Шыт көйлек

3238
Adyrna.kz Telegram

Біздің ауылда, ауыл болғанда кәдімгі Қаратереңде менің Зейнеш деген қу тілді ағам айтқыштығымен белгілі-тін. Бірге оқыған Әділ деген досы Жібек деген қызға үйленгенде сол ағамның: «Біз мектеп бітіре сала «шытқа» ұрынып едік, сен жүріп-жүріп, ақыры «жібегін» алдың ғой», – дегені бар еді. Бүгінгі әңгімеміз де осы шыттың төңірегінен ұзамайды...

Жалпы, шыт көйлекті өлеңіне қосқан қазақтың екі мықты ақынын білеміз. Олар – Жұмекен Нәжімеденов пен Абзал Бөкен. Мүмкін бұл тақырыпты тербеткен олардан басқа да шайырлар бар шығар. Жырласа жырлаған болар. Себебі, ауыл-елдегі шыт көйлек киген (бүгінгідей «ақ көйлек киген, көк көйлек киген» емес) сәмбі талдай бойжеткендер алдымен солардың көзіне түспей ме? Бізді бір қайбір шекесі қызған шыт көйлектанушы дейсіз, біреу-міреу байқаусызда назарымыздан қағыс қалып жатса, ренжи көрмесін. Алдын-ала ғафу өтінеміз.

Әркімнің өз танымындағы шыт көйлегі бар. Сонымен, Жұмекеннің шыт көйлегі... Сені салғаннан күрделі пәлсапалық иірімге бастай жөнелетін танымы терең шайырдың әдепкіде шыт көйлекті қай тұрғыдан дәріптеп отырғанын аңғара алмай қиналасың. Сәлден соң жақсы мен жаманның, озық пен тозықтың, ескі мен жаңаның, дәстүр мен жаңашылдықтың, өткен мен бүгіннің арасын салмақтап, шыт көйлекті соның безбендеу мысалы ретінде көрсетіп отырғанын топшылайсың. Бірақ ол шытты біресе шырқау биікке шығарады, біресе, күлкілі кекесіннің нысанасына айналдырады. Шыт көйлекті бетке ұстай отырып, қоғамның қоясын ақтаруға тырысады, бұзылған тепе-теңдікті, әлеуметтік теңсіздікті әйгілейді.

Жібек – жұқа,
Мауыт – қалың,
майданды
бастап тұрған ала шыттар қайда әлгі?!
Шұға, мақпал, бастондарға айып тақ,
Сөрелерге шыт-шыпырды жайып бақ!
Гастрит пе?
Қасқыр-ит пе?
Бәрі осы –
Бөзден көйлек кимегеннің бәлесі.

Жұмекен танымындағы шыт дегеніміз – тез оңатын әсіреқызыл дүние («Соның бәрі шыт көйлекке ұқсайды: Бір терлесең түсетұғын сылынып!»), тым тұрпайы талғампаздық («О, шыт-талғам! Тас безедік, жыр сыздық – Модаға ер деп зорлап жүрген кім сізді?! Өңменді атты өмірдегі құнсыздық»), жілігі татымайтын арзандық («Шытқа айналып көп ән-күйің, тірлігің, Жайманың бар бетін бермей жүр бүгін»). Дей тұрғанмен, Жұмекен ақын содан кейін ғана жан дүниесімен ашыла түседі («Шытқа мен де қарсы емеспін, бар шыным: Өнердегі арзандыққа қарсымын»), бағыт-бағдарын да нақтылайды («Құнсыздыққа қарсы ашамын қан-майдан, Маржан-терді моншақтатып маңдайдан»). Дәлірек айтқанда, Жұмекен шыт көйлекті жырлаған жоқ, шыт-өлшемді ғана тіліне тиек етті. «Шыт қоғам жаңа белеске шыға ала ма, жоқ па, шыққан күнде де алдағы кезеңде қай тұрғыдан көрініс таппақ?» деген сұрақтың сорабына салған сыңайлы. Сондықтан ол жақсысы мен жасығы арпалысып жататын шыт қоғамның пенделеріне былайша жар салды:

Ей, шытқұмар!
Қане, алып қал, алып қал,
Шыт-жырларды қара бақыр-шабыттан!
Ал мен шытқа қарамаймын – жарайды,
бірақ мен де модаға еріп қараймын
Қара барқыт шапанымен Абайдың...

Содан соң біздің дәуірімізде тағы бір шыт көйлек көлбең-көлбең етіп, қара өлеңнің арқауына айналды. Жанры жағынан баллада деуге келеді. Авторы – Абзал Бөкен. Ақтоғайдың ақыны. Жалпы, ол кезде елде тұратын шайырларды, әсіресе Жезқазған жақтағы Ақтоғай мен Ұлытаудың ақындарын көп оқитын едік. Серіппедей ширығып тұратын Серік Ақсұңқарұлын («Серең етіп жатты жерде сегіз қол, Сегіз басты сегіз жылан сияқты»), жырымен жұртты жұбататын Жүрсін Ерманды («Мен ертегі айтатұғын боламын, Көп жасайтын кейуаналар жайында»), лирикасы моншақтай көркем, әр сөзінен эстеттігі байқалатын Абзал Бөкенді («Жоғалтып алғандаймын өзімді мен, Секілді өзгенікі сөзім кілең») өлең өрісіндегі өз дауыстары арқылы түстеп таныңқырап қалған кезіміз-ді.

Бірақ шынымызды айтайық, талайдың талантын қозғап, шабытын қоздырған «Шыт көйлектің» Абзалдың өлеңі екенін әдепкіде білгеніміз жоқ. Ну, жарайды, шыт көйлек, жақсы өлең, жақсы оқылады. Сезіміңді селт еткізеді, қыздарды бір дүрліктіруге молынан жарап жатыр. Жетпей ме соның өзі?! Ал авторы кейін табылар дейсің, тіпті табылмаса да неғылар дейсің деп төтесінен тарта бересің.


Сөйтіп, атақты «Шыт көйлек» біздің дәуіріміздегі КазГУградқа Абзалсыз өзі келді. «Иең қайда, Ақбозат?», – деп Төлегенді жоқтаған Қыз Жібек секілді Абзал ағамды шам алып іздеген не бір бозбала, не бір бойжеткен болған жоқ. Өлең оқып, қыздардың ықыласын иеленіп, қара шайын ішкенде пәледейміз, ал енді осы жұрт жаппай жаттаған жырдың иесі қайда дегенді ешқайсымыз да қаперге ала қоймаппыз. Ал сол тұста авторы белгісіз «Шыт көйлек» қыз-қырқынның алдында жақсылап бір жұлқынып алып, екіленіп өлең оқыған талай жігітке дүркін-дүркін «дивиденд» әкеліп жатты.

«Шыт көйлекті» алдымен жаттап, қазақ руханиятына ең көп таратқан және барынша насихаттаған ойлы оқырман – біздің Шерубай досымыз. Иә, бүгінгі айбарлы академик, парасатты профессор, ғибратты ғалым, тұғырлы тілші, тегеурінді терминолог Шерубай Құрманбайұлы. Біз білгенде, Шерудің елден асқан екі өнері бар-ды. Бірінші өнері – кез-келген бидің түбін түсіреді. Ортаға Шерубай ширығып шыға келгенде бірден шеттей бастағаныңды өзің де аңғармай қаласың. Екінші өнері – өлеңді жақсы оқиды. Кейініректе оқу орындарында өлеңді мәнерлеп әрі көркемдеп оқу әдістемесінен дәріс беріп те жүрді-ау деймін.

Сексенінші жылдардың орта шенінде КазГУ-ге түскен Шерубайдың жатақханасына бір күні Қарағанды жақтан әлдебір жігіт келеді. Өзінің актерлік өнерге едәуір қатысы бар екен. Сол жігіт бір кеште «Шыт көйлек» деген өлең оқиды. Жатақхананың серілері мен перілері, бозбалалары мен бойжеткендері жаппай ұйып тыңдайды. Бұл өлеңді қатты ұнатқан Шерубай әлгінің қыр соңынан қалмай жүріп, дереу жазып алады. Ал енді содан оқы...

Сол сол-ақ екен, «Маяковский басталды!» деп Асеев айтқандай, КазГУ-дің қалашығында Шерубайдың «Шыт көйлек» дәуірі басталды. Ол жуық арада тоқтамады. Сол оқығаннан мол оқыды. «Шыт көйлекті» алғаш жаттағанда ол жалаңаяқ әрі жалаңтөс студент еді. «Шыт көйлекті» көркемдеп оқи жүріп, аспирант болды, кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғады, дүрдей доцент, пәрменді профессор, азулы академик атанды. Сонда да сол «Шыт көйлекті» қарапайымдылықтың символы ретінде әлі күнге дейін аңыратып оқып келеді. Арманыңыз бар ма, Абзал аға!

Ал енді бар ғой, Шерубайдың бұл өлеңді оқығаны керемет! «Ақын үшін өлең өзің, ән өзің, Ақын үшін сұлулықтың пәні өзің. Әсем екен үстіңдегі көйлегің, Көйлегіңнен әсемдеусің және өзің», – деп салғаннан шарықтата жөнелгенде, маңайындағы жұрт сілтідей тынады. Шымыр шумақтардан нәр алып, шамырқанған Шеру образға кіргенде анау-мынау актерің жолда қалады. Ол «Шыт көйлекті» жан-тәнімен беріліп оқиды. Ардақты Абзал ағам мені кешірер, тіпті ол кісінің өзі де дәл біздің досымыз секілді жандырып жібере алмайды-ау... Шерубай оқыған «Шыт көйлек» тыңдаған қыз-жігіттерді оның жанына жіпсіз байлады.

Тоқсаныншы жылдардың ортасында Сыр бойына қызметке барғанымда сол өңірден тағы бір «шыт көйлекшіні» кездестірдім. Филолог Өскен Көзбеков. Қорқыт ата атындағы университеттің оқытушысы. Шерубайдың курстасы. Ол да жиын-тойларда қоңыр дауысымен сол өлеңді оқиды. Бірақ шымыр Шерудей шырайын шығара алмайды әрине. Қара жаяу деуге тағы да келмейді. Қалай болғанда да, ол жыраулық өнердің туын тіккен Сырдария жағалауында бәрімізге арман болған жастықтың жалауы – «Шыт көйлекті» шын ниетімен беріле насихаттап жүрді. Өлкеміздегі көркем өлең оқудың жалғыз әрі талассыз көшбасшысы бола қоймас. Бәрібір ерекше екпінінен, дара дауысынан Шерубайдың «Шыт көйлек» мектебінің озық ойлы өкілі екені көрініп тұратын.

Біздің де бір оқырлық (ойпырай, бір киерлік дей жаздаппыз ғой) «Шыт көйлегіміз» бар еді. Алайда Шерубайдың ширыққан «Шыт көйлегін» тыңдаған соң біздің «Шыт көйлек» өзінен-өзі жидіп түсіп қалды. Құдды Жұмекен ақынның: «Бір терлесең түсетұғын сылынып!», – дегені секілді...

Осы Шерубай мен «Шыт көйлекті» қайта-қайта термелеп, өлеңнің авторы Абзал ағамды сәл ұмытыңқырап бара жатқан жоқпыз ба?! Иә, соған келейік...

Екі ғасырдың тоғысында жас ғылым докторы Шерубай Құрманбайұлы Астанаға қызметке ауысады. Мәдениет және ақпарат министрлігіндегі жұмысын бастайды. Мұнда да сол баяғы «Шыт көйлек» Шерубайдың шаужайына жармасып қалмайды-ау қалмайды. Бір күні үлкен ұжымның корпоративтік кешінде күндей күркіреп тұрып оқиды ол сүйікті «Шыт көйлегін». Бұл өлең министр, қазақ руханиятында өзіндік орны бар қайраткер-қаламгер Мұхтар Құл-Мұхаммедке бірден ұнайды. «Авторы кім?», – деп сұрайды ол сосын. Сонда Шерубай: «Мұха, бұл өлең бізге авторсыз келіп еді, соған онша мән бермеппін», – дейді. Ал министр: «Авторсыз айтылатын ол бір фольклорлық жәдігерлік пе еді? Сен, профессор мырза, дереу авторын тауып ал. Қандай жақсы өлең өзі?!» – деп сүйсінеді. Содан Шәкең бұдан былай осы өлеңді оқыр алдында тамағын бір кенеп алып, «Абзал Бөкен, «Шыт көйлек» дейді де, бастай жөнелетін болды:

Ақын үшін өлең өзің, ән өзің,
Ақын үшін сұлулықтың пәні өзің.
Әсем екен үстіңдегі көйлегің,
Көйлегіңнен әсемдеусің және өзің.

Орны бейне от тигендей күлбіреп,
Оңғақ сезім тыймасаңыз – бүлдіред.
Үстіңдегі гүлдей көркем көйлекпен
Өзің де бір тұрдың гүлдей үлбіреп.

Жарқылдатып сезімдердің шақпағын,
Жан дүниемде астаң-кестең жатты ағын.
Амалсыздан әйеліме, Мен сенің
өзіңді емес, көйлегіңді мақтадым:

– Көйлегінің әсемін-ай, – дедім мен,
Басқалардың бәсеңін-ай, – дедім мен.
Шет жұрттыкі болар, бәлкім, Біздікі
тікпеуші еді, бәсе, бұлай, – дедім мен.

Жағасы мен жеңдерін-ай, – дедім мен,
Белі менен белбеуін-ай, – дедім мен.
Жел желпіген етегін-ай, Етегін
әдіптеген шеңберін-ай, – дедім мен.

Оттай жанған бояуын-ай, – дедім мен,
Өртенуге таяуын-ай, – дедім мен.
Модасын-ай, мұны тіккен шебердің
Көңілінің ояуын-ай, – дедім мен.

Серіңіздің соры ма, бұл бағы ма,
Жоқ, әлдебір шатасатын шағы ма.
Қасиетін әлгі ғажап көйлектің,
Кескіндемек болып едім тағы да...

Жарым айтты: – Көп мақтама шеберді,
Матасын да мақтай берме көп енді.
Бұл дегенің шыт көйлек қой, Шыт көйлек,
Соған өліп-өшетіндей не болды?!

Қарсы келсем өрлемесін қалай дау,
Көнген болдым. (Ол да соны қалайды-ау).
О, сұлулық! Сені кейде жырлауға
Сәндеп тіккен шыт көйлек те жарайды-ау!

Жә, бітті енді осымен атышулы «Шыт көйлек» хикаясы. Бұл әңгімені қайтіп қорытсақ екен енді а?! Өлең оқушы өлеңмен өзектесіп, қанша жылдан бері бірге келе жатса да, сол өлеңнің авторымен әлі күнге дейін арнайы кездесіп, шүйіркелесіп әңгімелесе қоймапты. Қарбалас қоғам. Тынымсыз тіршілік. Мазасыз мезгіл. Ұшқыр уақыт. Сан мың себеп... Әйтеуір сәті түспеген.

Жетер енді, Шеру! Бара ғой ақын ағаңа! Сөйлес. Шер тарқат. Өз өлеңін өзіне оқып бер. Өлеңді қайтіп оқитыныңды көрсет оған. Талайды тамсандырған «Шыт көйлекті» қайтар Абзал ағама! Қырық жыл бойы әбден теріңді сіңіріп, академик болғанша кидің ғой...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер