Кенжеғұл Сейітжан: «Көзі көрмейтін балаларды дамыту мақсатым. Олардың күлгені мен үшін қуаныш»

4230
Adyrna.kz Telegram

Кішкентайынан көру мүмкіндігінен айырылған Кінжеғұл Сейітжан бүгінде көпке үлгі. Өйткені,  көзі көрмесе де, көкірегі ояу. Өмірге деген құлшынысының арқасында спорттың бірнеше түрімен айналысып, олимпиада чемпионы атанып отыр. «Адырна» ұлттық порталының тілшісі Кенжеғұл Сейтжанмен тілдесіп, өмірге құштарлығының құпиясын сұрап білді.

Кенжеғұл Сейітжан –  Қостанай облысы Аманкелді ауданында дүниеге келген. Отбасындағы 20 баланың кенжесі. 16 әпкесі мен 3 ағасы бар. Кішкентайынан қос жанарынан айырылғанымен, ешқашан жігері мұқалмаған. Әрдайым алға ұмтылып, жоғары нәтижелер көрсетуде. Мектепті де, жоғары оқу орнын да қызылға бітіріп, қатарларының алды болып отыр.

«Мектепті 2003 жылы қызыл ататестатпен бітірдім. 2007 жылы Қазақ Ұлттық Университетінің тарих факультетін қызыл дипломмен бітірдім. Одан кейін Жапонияда «Әлеуметтік лидерлер» бағдарламасында және Америкада, Англияда оқыдым. Білім алудан жалықпаймын. Әрдайым жаңа ізденісті қажет етіп тұрамын»,- дейді ол.

Кенжеғұл спортты да қатар алып, түрлі сайыстарға қатысып жүр. Ол қазір кәсіби түрде 2 спорт түрімен айналысады. Біріншісі – голбол. Онымен 2016 жылдан бері шұғылданып, 2020 жылы Қазақстан ұлттық командасының мүшесі болды. Сондай-ақ, голболдан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы.

 «Екінші айналысатын спорт түрім – паравело спорты. Қазақстанның 2 дүркін чемпионымын. Ресми түрде 2022 жылдан бастап Қазақстанның осы паравело спортының ұлттық командасының мүшесімін.  Салауатты өмір салтын насихаттайтын екі ұйым құрғанбыз. Ол Қазақстан голбол федерациясы. Осы спорт түрін дамыту үшін құрғанбыз. Сондай-ақ, әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Қазір де өз жұмысын жасап келеді.  Осы екі федерациядан да, әлеуметтік жағынан да, салауаттық өмір жағынан да, барлығынан қолымнан келгенше аянбай қызмет етуге тырысамын. Көзі көрмейтін балаларға, жастарға ақпарат беріп, оларды спортқа тартып, дамыту мақсатым», - дейді спортшы.

Велоспорт пен голболдан бөлек, Кенжеғұл тауға өрлеуден Қазақстанның чемпионы.

 Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!

Кенжеғұл – 8 қырлы. Спорттың бірнеше түрін үйреніп қана қоймай, бірнеше тілді де меңгерген. Қазақ тілінен бөлек, орыс, ағылшын, неміс, жапон, түрік тілдеріне жетік.

«Қазір бірнеше тілді меңгеруге талпынып жүрмін. Өйткені, әр тілді үйренген сайын, жаңа адам болып қалыптасасың. Бұрын испан тілі мен француз тілін біраз меңгергенмін. Қазір ұмытынқырап қалдым. Ал неміс тілін жақсы түсінемін. Оны меңгеру үшін 9 жылым кеткен. 2006 жылы Жапониядағы балалар романы сайысына қатыстым. Бірақ жеңіске жете алмай қалдым. Сосын келесі жолы міндетті түрде жеңіске жетемін деп ағылшын тілімен қатар, жапон тілін үйреніп бастадым. Жапонияға барып келгеннен кейін, олардың мәдениетін, қоғамын көргеннен кейін, сол жақта бірнеше тренингтерге қатысқаннан кейін  шабытым ашыла түсті. Сөйтіп, тілдерді меңгеруге деген ынтам да ашылды», - дейді полиглот Кенжеғұл.

Кенжеғүлдың айтуынша, тілді меңгеру үшін қорқынышты жеңу қажет.

«Тілді үйренемін деген адамдарға айтарым ешқашан қорықпау керек. Менің қолымнан келмейді» деген сөзді миыңыздан алып тастаңыз. Барлығының қолынан келеді. Тіл үйренуге деген ынта, жалын, мақсат болу қажет., Менің 2006 жылы Жапонияға оқимын деген мақсатым, сол елдің тілін меңгертті. Осындай нақты мақсаттар нақты нәтижеге жетелейді», деп кеңесін берді.

 

«Мен хостелдер кәсібімен айналысқанмын. Қазір тоқтап тұр. Өйткені, спорттан олимпиадаларға дайындаламын деп, көңіл бөле алмай қалдым. Алайда алдағы уақытта қолға аламын. Себебі, ол менің отбасыммен бірігіп бастаған бизнесім. Жұбайымыз екеуміздің ол кәсіпке әжептәуір еңбегіміз сіңді. Сондықтан айтарм, әрдайым, өзіңізді жан-жақтан сынап көріңіз. Адам талпынса барлығын жасай алады», - дейді Кенжеғұл.

Кейіпкеріміздің айтуынша, қазір мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық мүмкіндік жасалған. Тек оны пайдалана алу қажет.

«Елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдарға барлық жағдай жасалған. Мүмкіндігім шектеулі екен деп құр қарап отыруға болмайды. Қазір спортты да, білімді де тегін алуға болады. Арнайы көзі көрмейтіндерге арналған технологияларды үкімет береді. Әлеуметтік көмек арқылы шипажайға да бара алады. Қазір 12 мүшесі сау, бірақ өздерін шектейтін қаншама адамды көреміз. Оларға берілген мүмкіндікті жай ғана ысырып тастап жүр. Айтарым: әрекет етіңіздер, әрекеттің бір берекеті болар сөзсіз», деп жігерге толы сөздерін айтты.

Кенжеғұлдың әр уақыты жоспарлы. Уақытын бағалайтын кейіпкеріміз тіпті, алдағы 10 жылдығын да жоспарлап қойған.

«Қазір денсаулығыды күтіп жүрмын. 6 ай сайын дәрігерлерге тексеріліп тұрамын. Себебі, менің денім сау болса, спортта жақсы нәтижелер көрсетіп, еліміздің атын әлемге таныта аламын.  Қолымнан келгенше уақытымды есептеп, жоспарлаймын. Аптасына 4-5 аудиокітап тыңдаймын. Тілдерді ұмытып қалмас үшін, әр тілде аудиокітаптар тыңдаған ыңғайлы.

Мен өзімді 10-20 жылдан кейін үлкен корпорацияның иесі ретінде сезінемін. Қазір соңғы 6 жылға қойған мақсатым – паравело спортынан әлем  чемпионы, Азия чемпионы болу. Сол үшін қазір аянбай еңбек етудемін», -  дейді кейіпкеріміз.

Фото: жұбайымен

 40 жастағы Кенжеғұл қазір бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Отбасының тірегі болған ол балаларының да өзінен үлгі алғанын қалайды. Сондықтан әрдайым үлгілі әке болуға тырысамын дейді.

«Маған ата-анам кішкентайымнан: «өзіңді ғана ойлама, еліңнің жағдайын ойла!» деп өсірді. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандарға барлығын үйреткім келеді. Кейбіреулері қоғаммен араласа алмайды. Тіпті, көп ашыла бермейтіндіктен мүмкіндіктерден айырылып жатады. Сол себептен бәріне көмектесу үшін жұмыс істеп жүрмыін. Қажет жерде құқығын қорғап беремін. Олардың жымиғаны мен үшін қуаныш.  Голболдан немесе басқа спорт түрінен балалар келіп, «бізге спортпен айналысқан ұнайды, жағдай жасағаныңыз үшін рахмет» десе, ішімде жылу пайда болады.  Менің жасап жатқан ісім жай емес екенін көрген кезде қанаттанамын. Балаша мәз болып, өмірге құштарлығым артып кетеді», деп сөзін қорытындылады.

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер