Мерей Қарт. Қызағаш

2290
Adyrna.kz Telegram

Қызағаш

Қызағаш... қырау сырғалы...
Қолында – күміс білезік.
Мыстан-жел осып тырнағы,
Жаныңды тұр ма мұң езіп?!

Шашбауың – сары алтыннан,
Бойыңнан тапқан жарасым.
Айнымай осы қалпыңнан,
Ақылды арбап аласың.

Қайтқан құс қош деп шырқаса,
Билейсің неге ырғалып?
Бөлмейді көңіл жұрт аса,
Отырмын ойға шырмалып.

Күн сүйген маңдай, төбеңнен,
Бұлттар да көшті жосылып.
Тамырың соғар тереңнен,
Жүрекпен бірге қосылып.

Ал, Жаным -Күзде мұздағыш,
Көктемге әлден зарығам.
Қараша-күзгі қызғаныш
Аязбен тәнді қарыған.

 Абадан

Тәңір-Ійем – Тау.
Ақпан...
Нұр бусанта, таң атқан.
Сирағымда – жау-қақпан.
Айға қарай із салған
абадан ем, аулақтан.
Арлы Түзін Арқаның
Ақылыма артамын.
Тор-қамақта торығып,
Ой ішінде жортамын.
Апаным-ай, киелім,
Енді, саған ійе кім?!
Көп иттердің,
Ұлып-ақ,,
Сырқыратқам сүйегін.
Жол үстінде азығым,
Алты қарыс азуым.
Маңдайыма мөрлеген
Тағдырымның жазуын!

 Қыркүйек

Көркіңе керім үздігіп,
Көз алмай, ұзақ қарадым.
Күрсіне берсін күзгі бұлт,
Жарқын ғой сенің қабағың!

Қыркүйек айы жаңбырлы,
Жәудіркөз Аспан жылайды.
Екеуміз – жұмбақ тағдырды
Сүйеміз ... және бұл айды.

Сарғайған бұрын, асыға...
Жапырақ – нәзік сағыныш.
Жақындау келші қасыма,
Шарпысың демім, жалын іш.

Сезім мен сезім үйлесіп,
Сөз демі гүлді жылытқан.
Күнім-ау, ғажап күй кешіп,
Жалғыздық жайлы ұмытқам.

Сыр айтсам тыңдар құстар,
Бақ...
Ағаштың тамған жасы – нұр.
Өзіңе шексіз құштар шақ,
Өмір ғой шіркін, ғашығым!

 

Раушан гүл.

Саябақта раушан гүлі тым қалың.
Күлтелері – қызерін.
Екеумізге – тылсымы көп түн мәлім.
Жел біледі үзерін.

Құшағыңа гүл үйейін бір-бірлеп,
Білінгенде түн демі.
Сәл жымисаң,
Жүрегімде жыр бүрлеп,
жандүнием гүлдеді.

Сауық-сайран құстарда да ерекше!
Қосыламын... ұшамын...
Жамалыңнан еркелеген жел өпсе,
Қызғанышты құшамын!

Жаутаңдайсың айналаңа неліктен,
Мойылтекті Моншағым?!..
Дуаладың ақ дидарлы көрікпен.
Еліктірді бал шағың.

Раушан-гүлдің қауызына тамыздың,
Жанарыңнан жылы нұр.
Міне, осы – шын маxаббат, нағыз мұң,
Мұңлықтардың тілі – бір.

* * *
Өзеннен сәл ғана тысқары,
Там үй тұр, аңғарда.
Маңайы – пейіштің құстары.
Өріп жүр аңдар да.

Бұлбұлдар шырқаған сылқым ән
тәтті сыр шертеді.
Там үйде бір қыз бар!...
Сыртынан,
күй кештім ертегі!

Бір кезде,
Иесі аулаға,
Шықты да, шіренді!
Күн суып кеткендей заматта.
Аспан да түнерді!

Сәлден соң, сұлу қыз шықты үйден!..
Күн шайдай ашылды!
Бүлдірген ерінін шық сүйген!
Жанары жасынды!

Сұқтандым.
Оянып құмарым.
Көңіл де гүлдеді.
Өмірдің маздатты шырағын
жымия күлгені!

Там үйге, таяуға батылым
жетпеді неліктен?!
Адасып қалды ма ақылым?..
Жүрек пе желіккен?!..

Ақыры шыдамым таусылды,
Өңім бе, түсім бе?!
Жүрегім қозғалды тау сынды,
кеудемнің ішінде!

Терезе тұсынан таң күліп,
Күн сүйді көктемше.
Түс көріп жатсам ғой мәңгілік,
өмірім өткенше...

* * *

Көше толы – көлік шуы, мас әні.
Тыңдаймын да, мұң құшам.
Кір асфальтқа өлі сәуле шашады,
Жарғанаткөз түнгі шам.

Ал, кафеге кіре қалсам іреңсіз,
Күлкілер де дарақы.
Шашын жайып, шыңғырады кілең қыз...
Азаптайды-ау Ар оты.

Жертөледе кезбелер көп, бүріскен,
Әйел-еркек аралас.
Бұлт кейпінде күрсінеді Түн іштен.
Құлазиды кәрі ағаш.

Қаңғыбас ит қорғап соқыр күшігін,
Сес қылады үргенді.
Қара көңлімді құр иіскелеп мысық-үн,
Тырмалайды іргемді.

Үміт сынды – үйлердің де жарығы,
Алма-кезек сөнетін,
Қала деген – қорғансыздар қабірі,
Амалсыздан өлетін.

Картақұмар жолдастарға жолығып...
Уақыттан да ұтылдым.
Уа, жарық Күн, сені қатты сағынып,
Күбірлейді күпір-Түн...

 З1-желтоқсан.

Қала бүгін қайырымды тым ерен,
Иттерге де қаңғыбас.
Кеше ғана жертөлеге түнеген,
Ән салып жүр әңгі мас.

Кезікпеді жолынан еш танысы.
Мұңдастары – теректер...
Қарғаның да қарқылдаған дауысы
Қажуына себепкер.

Жең ішінен қол шығарып қоғамға...
Қайғы сөлі – жұтқаны.
Қандай бақыт керек екен адамға?
Мен де, сірә ұқпадым...

Отшашулар айналса да жақұтқа,
Өзгермес-ау қалыбы.
Қазынасын ұрлап алған уақытқа
Мың бір мәрте налыды.

Сыр айтты ма, сүйенді ме шыршаға?
Ызалана сілкіді?
Шылым шеге, сабыр сақтап тұрса да,
Сау адамға күлкілі.

Көше шамы сығырайып қарайды.
Тоқтап қалған көп көлік.
Дүниені бір күндік деп санайды,
Әлгі кісі кектеніп.

Қайран өмір.
Соқыр қоғам.
Қала.
Түн.
Ой-хой, тағдыр, күрмелген!..
Ажалдан да арашалап алатын,
Жарық түсті іргеңнен!..

– Жаңа жылыңызбен !
Сырластырмай, сыртымыздан көлгірсіп,
Сөзімізді бөле берді жел қырсық.
Жүрегіңнен xабар беріп тұр, міне,
Жанарыңда жалт-жұлт еткен мөлдір шық.

Бізді көріп шықты, сірә, бұлт есі.
Сөне қалды жарық Айдың білтесі.
Көзің оттай!
Сөзің шоқтай!..
Ерінің –
– қызыл гүлдің үлбіреген күлтесі.

Жарқылдадық қараңғыға қамықпай,
Сағыныппыз көптен бері жолықпай.
О, ғашығым, кеуіп кетіп кенезем,
Жұпар жұттым тамағыңнан мамықтай.

Көңіліңмен – көктем тілі үндескен.
Шашың – анау, қара мақпал түн көшкен.
Бір-ақ сәтте
Бал-бақытқа кенелттің,
О, дариға, бұндай сезім кім кешкен?!.

ЖАННЫҢ ТҮНГІ ТЫЛСЫМЫ

Айға лақтырып шылбыр ұшын,
Айдалада түн қаттым.
... үкідауыс үңгір ішін
Үр қызына тыңдаттым!

Ол сұлудың төсенішін
Салдым балғын аршадан.
Сезім шоғын көсеу үшін,
Ертекті ерен аңсағам!..

Ойымдағы оттың күшін
Санадан тыс лаулаттым!..
Көңіл үшін –
Шегірте үнін
Алақаныма аунаттым!

Майын да ішіп тасбұлақтың,
Марту қызын құшып ем!..
Қара жоннан қасқыр аттым,
Қара сөздің күшімен!

Жындар ғашық бәлкім маған?..
Жырдан асқан бар ма дін?..
Жапалақ көзімен жарқылдаған,
Жылан дәтін арбадым!

Соңына ердім шұбар лақтың!..
Ат жалынан шоқ үрлеп!..
Бұлт ішінде бұлан бақтым!
Құлан көзі – шегіркөк!..

Құздармен де қауқылдастым.
Елірдім жел есерге!
Жұлдыздармен аңқылдастым,
Өзге әлемге көшерге!..

Адастырды бір мұң сары!..
Қайда болдым?!..
Аң-таңмын!..
Құланиек құлқұнсәрі...
Қиялымды қаңтардым!

 

Пікірлер