Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ұлы композитор, дирижер, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Шабыт бастауы: Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Көрмеге Алматыдағы Музейлер бірлестігінің қорынан алынған 70-ке жуық құнды жәдігер қойылған. Экспозициядан композитордың қолжазба партитураларын, сирек кездесетін фотосуреттерін, жеке пайдаланған заттарын және Ахмет Жұбанов тарту еткен аты аңызға айналған «Дариға домбыраны» көруге болады.
«Нұрғиса Тілендиев өз халқының рухани жадынан қуат ала отырып, заманауи әлемге ашық болды. Оның шығармашылығы біз барлық мәдениеттерден іздейтін құндылықты – түрлі элементтердің үйлесімін бейнелейді»,—деді ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Эрнесто Оттоне.
Айта кетейік, көрме 19 маусымға дейін жалғасады.