РОБОТТАР ӨЛМЕЙДІ

2289
Adyrna.kz Telegram

Мынадай аңыз бар. Жас жігіт бір мәселемен көп жасаған абызға келіп, жағдайын айтып, не істеймін, деп ақыл сұрапты. Сонда ақсақал оған былай деп жауап беріпті: «Иығыңда екі қасқыр отыр деп ойла. Соның қайсысы күшті болатынын білесің бе? Әрине білмейсің. Бұл сұрақтың жауабы оңай. Қай қасқырды көбірек тамақтандырсаң сол күшті болады».

Замандастарыма бір ойымды айту үшін осы мақаламды жазып отырмын. Ғаламторда да, фейсбук алаңында да «біз қазақтар анандаймыз, мынандаймыз, жалқаумыз» тағысы тағылар деген жазбалар көзге жиі түседі. Теледидардан да осындай пікірлерді жиі естіп қаламын. Қазақтың кемшілігін айтуға жақын тұратындар арасында белгілі тұлғалар да баршылық.

Неге қазақтар бірін-бірі жамандауға жақын тұрады? Неге?

Кемшілікті айтпау керек, деуден аулақпын. Бірақ, бастарына күл шашып, жер сабалайтын не күн туды сонша?!

Қазақта «Ұра берсең құдай да өледі» деген сөз бар. Кімді де болса жамандай берсең жаман бола береді. Бұл табиғат заңы. Қазақ та сөз көп. Соның екеуін алайық: «Жақсы сөз жарым ырыс» және «Жоқ десең жоғалады». Осының қайсысын таңдар едіңіз?

Қарап отырсам  «жоқ, жоқ, жоқ...» деп «зарлай» берушілер көп сияқты. Мүмкін маған солай көрінген шығар.

Дегенмен мен біраз уақыт бұрын қазақ туралы жақсы сөздер іздейін дедім. Сонда көзіме төмендегі сөздер түсе берді. Бұл қазақтың белгілі, атақты, құрметті деген зиялылылардың жазғандары. Әрине, бұл кісілер қазақ жаман болсын деп айтқан жоқ, әрине. Біразын өздеріңізге ұсынамын:

«Басқа халықты біле бермеймін, біздің басты кемшілігіміз – көп сөзділік. Тойда да көп сөз, жиналыста да көп сөз. Сөз! Сөз! Сөз!»

Қадыр Мырза Әлі. Иірім. «Атамұра» баспасы, Алматы, 2004. 111-бет. 

«Біздің қазақ, негізінен, жайбасар, ашық-тесік, етек-жеңін жинап жүрмейтін алқа-салқа халық қой».

Қадыр Мырза Әлі. Иірім. «Атамұра» баспасы, Алматы, 2004. 115-бет. 

«Дүниеде ұлт болмауға ұмтылған бір ел болса, ол сірә, қазақ шығар».

«Біз алдымен өзгені құрметтейміз, өзімізді елемейміз. Сөйтіп ұлтымыздың намысын біреуге күнде жығып беріп отырғанымызды білмейміз».

«Бізде ру-руға бөлініп, бәлен батырға, бәлен әулиеге ескерткіш қоюға құмар».

Дулат Исабеков. «Алаш айнасы», 3.10.2009. 6-бет.

 

«Күндестіктің түрін, көре алмаушылықтың түрін өзгерттік. Әуелі үш жүзге бөлініп алып күндейміз, үш жүзге бөлініп алып көре алмаймыз. Пәлен жүздің жақсысын айтқымыз келмей тұрады, біз одан кем емеспіз дейміз».

«Ал біз артқа тартуға, өткеннен арыла алмауға бейімбіз, ескішілдіктің исі аңқып тұрады».

«Міне, осы бөлінушілік өзімізден басталады да, амалсыздан бөлінесің сосын».

Сәкен Жүнісов. «Әдебиет майданы». 24.02.2005. 7-бет.     

  «Өзгеге келгенде көл-көсір қазақтың өзіне келгенде тарылып қалатын мінезі бар ғой».

Айсара Керімбекова. Дзюдо мен самбодан қазақтың тұңғыш чемпион қызы. «Айқын», №8, 22 қаңтар 2009 жыл. 8-б.

 «Қазақты бір-біріне алакөз ғып қойғысы, бүтін іргемізге бүлік кіргізгісі келетін тағы бір іріткі ол – рушылдық. Бұл – біздің қоғамымызды, ойды да бойды да білдірмей алып бара жатқан дертті құбылыс. Бүгінде ру десек, өзгені былай қойғанда, әлгі «прогрессивті қазақтар – мәңгүрттердің» өзі ішкен асын жерге қояды. Тілін білмейді, бірақ руын біледі».

Темірхан Медетбек. Ақын.«Ақ жол Қазақстан». 18 ақпан, 2005. 13-б.

           «Абай өз заманындағы надан қазақты аямай сынады. Ол сол уақытта жапандағы жалғыз жаңғырық сияқты болды. Содан бері 160 жыл өтті. Осы уақыт аралығында көркөкірек қазақ өркөкірекке айналды. Трайбализм (руға бөліну) дертінен әлі күнге дейін арыла алмадық. Тұтас ұлт болып бірігудің орнына күн өткен сайын шашырап бара жатырмыз.

                               Исраил Сапарбай. «Ақ жол Қазақстан». 8 шілде, 2005. 9-б.

  «Әдебиет деген өнер өте қасиетті болғандықтан, мұнда «коррупция» да бар. Мәселен, өтірік мақтау рецензиялары. Рушылдық, жершілдік, сондай-ақ сыйлық алуда да әділетсіздік байқалып қалып жатады».

Жұмабек Шаштайұлы. жазушы. «Айқын», 4 қаңтар 2009 жыл. 8-б. 

«Біздің халықта дискуссия мәдениеті мүлде қалыптаспаған. Бір ойды идеялық тұрғыдан көтерсең, басқалар мұны өзіне жасалған шабуыл деп түсінеді. Ешкім өзінің кемшілігін мойындағысы келмейді».

«Қазір зиялы қауым ортасында ешқандай дұрыс әңгіме болмайды. Әңгіме дұрыс болсын-болмасын билікке жұмыс жасайды. Не белді бір топтың сөзін сөйлейді. Басқаша айтқанда, бізде зиялы қауым – жалдамалы жұмысшыға айналып бара жатыр».

Әуезхан Қодар. «Айқын» газеті, 28 ақпан, 2009 жыл. 3-б. 

Қазіргі не өзгерді. Бүгінгі таңда да қазақты мақтаған сөз іздеп табу қиындау болып тұр. Сөз жоқ, жоғарыда сөздері келтірілген тұлғалар, әрине, қазақ үшін жаны күйген соң осындай пікірлер білдірді деп ойлаймын. Бірақ, иә, бірақ атақты адамдардың айтқан сөздері жерде қалып кетпейді. Көпшілік оларға құдайдай сенеді. Содан бұндай пікір бадырайып ұлғая береді, ұлғая береді.

Орта ғасырда өмір сүрген бір дәрігер: «Барлық нәрсе у, барлық нәрсе дәрі, мәселе мөлшерде» деп айтқан екен.

Қазақты сынама демеймін. Бірақ адамға жылы сөз көбірек керек екенін де ұмытпаңыздар. Қазақ жылы сөзге шөлдеп отырған сияқты. Сондықтан мөлшер дегенді ұмытауларыңызды сұранамын.

«Тірі адам тіршілігін жасауы керек» деген сөз бар халқымызда. Тағы бір сөз «Болар елдің баласы бірін бірі батыр дейді».

Жақсы сөз айтайықшы. Қазаққа жақсы сөз керек.

Қазақ робот емес. Роботтар өлмейді, себебі олар адам емес. Бір жері сынса, жаңа бөлшек әкеліп ауыстыра салады.

Ал, Қазақ тірі ұлт. Оның санасы, ар-ұяты, жаны және жүрегі бар.

Қазақтың жүрегін ауыртпаңыздаршы. Жүрек ауырса білек те ауырады.

Қазір қазақ атқарар іс көп. Ол үшін білек керек.

Сондықтан бір бірімізге, бір біріміз туралы, ұлтымыз туралы жақсы сөз айтуды көбейтейік.

«Жақсы сөз жарым ырыс» екені ұмытпаңыздар, ағайын..

Бердалы ОСПАН.

Мәдениеттанушы.

 

Пікірлер