Шымкент қаласында “Samgau” республикалық қысқаметражды фильмдер фестивалі өтті. Шара Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Мақсаты – ұлттық киноөндірістің дамуына серпін беру, шығармашыл жастарды қолдау және жаңа есімдерді кино кеңістігіне таныту.
Фестивальге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 18 бен 35 жас аралығындағы жас режиссерлер мен продюсерлер қатысып, түрлі жанр мен тақырыптағы туындыларын ұсынды. Ұйымдастырушыларға 30-дан астам қысқаметражды фильм келіп түсіп, олардың ішінен іріктелген 20 үздік туынды ақтық кезеңге өтті.
Фильмдер келесі тақырыптар бойынша қабылданды: «Шымкент – сүйікті қалам!», «Мен және Әлем», «Ұлттық құндылық – тәрбие негізі», «Жұмысшы мамандықтардың рөлі», «Экология», «Тіліміздің тағдыры – біздің қолымызда». Бұл тақырыптар бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, жастардың көзқарасын, ой-толғауын бейнелеуге жол ашты.
Фестиваль аясында өткен салтанатты ашылу рәсімі Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығында өтті.
“Samgau” фестивалі – бұл жай ғана байқау емес, сонымен қатар жас киногерлер үшін тәжірибе алмасып, шығармашылық байланыс орнататын алаң. Жастардың кино тілі арқылы өз ойын жеткізуі – қазақ киносының жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Фестиваль көрермендерге тың тақырыптар мен жаңа есімдерді таныстырып, ұлттық киноөндірістің болашағына сенім ұялатты.