Генерал Сабыр Рақымов қалай қазақ болды?

3668
Adyrna.kz Telegram

 «Әсілхан Оспанұлы деген доцент Шымкентте    тұрады. Сол: «Мені атса атып жіберсін, басқалар күймесе мен күйемін, деп әлгі кісі жазды».

      Құралай Натұллаева, генерал С.Рахымовтың жұбайы. «Қазығұрт қыраны» деректі фильмі.                                                                                                                                               

 

Бейбіт кезде де ерлік жасауға орын бар. Мен сіздерге осындай бір ерліктің тарихын баян етпекпін.

Бүгінгі таңда Қазақстанда Ұлы Отан соғысының Батыры генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін жұрттың бәрі біледі. Оны мақтаныш тұтады. Бірақ бұрын, көп жылдар бойы ресми құжаттарда батырдың ұлты басқа деп жазылып келді. Иә, сонымен генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін халыққа кім, қашан жеткізді?

Батырдың ұлты қазақ екенін 1972 жылы жариялаған ғалым, шымкент педагогикалық институтының оқытушысы Әсілхан Оспанұлы. Осы жерде ғалымның кім екенін қысқаша айта кетуді жөн көрдім. Әсілхан Оспанұлы ұлы жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтың өзі таңдап алған соңғы аспиранты. Ол жүз жасаған Жамбылдың:

Қаздай қалқып ерінбей,

Өлең тердім жасымнан...

Майлықожа, Құлыншақ –

Пірім еді бас ұрған. –

деп басын иіп ұстаз тұтқан оңтүстіктің жыр сүлейлері Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Құлыншақ Кемелұлымен қатар өлең сөздің зергерлері Ергөбек Құттыбайұлы, Мәделі Жүсіпқожаұлы, Молда Мұса Байзақұлы, Нұралы Нысанбайұлы  тағы басқа да ақиық ақындардың шығармаларын зерттеуге бүкіл саналы ғұмырын арнаған ғалым, қоғам қайраткері, ұлжанды азамат.

Суретте: генерал Сабыр Рақымовтың жүбайы ғалым Әсілхан Оспанүлының иығына батырдың ұлты қазақ екенін дәлелдегені үшін иығына шапан жапты. Солдан оңға қарай: С.Рақымовтың жұбайы Құралай апай, ғалым Әсілхан Оспанүлы, ғалымның жұбайы Оразкүл Батырбекқызы.

Ол кісіні бүкіл елімізге белгілі ұлы тұлғалар: мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов, батыр Бауыржан Момышұлы, ақындар Әбділда Тәжібаев, Ақсар Тоқмағамбетов, сыншы Мұхаметжан Қаратаев, ғалымдар Рахманқұл Бердібай, Мардан Байділдаев тағы басқалар сыйлап, жақсы қарым-қатынаста болып дастарханынан дәм татқаны белгілі.

Әсілхан Оспанұлы генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін 1972 жылы  9 мамыр күні «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс мерекесіне арналған санында «Қазығұрт қыраны» атты мақаласында жариялады. Ғалымның осы мақаласы бір айдан соң республикалық «Лениншіл Жас» газетінің 6 маусым күнгі санында жарық көрді.

Иә, сонымен бұл қалай болған еді?

Ғалым 1971 жылы балалық шағында бірге өскен досы Адамбек Нысанбаевтың үйінде қонақта болады. Әсілхан Оспанұлы болған жайды «Қазығұрт қыраны» мақаласында былай деп баяндайды:

«Балалық шағымыздан бiрге өскен, облысымыздың Ленин аудандық халық қазысы болып жүрген Адамбек Нысамбеков жайшылықтағы жайдарлығына басып күлiмдей отырып, ортамызға бiр сұрақ тастады:

Сендер генерал Сабыр Рақымовтың осы бiздiң ауылымыздың Қазығұрт бауырындағы Жаңабазар жерiндегi «Коммунизм» совхозы орналасқан ортадан екенiн бiлесiңдер ме?

?!

Сенбесеңдер мына кiсiден, сол совхоз парткомының  хатшысы Арапбай Тұрлыбековтен-ақ сұраңдар.

Арекең бiздiң сұрағымызға өз бiлгенiнше тыңғылықты жауап қайтарды. Одан есiтiп, бiлгенiмiз, – аталған совхоздың тау жақ түкпiрiнде орналасқан Жамбыл атындағы бөлiмшесі бір кезде сондағы ұлы жүз Суан тайпасының ру атымен Бағыс атанғаны, генералдың шөбере туыстары сонда тұратыны жайындағы мәлiметтер болды».

Осы әңгімеден соң қай мәселеге болса да салиқалылықпен жете назар аударатын ғалым, бұл мәселенің үдесінен шығуға бел байлайды. Айта кету керек, бұл КСРО-ның сол кездегі билігінің саяси ұстанымы бұндай мәселені көтеруге оң көзбен қарай қоймайтын кез.

Генерал Сабыр Рақымовтың  ұлты қазақ екенін дәлелдеу оңайға түспейтінін жақсы түсінген ғалым, өзінің ізденістерін ең алдымен батырдың туған-туысқандарымен кездесуден бастады. Бұл кездесу жайында ғалым былай жазды:

«...1971 шi жылғы жазғытұрым аталған ауылға бардық. Түскен үйiмiз генералдың шөбере ағасы Байдар ақсақалдың үйi болып шықты. Еңкiш тартқаны болмаса, келбетi келген, келiстi кәрие екен. Тоқсан екiдемiн дегенiмен, дилы қалпы сүйсiндiрдi. Бұйымтайымыздың жайын естiген соң, бұрынғыдан да жадырап кеттi.

Жөн, жөн, шырақтарым, – деп алды да, бар бiлгенiн баяндауға кiрiстi.

Сабырдың әкесi өзбектер айтып жүргендей Омар емес, Омарқұл. Ол

кiсi менiң әкем Құлымбетпен немере. Омарқұлдың әкесi менiң бабам Қалшора бiр әке, бiр шешеден туған. Омарқұл ағамыз бертiнде, 1918-1919 жылдардың аралығында дүние салды».

Ғалым Байдар ақсақалдан мүмкіншілігінше көп білуге тырысады. Батырдың тегі неге «Рақымов» болып жазылып кеткені де ғалымның назарынан тыс қалмайды:

«– Сабыр iнiмдi екi ененi бiрдей емген телқозы десе де болады, – деп бiр күлiп алды Бәкең.

— Ол өзi қазақ перзентi болса, өзбекке жиен. Өйткенi оның шешесi, бiздiң жеңгемiз Бәһәрайым Ташкент маңындағы Жүнiсабад деген жерде тұратын өзбек диханының қызы едi. Төңкерiстен кейiнгi кезде күйеуi қайтыс болған соң  туған ағасы Рахымның көлейтiнде болғанды ұнатты.

Сол нағашысы Рақымды саялап жүрген Сабыр да мектепке барған кезде, соның балалары қатарында Рақымов болып жазылып кеткенiн кейiн бiлдiк.  Содан жастайынан әскер оқуын оқып, әскерлiк қызметке кеткен Сабыр елге  ағайын-туыстарға ат iзiн сирек салып жүрдi. Ақыры Ұлы Отан соғысының қанды майданына аттанды ғой...»

Әсілхан Оспанұлы Байдар ақсақал айтқан кейбір деректерді жазбаса да батырдың атасы Мәмбетқұл мен басқа туыстарының есімдері болашақ тарих үшін өте құнды мәлімет екеніне ғылыми тұрғыдан қарап, мүмкіншілігінше көбірек жария етуге тырысқан:

« – Сабыр ағаның сiзден де гөрi жақын туыстарынан ешкiм бар ма? – деп сұрадық бiз.

...Мәмбетқұл атамыздың өз кiндiгiнен үш ұл тараған. Олар Омарқұл, Мәуленқұл, Оспанқұл. Солардың Мәуленқұлдан туған немере апасы Зуһраның көзi тiрiде, соғыста қаза тапқан немере iнiсi Қадiрдiң балдары Тұрсынбай, Мүсiлiмдер Ташкенттiң Ескiжуа аймағында тұрады. Сондағы баспаханада iстейтiн Тұрсынбай – бабасы Оспанқұлдың атымен Усманов болып жазылып жүрген көрiнедi. Бiзге бес атадан барып қосылатын  мына туыстарым – осы бiргадiр Шерхан Ырысқұлбаласы, совхозда iстейтiн Қанат пен Әбу, Құрымбай, Төлехан балалары солармен барыс-келiс жасап, қатынасып тұрады».

Осы бір ғибраты мол жүздесу барысында Байдар ақсақал батырдың екі туыстас қазақ және өзбек халықтарының ортақ перзенті екені туралы да айтып, ағынан жарылып ризашылығын білдірген:

« – Айналайын халық қата айтпайды ғой. «Жiгiттiң үш жұрты болады: бiрi өз жұрты, екiншiсi – нағашы жұрты, үшiншiсi – қайын жұрты» деп. Тап солай айтқандай, мына өзбек ағайындарымыздың Сабыр iнiме жасап жатқан жақсылықтарында шек жоқ қой! Сабыр Рақымов атындағы колхозды былай қойғанда, Ташкенттегі бұрынғы Тақтапұл көшесiн Сабыр Рақымов деп атайтын болыпты дейдi. Тiптi Ташкенттiң өзiнiң үлкен бiр ауданы сол Сабыр Рақымов атымен аталыпты. Денесiн сонау майданнан елге әкелдiрiп, Ташкент қаласының қақ ортасына қойдырып, ескерткiш тұрғызғаны және бар. Адамды ардақтаса, елдiң ерiн еркелетсе, осылай-ақ  ардақтап, осылай-ақ еркелетер ел-жұрт. Бiздер Сабырдың туыстары өзбек жұртына, Өзбекстан басшыларына шексiз риза болып, мыңда бiр алғысымызды күнде айтып отырамыз. Мың жасасын мың жасағырлар...».

Әсілхан Оспанұлы тоқсаннан асқан ақсақалмен қатар Сабыр Рақымовтың басқа да туыстарымен әңгімелескен. Ғалым мақаласында Шерхан Ырысқұлбекұлына да сөз береді:

 «Әңгiмеге жанымызда отырған Шерхан араласты.

Сабыр ағамыз екi рет үйленген, – дедi ол – бастапқы жеңгемiз татар қызы едi, одан бала қалмады, кейiнгi жеңгемiз Құралай болса, ағамыз басқарған дивизия бөлiмiнде медициналық бөлiмiнiң жауынгерi ретiнде майданға қатысқан, соғыста жүрiп жарақаттанған көрiнедi. ...Ол Ташкент қаласында, Әлiшер Науайы атындағы опера және балет театрының күнгей жақ қапталындағы Шымкент орамының 9-шы үйiндегi 37-шi пәтерде тұрады. Жолыңыз түсiп бара қалсаңыз онда ағамыздың жеңгемiзбен майданда жүрiп бiрге түскен суретi де сақтаулы».

Осы кездесу барысында ғалым естіген сөздерін ерекше ыждаһаттылықпен қағазға түсіріп отырған. Одан соң С.Рақымовтың туыстарына өз сөздерінің растығын дәделдейтін қолхат жазып беруін өтінген.

2005 жылы мен ғалымның естелік әңгімелерін магнитофон таспасына жазып алдым. Сонда Әсілхан Оспанұлы осы бір кездесуді есіне ала отырып былай деп айтты: «...басқа да інілерінің айтқандарын қағазға түсіріп сауатсыздарының бармақтарын бастырып алдым. Сауаттылары қолын қойып берді». Бұл дерек «Мұрагер Әсілхан Оспанұлы» атты 2008 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген кітаптың 391 бетінде басылды. Ғалымның өзінің айтуы бойынша бұл қағаздардың бәрін сол жердегі Ауылдық кеңестің меңгерушісіне апарып мөрін бастырып куәландырып алған.

Осылай Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 27 жыл толған 1972 жылдың 9 мамыр күні ғалым Әсілхан Оспанұлы «Қазығұрт қыраны» мақаласында генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін бүкіл елге жария етті.

Бұл жаңалық бүкіл Қазақстанда елеулі оқиға болып, үлкен қоғамдық пікір туғызды. Сондықтан бұл құбылысқа билік басындағылар да немқұрайлы қарай алмады. Әрі бұл жарияланым туралы Өзбекстан басшылығына да хабар жеткен. Дегенмен билік басындағылар мақалада жазылғандай Сабыр Рақымовты: «Екі енені бірдей емген тел қозы десе де болады, ол өзі қазаққа перзент болса, өзбекке жиен. Өйткені, оның шешесі, біздің жеңгеміз Бәһірәйім Ташкент маңындағы Жүнісабад деген жерде тұратын өзбек диқанының қызы еді. Революциядан кейінгі аласапыран кезде күйеуі қайтыс болғасын туған ағасы Рақымның көлейтінде болуды ұнатты. Сол нағашысы Рақымды саялап жүрген Сабыр да мектепке берген кезде соның балалары қатарында Рақымов болып жазылып кеткенін кейін білдік» деп қабылдамай, ғалымның тарихи шындықты дәлелдеп жазғанын «халықтар достығына сызат түсірді» деп түсініп Шымкенттегі Облыстық партия комитетіне келіп түсініктеме беруін талап етеді. Іс бұнымен шектелмей әуре-сарсаңның не бір түрі басталады.

Бірақ  ғалым Әсілхан Оспанұлы шындықтан бас тартқан жоқ, Қазақстан, Өзбекстан және Ресейдің ресми мекемелеріне өзінің дәлелдерін келтіре отырып көптеген хаттар жазды. Төменде сол хаттардың біреуін толық келтірдім:

Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі жолдас А.П.Плотниковке

Шымкент педагогикалық институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ә.Оспанұлынан.

 

Саламатсыз ба, Андрей Павлович.

 

Кезінде Қазақстан КП Шымкент облыстық комитетінде, алдымен үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі жолдас Ю.Е.Котуновпен, содан соң обкомның хатшысы И.Т.Тілеубергеновпен болған кездесулерде, менің кейбір белгілі тұлғалардың, атап айтқанда Шымкент облысы Ленин ауданының «Коммунизм» совхозының тумасы, генерал-майор Сабыр Омарұлы Рақымовтың ұлты қазақ екені жөніндегі ізденістерім, қазақ және өзбек халықтары арасындағы бауырмалдық достық қарым-қатынасқа сызат түсіреді деп хабардар етілді. Осы ескертумен қатар, сіздің тарапыңыздан бұдан былай менің Сабыр Рақымов туралы жазған мақалаларым басылмасын деген нұсқаудың берілгені маған белгілі болды,  сондықтан менің қандай жағдайда екенімді жақсы білесіз. Сіздің осы нұсқауыңызға байланысты «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясындағы жолдастар тіпті Ұлы Отан соғысында генерал-майор Сабыр Рақымовпен қатар соғысқан жауынгерлердің ерліктері баяндалатын мақалаларымды да жариялаудан бас тарта бастады.

Сұрауға рұқсат етіңіз, өзбек әріптестестеріміз жағынан біздің тарихи тұлғаларымызды өздерінікі деп жариялау бір емес бірнеше рет орын алып жатқаны байқалып жатқан жағдайда (мысалы Шымкент облысы Қызылқұм ауданының тумасы, Жауынгерлік қызыл ту орденімен үш рет марапатталған тұңғыш түркістандық, азамат соғысының батыры Абдолла Ермұхамедовтың қазақ екеніне қарамастан, Өзбекстандық ғалымдар тарапынан ұзақ уақыттан бері оның ұлты өзбек делініп келді), біздер Қазақстандық ғалымдар не істеуіміз керек, тарихи ақиқатты білмегенсіп үндемей отыра беруіміз керек пе?

Сіздің қолыңызда менің бас қарсыласым Леонид (Асқар) Юсуповтың мекен-жайы қай жерде екені жазылған хатының бар екені жөнінде маған хабардар етілді, соның  көшірмесін алғым келеді.

P.S. Менің бұл хатымды жеке хат немесе ресми құжат ретінде қарастыруыңызға болады.

30 тамыз 1976 жыл.

Шымкент қ.

                                                  (Хат орыс тілінен аударылды – Б.О.)

Билік ғалымды өз дегенінен бас тартуға қаншама әрекеттенсе де, қайсар тұлғаны жеңе алмады. Тіпті Әсілхан Оспанұлының С.Рақымовқа қатысы жоқ, бірақ Ұлы Отан соғысы туралы жазған мақалаларын да бастырмауға барын салды. Осындай жағдайда «Әсеке, қоя салыңыз, болашақта балаларыңызға қиын болады» деген пысықайлар да табылды. Бірақ бұл қиындықтар ғалымды тоқтата алған жоқ. Ә.Оспанұлы батыр генерал С.Рақымов туралы тарихи шыңдықты паш ету мақсатында КСРО Қорғаныс Министрлігіне, Өзбекстанның басшысы Шараф Рашидовке, Өзбек Ғылым Академиясына т.б. ресми орындарға көптеген хаттар жолдады. Әрине, ол жақтан жалаң жауап жазылған хаттар алғаны мәлім.

Ол былай тұрсын, ғалымның көп жылғы ізденістерінің нәтижелерін пайдаланып осы бір тарихи оқиғаны өзінен бастауға тырысып ұят тірлік жасағандар да бар. Олар өз жазбаларында С.Рақымовтың ұлты қазақ екенін бірінші болып халыққа жеткізген Әсілхан Оспанұлының сонау 1972 жылы жариялаған «Қазығұрт қыраны» мақаласы туралы тіпті де еске алмауға тырысады, деректерді пайдаланғаны туралы сілтеме жасамауды әдетке айналдырған.

Ғалым Әсілхан Оспанұлы толассыз тосқауылдардарға төтеп бере жүріп батырдың өмір жолын зерттеуін тоқтатқан жоқ. Ол батырдың нағашы ағалары Төлеген мен Азизмат Кәрімовтармен, батырдың соғыстың алғы шебінде бірге болған жұбайы Құралай апаймен, батырдың азамат соғысы жылдардағы қарулас досы, атақты кинорежиссер  Кәміл Ярматов, генералдың Ұлы Отан соғысында бірге болған басқа да азаматтармен кездесіп батыр туралы көптеген баға жетпес деректер жинады.

Әсілхан Оспанұлы бұл ізденістерін іске асыру үшін Ташкент қаласы мен басқа да жерлерге барды. Осы жерде алты ұл, екі қызы бар жанұяның отағасы бұндай іс-сапарларына өзінің жеке қаражатын жұмасағанын айту артық болмас деп ойлаймын. Әсілхан Оспанұлы батырдың жары Құралаймен осындай бір сапарға 1973 жылдың тамыз айының 21 күні шығып, Ташкент облысы, Ордженикидзе атындағы аудандық, «Коммунист» колхозының жерінде тұратын Сабыр Рақымовтың қарындасы Лүтпі Оспанқұлқызымен кездесіп одан батыр соғысқа аттанар алдында туған ауылына келіп оң бата алғаны туралы және басқа да өте құнды деректер  жазып алады:

«...айтқан әндерiн ұмытпасам, Сырдың «Қараторғайы» мен «Аққұм». Себебi, бұл өлеңдердi ағам ұнататын да, нәшiне келтiрiп сала алатын. Сондай-ақ Сабыр ағам сол күнгi кеште патефон қойғызып бiрнеше қазақ күйлерiне би де биледi.

...ауылдан бiраз жер ұзап шыққанда, үндемеген ағам ақыры айырылысар жерде «Майдандағы менi есiңе алып, өлең айта жүр, өзiң ондай өлең бiлмесең, мiне былай деп айт» деп күлдi. Сөйттi де өзi өлеңдете жөнелдi:

                                 «Есiк алды-ау тал ма екен,

                                 Талда бiр шымшық бар ма екен?

                                 Әскерде жүрген ағамның

                                 Шыбын да жаны бар ма екен?»            

Әсілхан Оспанұлының «Ақырғы аттаныс» атты бұл мақаласы бірден жарыққа шығарылмай, әрең дегенде, батырдың қарындасымен болған кездесуден бір жылдан аса уақыт өткеннен кейін «Оңтүстік Қазақстан» газетінде 1974 жылдың күзінде басылды.  Ә.Оспанұлының осындай жанкешті еңбектерінің нәтижесінде С.Рахымовтың қазақша өлең шығаратыны, қазақ әндерін сүйіп орындап, халық күйлеріне билеуді жақсы көргені  туған халқына жетті.

Ғалым 1975 жылы С.Рақымовпен соғыста бірге қызметтес болған Ұлы Отан соғысының батыры Тоғанбай Қауымбаевпен кездесіп батырдың майдан шебінде  қалай соғысқаны, қаза табар сәті туралы да мақала жариялады.

Батыр туралы ізденіс жасау барысында ғалым генерал С.Рақымовтың жұбайы Құралай Натуллаевамен жиі қарым-қатынас жасап тұрды. Ол кісіні Шымкентке шақырып облыстық теледидар арқылы хабар ұйымдастырды. Нағыз азамат, ғалым Әсілхан Оспанұлының осы ұлтжандылық ерлігіне риза болған Құралай апай, оңтүстіктің жаймашуақ күндерінің бірінде ғалымның үйіне келіп, алғысын айтып қазақтың ата салты бойынша иығына шапан жапты.

Ғалым, ұстаз, қоғам қайраткері Ә.Оспанұлы 2005 жылы көзі жұмылғанға дейін өз ізденістерін еш тоқтатқан жоқ. Әсілхан Оспанұлының Білім Министрлігіне және басқа да ресми орындарға жасаған ұсынысы арқасында Ұлы Отан соғысының батыры, генерал-майор Сабыр Рахымовтың есімі Шымкенттегі әскери мектеп-интернатқа беріліп, ескерткіш орнатылды.

Ұлы Отан соғысының батыры, генерал-майор Сабыр Рахымовтың өз отаны Қазақстанға оралуының қысқаша тарихы осындай.


                                              Бердалы ОСПАН,     

                                                                     «АДЫРНА» ұлттық порталы

Пікірлер