Сол күндері «ел болып қаламыз ба, жоқ па» деген сұрақ туды — Тоқаев

4344
Adyrna.kz Telegram

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде бүгінгі шараның еліміз үшін айрықша мәні бар екенін атап өтіп, қасіретті қаңтардан бері бір жылға жуық уақыт өткенін, бұл тәуелсіздік кезеңіндегі ең күрделі оқиғаның бірі болғанын айтты.

– Сол күндері халқымызға зор қауіп төнді. Мемлекеттігіміздің тұғыры шайқала жаздады. Тіпті, «ел болып қаламыз ба, жоқ па» деген сұрақ туды. Бірақ біз мызғымас бірлігіміздің арқасында қатердің бетін қайтардық. Елдігімізді таныттық, мықты мемлекет екенімізді көрсеттік. Ел ішіне іріткі салғысы келген топтарға тосқауыл қойып, жымысқы әрекеттің жолын кестік. Бірқатар қалада өткен бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Әсіресе, тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – Алматы қаласы қатты зардап шекті. Қарақшылар қаланы қиратты. Күштік құрылымдарға шабуыл жасап, қару-жарақ қоймаларын тонады. Соның кесірінен жазықсыз адамдар опат болды. Қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайды. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз,—деді басшы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар қасіреті ел тарихындағы үлкен сынақ ретінде халқымыздың жадында сақталатынын атап өтіп, Алматыда «Тағзым» мемориалын орнатуды жөн көргенін жеткізді.

– Шын мәнінде, бұл ескерткіштің мағынасы терең, маңызы өте зор. Мұнда Қазақ елінің мемлекеттігін нығайту жолындағы қилы кезеңдер көрініс тапқан. Тас тұғырларға әйгілі тұлғаларымыздың өлеңдері және өсиеттері жазылған. Ұлтты ұйыстыратын осы сөздер әрқайсымызға ой салады. Бұл мемориалды қаңтарда қаза болған азаматтардың рухына тағзым ретінде тұрғыздық. Сондай-ақ оны кейінгі ұрпаққа тағылым болсын деп орнаттық. Мен осы мемориалдың бой көтеруіне атсалысқан сәулетшілерге және барлық азаматтарға ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Пікірлер