Шымкентте ірі АГРС-тің салыну нәтижесінде шалғай елді мекендерде газ қосылды

2148
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Шымкент қаласының іргесінде орналасқан Асар-2 елді мекені тұрғындарына табиғи газ беріле бастады. Бұл елді мекенде қазірдің өзінде 2700 үй бар. Мұнда 10 мыңнан астам адам өмір сүреді. Ұзақ жылдар бойы көмір жағып, күл шығарып әуреленген тұрғындар енді көгілдір отынның игілігін көре алады.

- Өткен жылы Асар-2 елді мекеніне ішкі газ жүйесі жүргізіліп, құбырлар тартылған болатын. Алайда, Шымкент қаласы бойынша газ тапшылығы болып, қысымның төмендеуіне байланысты жаңа елді мекендерді газға қоса алмай келгенбіз. Жақында қаламызда №3 автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды. Оның қуаттылығы сағатына 250 мың текше метр. Бұл елдегі ең ірі АГРС-тердің бірі. Осыған байланысты шаһарда газ тапшылығы проблемасы толық шешілді. Енді жаңа елді мекендерге газ беріле бастады, - дейді Шымкент қаласы әкімдігі энергетика басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков.

Бүгін Асар-2-дегі 13 үйге көгілдір отын берілді. Абоненттеу жұмыстары «ҚазТрансГаз» АҚ-ы тарапынан жүзеге асырылып жатыр.

Үйіне газ кіргізіп, қуанышы қойнына сыймай жүргендердің бірі – Байғараева Тұрсынай. Бес баланың анасы табиғи газдың келуі тұрмысымызды анағұрлым жеңілдетеді деп есептейді.

- Қыс мезгілінде үйді жылыту үшін көмір тасып әуре болушы едік. Өткен жылы көшемізге газ құбыры тартылып жатқанын көріп қатты қуандық. Енді, міне, көгілдір отын үйімізге дейін жетті, – дейді ол.

Жақында Асар-2-ден бөлек, Бадам-195 орам, Достық, Азат және Тассай шағын аудандарына да газ беріле бастайды. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2021 жылы бұл елді мекендердің барлығында ішкі газ жүйелері тартылған. Ал, АГРС-3-тің іске қосылуымен олардың барлығына газ беру мүмкіндігі туындап отыр. Жалпы, жыл басынан бері 2 мыңнан астам тұрғын газ алу үшін техникалық шарт жасаған.

Бір ескеретін жәйт, мемлекет газ құбырын көшеге дейін жеткізеді. Тұрғындар оны өз қаражаты есебінен үйіне кіргізіп, монтаждау жұмыстарын жүргізуі керек. Бүгінде бұл қызметтің ақысы Шымкент қаласында шамамен 80 мың теңгені құрайды екен.

Айта кетейік, қазіргі уақытта қала тұрғындарының 93 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 94,7 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер