Ауған соғысының ардагері мұрағат қызметкерлерімен кездесті

3210
Adyrna.kz Telegram

 

Жақында «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Алматы қаласының Ішкі саясат басқармасының қолдауымен іске асырылып жатқан  «Азаматтық борыш» жобасы аясында  Қалалық мемлекеттік мұрағатында ауған соғысы ардагері Болат Құрамысовпен «Мен көрген соғыс» атты тақырыпта  кездесу өткізді. Бұл жиынға мұрағаттың қызметкерлері және басқа да қонақтар қатысты.

Мұрағат директорының орынбасары Исалова Айсұлу Мәдешқызы жиынды ашар алдындағы сөзінде отанды қорғау әр азаматтың борышы екені туралы кеңінен әңгімелеп өтті. «Азаматтық борыш» жобасының жетекшісі  Жандос Наурызов Ауған соғысы туралы баяндама жасап, соғыс туралы көптеген мәліметтер келтірді. Содан соң осы кездесуге арнайы дайындалған соғыс кезінде түсірілген фотосуреттер жиналған слайд-шоу көрсетілді. Слайд-шоудың мазмұны ауқымды болғандықтан кездесуге қатысып отырған қатысушылардың қызықшылығын туғызды. Келесі кезекте сөз іс-шараның қонағы Ауған соғысының ардагері Болат Құрамысовқа берілді. Ауған соғысының ардагері, көптеген медальдердің иегері Болат Әнуарбекұлы өзінің өмір жолына қысқаша тоқталып, неге әскери мамандық таңдағанын, қалай Ауған соғысына барғанын қызғылықты етіп кеңінен баяндады.

Болат Құрамысов Ауған соғысында үлкен әскери әуежайда қызмет еткен. Көптеген қару-жарақ, емдеу аппараттары мен дәрілер және басқа да жүктерді қабылдау, ұшақтарды әрдайым дайындықта ұстау үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Болат Әнуарбекұлы соғыста болатын қауіпті және қиын жағдайлар туралы да естеліктерімен бөлісті. Әсіресе соғыс ардагерінің қаза тапқандарды ұшақпен жөнелту туралы айтқандары қатысушыларға қатты әсер етті. Жиынға қатысушылар адаргерге көптеген сұрақтар қойды. Болат Әнаубекұлы барлық сұрақтарды мұқият тыңдап толық жауап беріп отырды.

Әңгіме Ауғанстандағы діни террористік қозғалыстар туралы өрбіді. Болат Құрамысов пен «Адырна» бірлестігінің басшысы Арман Әубәкір бұл мәселе жөнінде өздерінің ойларын ортаға салды. Мұрағат қызметкері Имашова Ақбөпе Имашқызы   және басқа да қатысушылар осы өзекті мәселе бойынша өз пікірлерімен бөлісті.

 

Осы бір қызғылықты да танымдық пайдасы мол іс-шараны жоба жетекшісі Жандос Наурызов қорытындылап, соғыс ардагері Б.Құрамысовқа, мұрағаттың қызметкерлеріне жиынға қатысып, оның жақсы өтуіне атсалысқандары үшін алғысын білдірді. Жиынның аяғында мұрағат қызметкерлері іс-шараның қонағы, Ауған соғысының ардагері Болат Құрамысовпен естелік фотоға түсті.

Пікірлер