жалпы мемлекеттік аппаратты бірден өзгерту мүмкін емес. Меніңше, бұл инерция әлі жалғасады. Адам 30 жыл үйреніп қалған жағдайды бір күнде өзгерте алмайды, бұл процеске бірнеше жыл керек болуы мүмкін. Сондықтан біз Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, түбегейлі стандарттарды өзгертуден бастауымыз қажет.

— Сіз Жаңа Қазақстанды қалай елестетесіз?  

— Шын мәнінде, бұл сұраққа нақты, жүйелі жауап жоқ. Бұл біздің Президентіміздің үндеуі деп түсінуіміз керек. Мәселен, Мемлекет басшысы өз Жолдауында жаңа саяси реформаларды жүзеге асыруды тапсырды. Қазір әлеуметтік, экономикалық реформалар да дайындалып жатыр. Бұл тек қана Президенттің бір бейнесі, арманы болмауы керек, біздің халқымыздың ұжымдасып, топтасып бірауыздан шыққан көзқарасы болуға тиіс. Неліктен бұған дейін қабылданған «Мәңгілік ел», «Қазақстан—2050»  атты тұжырымдамалық құжаттарды халық қабылдай алмады? Себебі бұл құжаттар белгілі бір органдардан, партиялардан жиналған ұсыныстар негізінде ғана жасалған.

Ал Президенттің үндеуін біз әр адамға жеткізуіміз керек. Біз бұл үндеуге қарапайым адамдардың тілек-ұсыныстарын кіргізуіміз керек.

Мәселен, мен үшін «Жаңа Қазақстан» тұжырымы қаншалықты маңызды? Біріншіден, ол — ашық, саяси тепе-теңдікті сақтаған, мықты саяси жүйе. Президентіміз бұл бағытты алдымен саяси жүйеден бастады. Өкінішке қарай, елімізде бүгінге дейін сақталған суперпрезиденттік жүйе тепе-теңдікті бұзып келді. Себебі бүкіл билік бір адамның қолында болды. Бұл модельдің жаман жері мықты азаматтар өздерінің жеке идеяларын, көзқарасын айта алмады, оған мүмкіндік берілмеді. Мәселен, мықты мемлекеттер институттар жақсы дамыған, олар қалыптасқан сот, экономикалық жүйесімен күшті. Институт — ойын қағидаттары, ережелері. Ал бізде экономикалық ,әлеуметтік, білім саласындағы ережелер бірдей емес. Сондықтан біздің елде алдымен осы ережелер өзгеруі керек. Менің арманым — Жаңа Қазақстанда сол институттарды құру, қалыптастыру, олардың жұмысын күшейту.

— Сіз қалай ойлайсыз, мемлекеттік қызметшілер, әкімдік қызметкерлері Президенттің Жолдауын түсіне алды ма?

— Иә, шындығында да, биылғы Жолдауды түсінбей жүргендер көп. Негізінде, Жолдау мәтінінде Президенттің партиядан шықпайтындығы, мүшелілігін, төрағалығын уақытша тоқтататындығы айтылған. Қазір депутаттар сол заңдарды қабылдауымыз керек.

Мәжіліс өзіне түскен ауыртпақшылықты, жауапкершілікті түсінеді. Мәселен, қазір спикеріміз Ерлан Қошанов мықты шешімдерді қабылдап, Президентімізді қолдап жатыр. Алдағы уақытта Мәжілістің жанында қоғамдық палата ашылады. Оның құрамына мықты сарапшылар, қоғамдық белсенділер кіреді. Қоғамдық палата негізінде заңдардың тұжырымдамасын ашық түрде талқылайтын боламыз. Мысалы, алдағы уақытта Парламенттің қабырғасына кез келген адам келіп, ашық түрде пікірталас жасауы мүмкін. Екіншіден, «Сарапшы сағаты» сияқты пікірталас ұйымдастырып, мықты сарапшылар депутаттар алдында дәріс өткізуі де мүмкін. Қысқаша айтқанда, біз қазіргі таңда Мәжілісте талдау-зерттеу «бұлшықеттерін» өсіруге тырысып жатырмыз. Себебі қазір Мәжіліс көп жағдайда бейтарапсыз баға бере алмайды, барлық ақпарат бізге Үкіметтен келеді. Сондықтан алдағы алты ай-бір жылда Мәжілістің келбеті мүлде басқаша болмақ.

Алдағы 5-10 жылда қандай мамандықтарға сұраныс көп болады, қандай мамандықтардың жойылып кетуі ықтимал?

— Біз соңғы жылдары «Жаңа мамандықтар атласы» жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл туралы enbek.kz-atlas сайтында толық жазылған. Сол жерде мамандықтар жайлы зерттеудің қорытындысын да алуға болады. Мәселен, мұнда 463 мамандық туралы зерттеулер жазылған. Оның ішінде 129-ы  «өліп жатқан» мамандық болса, 95-і — өзгеріп жатқан мамандық,  ал 260-тан астамы — жаңа мамандық.

Мен бес үлкен саланы айта кеткім келеді. Алдыңғы орында ақпараттық технологиялар саласы тұр. Мәселен, елімізде кәсіби ІТ мамандар тапшы. Екінші бағыт — киберқауіпсіздік саласы. Қазір әлемде, оның ішінде елімізде киберқылмыс бойынша деректер көбейіп отыр. Үшінші бағыт — коммуникация. Қазір ақпараттың көлемі көп. Сондықтан сервирлік инфрақұрылымға мамандар өте қажет. Сондықтан сервирлерді жоспарлайтын, олардың архитектурасын дұрыс орнататын мамандар болашақта үлкен сұранысқа ие болмақ.

Екінші үлкен сала — денсаулық сақтау саласы. Мәселен, Қазақстанда эпидемиология, вирусология, микробиология, генетика салаларында мамандар өте аз. Біз пандемия кезінде мұны түсіндік.

Үшінші орында тұрған сала — білім саласы. Мысалы, былтыр елімізде 423 мыңнан астам бала дүниеге келген. Мұндай рекорд кеңес заманы кезінде болған, нақтырақ айтсақ, 1987 жылы 417 мың бала өмірге келген. Президентіміз бұған дейін елімізде бір мың мектеп салу керектігін тапсырған болатын. Қазіргі таңда Қазақстанға мың мектеп те жетпейді. Себебі бір ауысымды мектептермен қамту үшін кемінде 3,5 мың жаңа мектеп салуымыз керек. Сол мың мектепті мамандармен қамту үшін 100 мың мұғалім қажет. Ең қуаныштысы, қазір ұстаздардың мәртебесі артып, жалақысы артты.

Төртінші сала — көлік-логистика саласы. Қазір кез келген тауарды тұтынушыға жеткізу үшін жаңа технология қажет. Міне, осы тұрғыда мамандар бізде тапшы.

Бесінші сала — ауыл шаруашылығы саласы. Бұл сала алдағы бес жылдықта ең маңызды салаға айналуы мүмкін. Себебі қазір елімізде генетиктер, мал дәрігерлері, агрономдар жетіспейді. Алда қиын кезең келе жатыр, тіпті ашаршылық болуы мүмкін. Сондықтан бүгіннен бастап бұл саланы дамытуды қолға алуымыз керек.

Бүгінге дейін Ресей мен Украина дүние жүзінің 30 пайызын май, ұн, бидай сияқты өнімдермен қамтып келді. Енді биыл Украинада дұрыс егін болмайды, соның кесірінен біздің елімізде де қиындықтар болуы мүмкін.

Жалпы алдағы бес-он жылдықта сіз осы мамандықтарды меңгеріп, оқысаңыз, болашағыңызға сеніммен қарай аласыз.

— Әлемде дамыған мемлекеттің қай-қайсысын алсақ та ғылымға ерекше көңіл бөледі. Ал Қазақстанда ғылым саласы қарыштап дами алмай келеді. Ғалымдардың статусы жоқ, жалақысы аз. Жаңа Қазақстанда ғылым саласында қандай оң өзгерістер болады?

«Жаңа Қазақстан» ғылыми Қазақстан болуы керек. Ғылымды бағаламаған, түсіне алмаған кезде біз қазіргі жағдайға жетеміз. Мәселен, біздің басшылар қиын жағдайда, себебі бізде сценаристика жоқ, бір шешім қабылдау үшін оның салдары, қауіп-қатері қандай болатынын білмейміз. Қазір бізде шешімді шешу үшін жоспарлай білу қабілетіміз бірнеше аймен, әрі дегенде бір жылмен ғана шектеледі. Сондықтан ғылымға ден қоюымыз керек. Ал дамыған елдер 20, 30, 50 жылдық страгетиямен өмір сүреді.

Соңғы 3-4 жылда мен «форсайт» аталатын болжам жасайтын ғылымның бір түрімен айналысып жүрмін. Дамыған елдер «форсайтты» кеңінен қолданады. Осындай болжамдар, сараптамалар біздің елімізде де жүзеге асырылса екен деймін. Жалпы біз ғылымды қолданбалы-практикалық тұрғыда дамытуымыз керек. Академия жұмысын жандандырып, ғалымдардың мәртебесін көтеруіміз керек.

Сұхбатыңызға рақмет! 

 

Сұхбаттасқан Арман Әубәкір,

Видео-оператор, монтаждаушы Бауыржан Жаһанұлы.

Сұхбаттың жазбаша нұсқасын әзірлеген Данагүл Қазихан,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket