Бақанас ауылында Қонаевқа ескерткіш қойылды

1230

Алматы облысы Балқаш ауданының Бақанас ауылында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың ескерткіші ашылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Халқымыздың біртуар перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына биыл 110 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен Қапшағай қаласына Қонаевтың есімі берілді. Бүгін, міне, қазақтың аяулы перзентіне зор құрмет көрсетіліп, еңселі ескерткіш орнатылды. Ірі тұлғалардың ерен еңбектерін үлгі етіп, ұлыларды ұлықтау – басты парызымыз. Дінмұхамед Қонаевтың бойындағы ұлтжандылық жастарға жұғысты болсын! Қазақтың дара тұлғасының ескерткіші құтты болсын!» – деген Қанат Бозымбаев ескерткіш авторлары мен халықаралық «Дінмұхамед Қонаев қорына» алғыс айтты.

Ескерткіш күрті гранитінен жасалған. Тұғырының биіктігі - 2 м, мүсінінің биіктігі - 3,30 м, тұтастай алғанда – 5,30 м. Мүсіннің авторы – Алтай Бейсенов, сәулетшісі – Бекзат Бейсенова. Ескерткіш демеушілер есебінен тұрғызылды.

Дінмұхамед Ахметұлының ұрпағы Эльдар Асқарұлы Қонаев бұл күнді - тарихи күн деп бағалады. Дінмұхамед Қонаев үшін ата-бабасының туған жері Бақанастың, ондағы жұртшылығының жөні мен жолы әрқашан ерекше болғанын атап өтіп, халықтың ниеті мен пейіліне әулеттері атынан ризашылық білдірді.

Жиын соңында Дінмұхамед Қонаев рухына құран бағышталып, ас берілді.

Еске сала кетейік, Қапшағай қаласына Қонаевтың аты салтанатты түрде берілген болатын.

Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket