«Қара майор» Борис КЕРIМБАЕВ: «Бiздiң батальон о баста Пекиндегi Үкiмет үйiн басып алу үшiн құрылған едi... »

2715
Adyrna.kz Telegram

Редакциядан: Кеше ғана жамбасы жерге тиген "қара майор" Борис Керімбаев туралы әлеуметтік желіде жұртшылық пікірі екіге бөлінді. Бірі оны ұлтының адал ұлы, сайыпқыран командир десе, екінші тарап мұсылман елін басып кірген басқыншы санауда. Біз назарларыңызға "Паншер патшасы" атанған Борис ағамызбен осыдан 14 жыл бұрын белгілі журналист Өмірзақ Ақжігіт ағамыздың жасаған сұхбатын ұсынамыз.

Әкем қолына хат тиген күннiң ертесiне жолға шыққан ғой...

- Мен Алматы облысының Жамбыл ауданындағы бұрынғы Прудки, қазiргi Сарыжаз ауылында туып өстiм. Мектептi орысша бiтiрдiм. Әкем мұғалiм, анам мұғалiм, ал, мен әскери адам боламын дедiм.                                  - Неге әскери болғыңыз келдi?
- Ол кездегi патриотизм деген керемет едi ғой. Ауылға әскери кино әкелiп қойса, барлық бала бiрiмiз қалмай барып көретiнбiз. Мен бала кезiмнен командир болуға құмар едiм. Кiтаби тәрбие, романтиканың да әсерi болса керек... Әйтпесе мен әке-шешемнiң ұлдан да, қыздан да, жар дегенде жалғыз баласымын, олар менi алысқа жiбере қойғысы келдi деймiсiң. Ал, мен болсам ата-ананың қанатының астынан алысқа кетiп, өзiмдi сынап көруге аңсарым ауды да тұрды. Содан Ташкенттегi жоғары әскери училищеге барып түстiм. Бiрақ... қызық әскери өмiр тек кiтапта болады екен. Мен үшiн оқу қиын өмiрге айналды. Қанша жерден мектепте жүгiрумен айналысып, шынығып, дайындықпен келдiм десем де. Не керек, мен үйге оқуды тастамақпын деп хат жаздым. Анамнан «мейлi, келе ғой, бiр оқуға түсерсiң» деген хат келдi. Менiң хатым әкемнiң қолына түсiптi. Ол кiсi сол күннiң ертесiне жолға шыққан ғой... «Елге күлкi, мазақ болмақпысың?!» дедi. Әкемнiң сонша жерден намыстан жарыла жаздап жетiп келгенi маған қатты әсер еттi. «Қам жемеңiз, ұятқа қалдырмаймын!» деп уәде бердiм. Бiр сағат қасымда отырып әкем қайтып кеттi...

-Оқу бiтiрген соң әскери жолмен қызмет бабында жайлап өсiп жаттыңыз?
-Иә. Алдымен Германияға барып қызмет еттiм. Ол жаққа кетерде әке-шешем «бiр өзiң кетпе» деп менi үйлендiрiп жiбердi. ЖенПИ-дi бiтiрiп, ауылға келiп жұмыс iстеп жүрген бiр қызға.
- «Бүлдiршiндей бiр қызға, сыңар қылған ауылым» десеңiзшi.
- Соның өзi. Әттең... Әскерилер де әртiстер секiлдi көп үйленедi деген бiр сөз бар ғой, менiң де әлгi қызбен дәм-тұзым жараспады. Бiрақ, ол маған кейiн өз жолымды қуған қыз сыйлады, қазiр одан өзiмнен айнымаған немерем бар. «Ер нағашысына тартып туады» дейтiн бе едi. Өмiрiмнiң қызығы сол бүгiн...

1979 жылы Темiртауда қызмет етiп жүргенiмде Алматыға көшiп келген әкем «бiз қартайдық, қасымызға келсейшi» деп қоймады. Мен ақырында «жарайды» дедiм. Әкемнiң қолынан келмейтiнi жоқ, басшыларға барып ауыстыру мәселесiн өзi шешетiн болды.
- «Әкемнiң қолынан келмейтiнi жоқ» дейсiз, ал, айтуыңызға қарағанда ол кiсi өмiр бойы қарапайым мұғалiм болыпты.
-Иә, солайына солай, бiрақ, әкемнiң оқытқан шәкiрттерi талай мықты орындарда отырды ол кезде.
- Демек, әкеңiз абыройлы ұстаз болған екен ғой.
-Содан әкеме министрлiктегiлер «балаңыз өз бетiмен жақсы өсiп келе жатыр, неғыласыз жылы орнын суытып, тамырын суырып» деп кеңес берiптi. Әкем сол ақылға тоқтады. Ал, мен батальон командирлiгiнен Эфиопияға әскери кеңесшi болып кететiн болып, құжаттарымды тапсырып, жоғары жақтың шешiмiн күтiп жүрдiм. Мiне, дәл осы жерде менiң тағдырым күрт өзгердi.

Апта сайын мал сойып, қонаққа шақыратын

- Есiңiзде болса, бұл кез КСРО әскерiнiң Ауғанстанға басып кiрген кезi. Ол төңкерiстi ұйымдастырған кезде ауған астанасындағы Хафизулла Әминнiң сарайын басып алған негiзiнен өзбектерден құралған арнайы отряд болатын. Мәскеудегi жоғары саяси, әскери басшылық — бүгiн ендi ол туралы айтуға болады — Қытаймен екi арадағы салқын қатынасты есептей отырып, дәл сондай отряд Бейжiңде де (Пекинде) қажет болып қалуы мүмкiн деген шешiмге келген ғой. Қытайда ұйғырлар көп екендiгi себептi бұл отрядтың негiзiн ұйғырлар құрауға тиiс болған. Менi құзырлы комиссия сол отрядқа командир етiп тағайындауға шешiм шығарады. Орта Азия әскери округының қолбасшысына шақырып, Алматыға келгенiмде барлау ротасының бiр подполковнигi менiң кiм екенiмдi сұрап, аты-жөнiмдi естiгенде «ой-ой-ой» деп басын ұстап отырып қалғаны әлi күнге көз алдымда... Ал, мен не болып жатқанынан бейхабармын. Өзiңiз бiлесiз, әскерде сұрамайды, бұйырады ғой. Сол күнi түнде Мәскеуге ұштым. Ертесiне түн ортасына дейiн менi тағы да түрлi сынақтан өткiзумен болды. Келесi күнi қолыма 177-арнайы мiндеттi бөлек отрядтың командирi деген бұйрық ұстатты. Бас штабтың бiр жоғары шендi офицерiнiң айтқаны есiмнен шықпайды «Бiз сен үшiн бәрiмiз бiр адамдай қол көтердiк. Егер ұятқа қалдыратын болсаң «атылсын» деп қос қолымызды көтеретiн боламыз. Ар жағын өзiң ойлан»...
-Мiндетiңiздi түсiнiп шықтыңыз?
-Түсiнгенiм сол, үлкен уәкiлдiк алған соң келе бiрден iске кiрiсiп кеттiм ғой. Қапшағайға орналастық. 8 айдай күнi-түнi жұмыс iстедiк. Мысалы, сол жылы Мәскеу Олимпиадасының нысандарын салу қызу жүрiп жатқан. Мен құрылысшы солдаттардың iшiнен 300-дей ұйғыр солдатты өз қалауымша таңдап, iрiктеп алдым. Бiр рота ғана казармаға жайғасты, қалғандары палатада тұрды. Қыс бойы. Әбден дайындалып болған кезде, күзге таяу, бiздiң батальонның бағыты тағы өзгердi... Ұйғырлар түгелдей дерлiк әскерден босатылып, орнына ендi орта азиялық ұлттардың өкiлдерiнен, негiзiнен қазақтардан құралған отряд жасақтау тапсырылды. Тағы бiр жыл тынымсыз жұмыстан соң 1981 жылы 25 қазанда ауған елiн бетке алып орнымыздан қозғалдық қой. 29 қазан күнi таңертең сағат 5-те ауған жерiне кiрдiк, сағат 6-да бiрiншi шайқасқа түстiк.
— Кiрмей жатып соғысқа тап болдыңыздар?
— Иә. Бiр сағаттай айқас болды.
— Бiз соғысты көрген жоқпыз. Сiз де көрген жоқ едiңiз. Алғашқы айқастан соң қандай әсерде болдыңыз?
— Қандай әсер? Жан-дүниең төңкерiлiп түседi... Әсер деген сол. Қанша жерден әскеримiз дегенмен, бейбiт өмiрде әр солдатқа былайша айтқанда бес-алты тәрбиешi бар ғой. Ал, ана жерде көп сөйлеп жатуға, тiптi сөйлесуге уақыт жоқ. Сондықтан солдаттар жас балалар болса да бiр күннiң iшiнде есейiп шыға келдi.
— Сонда сiздiң батальонда әскерге барғанына бiр жыл толмағандар да болды ма?
— Әрине. Солдаттардың жасы да, бiр жарым жылды артқа тастаған жасамысы да болды.
— Неге өңкей сондай жасамыстардан жасақталмады батальон?
— Не үшiн тек қана жасамыстардан жасақталуы қажет? Солдаттар ыдыс-аяқ жуумен шұғылданған жоқ қой. Олардың үш ай ғана жаттыққандары да болды. Бiрақ ол үш ай басқалардың пәленбай айына татитын. Жаттығу күнi-түнi жүрдi. Атысты, парашютпен секiрдi, барлау iсiн үйрендi. Офицерлердiң iшiнде таза барлаушы мен ғана едiм. Өзгелерi атқыштар едi, бәрi қайта дайындалудан өттi. Батальон негiзiнен соғысуға дайын болды, сондықтан кiргiзiлдi.
— «Спецназ, спецназ» деймiз. Соның ерекшелiгi неде?
— Ол негiзi ядролық қару пайда болғаннан кейiн жау тылына түсiп, сол ядролық қаруды табу және оны жою жолында барлау жасау мақсатында пайда болған құрылым едi. Бiрақ, ауған соғысына байланысты бiздiң отрядтың алдына қойылған тапсырма басқалау болды. Бiз әскери операцияларға кiрмеймiз. Бiзге бандылардың базалары мен қару-жарақ қоймаларын табу, қару-жарақ таситын керуендерiн торуылдап, жойып отыру мiндеттерi жүктелдi.
— Сонда сiздiң арнайы отрядты өз алдына кiшкене бiр армия деуге болады ғой?
— Дұрыс айтасыз. Бiздiң алғашқы тұрағымыз Меймене қаласы болды. Ол Өзбекстанның шекарасынан 70 шақырым жерде. Осы арақашықтықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бiзге тапсырылды. Сонда 8 айдай тұрдық. Бұл бiздiң соғыс жағдайына бейiмделiп алуымызға септiгiн тигiздi. Жоғарыда айтылған мiндеттердi орындаумен айналыстық. Батальонымдағы он шақты адамнан айрылдым. Бұл әскери өлшеммен қарасаңыз көп емес, ал, әр адамның қазасының өзi аз емесiн ескерсек - көп. Екi айдан соң бiздi басшылық үлкен iсте тексерiп көрмек болып, Дарзоб қаласы маңындағы операцияға тартты. Операциядан соң бiздiң отрядты екi аптаға қалдырды. Екi апта төрт айға созылды. Осы кезде бiзге қала халқымен қоян-қолтық жұмыс iстеуге тура келдi. Бiз олардың жерiн басып алуға емес, сәуiр революциясын қорғауға келгенiмiздi түсiндiрдiк. Әр жұма сайын мен ақсақалдармен бiрге мешiтке барамын. Әрине, олармен бiрге намазға жығылмаймын, олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етемiн. Шайқас болып өткен соң оңай ма, мешiт те, үйлер де, жолдар да қираған. Бiз соның бәрiн жөндедiк. Содан кейiн барып жергiлiктi халықта бiзге деген сенiм, құрмет пайда болды. Шынымды айтсам, Ауғанстанда өткен екi жарым жылымның iшiнде өз жұмысыма қанағаттанғаным сол Дарзобта тұрған кезiмiз едi...
— Жаңағы операция дегенiңiз не едi, соны түсiндiре кетсеңiз.
— Операция жүргiзiлген себебi, Дарзобтың маңайында душмандардың базасы бар болатын. Кеңес әскерлерiне соны жою қажет болды. Жоймасаң, олар бiзге бiрiншiден, тыныштық бермейдi, екiншiден, халық арасында бiз туралы терiс үгiт-насихат таратады. Ең ақыры «шуравилар», яғни кеңестiктер «қорқақтар, олар жол торуылдауды ғана бiледi, одан сыртқа аттап аяқ баса алмайды, бiзбен тауда соғысуға бата алмайды» дейдi. Әрекет iстемесең ауған халқы ол сөзге сенiп қалады.
— Борис аға, осы жерде бүгiнгi күннiң тұрғысынан «душман» дегенiмiз кiм едi, олар туралы сол кездегi ұғымымыз дұрыс па екен, жоқ әлде қате ме екен?
— Орыстарда «не надо ходить чужой монастырь со своим уставом» деген мақал бар ғой. Бiздiң кеңес үкiметi өзiнiң оңтүстiк шекарасын нығайту, қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында ол елде де социалистiк, бiзге дос мемлекет орнатқысы келдi ғой.
— Ауған халқы оны қалай қарсы алды?
— Халықтың бiр бөлiгi, мемлекет басшылығы «жарайды» дедi. Бабрак Кармаль, Наджибулла. Олар Кеңес Одағында оқыған азаматтар едi. Ал, халықтың көбi оған көңiл бөлiп қараған да жоқ. Содан кейiн Ауғанстанда Ахмад Шах Масуд тәжiктердiң басшысы болды. Өзiнiң үлкен жер аумағы болды. Дәл сол секiлдi елдiң бiраз жерiн Гүлбеддин Хекматияр, бiраз жерiн Раббани билеп тұрды. Олар орталық мемлекетке оған дейiн де бағынбай келген, кеңес әскерiнiң күшiмен билiкке келген өкiметке де бағынған жоқ. Өздерiнiң тайпаларын жеке билеп-төстеп үйренген оларға ешқандай жоғары билiк керек болмаған. Бiз оларды бағынбағаннан кейiн «душман» дедiк.
— Ауғанстанға социализмдi, кеңес өкiметiн күшпен таңбақшы болдық?
— Иә. Және оны бiздiң саяси билiк шештi. Ал, бiзге, әскерилерге «оңтүстiктегi шекарамызды қорғауымыз керек» деген бұйрық берiлдi. Бiз оны орындауға тиiспiз. Осылайша басшылық бiздi он жылдық, ешкiмге қажетi жоқ соғысқа апарып килiктiрдi ғой.
— Дегенмен, сiздер жоғарыдағыдай жақсы iстерiңiзбен халықты өздерiңiзге тартып, баурай алдыңыздар ғой?
— Бiр ғана мысал айтайын. Операция кезiнде елдiң бәрi тауға қашып кеттi. Қалада тек қарттар мен жас бала-шаға қалған. Айқастан кейiнгi алғашқы аптада бiр күнi алдыма екi-үш ақсақал келдi. Менiң солдаттарымның үстiнен шағым жасап келдi. Солдаттар да жас балалар ғой. Бiреуiнiң тауығын, бiреуiнiң магнитофонын тартып алған. «Шуравилер, қарақшысыңдар, елдерiңе кетiңдер!» дейдi. Мен ақсақалдардың арызына «тез алғандарыңды қайтарыңдар!» деген бұрыштама қойып, рота командирiне жiбердiм. Мiне, сол оқиғадан кейiн халық бiздiң ешқандай да қарақшы емес екенiмiзге сене бастады. «Кеңес әскерi кетедi, содан кейiн iсiмiз сендермен болады» деп қорқытатын бандылар жайлы мәлiмет бере бастады. Олардың өз арасында да ежелгi өшпендiлiк бар. Бiз жорыққа шығып, душмандарды өз ұяларында жайраттық. Халық арасында «жеңiлудi бiлмейтiн Пехлеванды шуравилар таудан-тауға қуып жүрiп талқандады» деген сөз тарады. Ең бастысы, бiз соғысу үшiн келген жоқпыз, сiздердi қорғау үшiн ғана келдiк деген сөзiмiзге сендiру үшiн ауған әскерiнiң командирлерi, өз әрiптестерiм арқылы жергiлiктi жұртпен жұмыс iстедiк. Жөндеуге кiрiстiк. Ауғандағы соғыс негiзiнен базар үшiн жүретiн. Өйткенi, ол елде сауда нүктесi бар жерде ғана қайнаған өмiр бар. Осылайша бiз ауғандардың өз баласындай болғанымыз соншалық, бiздi қайтадан Мейменеге көшiру жайлы бұйрық келгенде ақсақалдар жиналып, бiздiң басшылыққа барды. «Мұсылман батальонды» қалдырыңыздар, бұлардың тамағын бiз өз мойнымызға аламыз» дедi. Ақсақалдар әр апта сайын бiр малын сойып, кiшiгiрiм той жасап, менiң отрядымды күтiп жiберетiн. Менi үйлерiне қонаққа шақырып тұрды...
— Қалдырды ма сiздердi?
— Әрине, қалдырған жоқ.

Менiң басым үшiн тiгiлген 5 миллион доллар ешкiмге бұйырмады

— Сiздiң «басыңыз» үшiн душмандар миллион долларды сол кезде тiгiп жүр ме?
— Ол оқиға Панжшер шатқалында болды. Тәжiкстанда кезiнде кеңес өкiметi орнағанда көп тәжiк ауған жерiне өтiп кеткен ғой. Ауғанның өз елi негiзiнен пуштундар. Олар кiрме тәжiктердi осы шатқалға айдап тастаған. 120 шақырымға созылып жатқан, бiр ұшы Пәкiстанға шығатын бұл шатқал елдiң үштен екiсiне жуығын билеп тұрған Ахмад Шахтың «жерi» едi. Оның қол астында 100 мыңнан астам жауынгер болды. Шатқал лазурит, алтын тәрiздi жерасты қазба байлықтарына толы. Оған табиғатының тамашалығын, климатының жұмсақтығын қосыңыз. Басқа аймақта дихандар жылына бiр рет егiн егiп алса, бұл жерде екi-үш рет егiп алатын.
— Неге осындай бай өлкеге пуштундар қызықпаған?
— Қызыққан ғой. Бiрақ, тәжiктер ауып келген 40-50 жылдың iшiнде бұл шатқал нағыз қамалға айналып үлгерген. Өйткенi, байлықтың үстiнде отырған ел қару-жараққа ақшаны аямаған. Ендi пуштундарыңыздың өзi бұл шатқалға кiре алмайтын болып қалған. Ахмад Шах кез келгенiн қуып шығады.
— Мемлекет iшiндегi мемлекетке айналған десеңiзшi.
— Иә. Сол шатқал арқылы душмандар шетелдерден қару-жарақ тасиды. Термезден Кабулға бара жатқан бiздiң әскери колонналарымызды Ахмад Шах ұрады да тұрады. Сондықтан дұшпанның бұл ордасын талқандау туралы шешiм қабылданды. Кеңес әскерiнiң өзi 12 мың жауынгердi құрады. Операция табысты өттi. Ахмад Шахтан шатқалды тартып алдық. Ендi оны ұстап тұру керек. Сөйтсек, Бабрак Кармаль менiң оны ұстап тұруға шамам жоқ дейдi ғой. Кеңестiң 40-армиясы да қала алмайды мұнда, оның алдында басқа мақсат бар. Осы келiспеушiлiктi жұмысы өте жоғары деңгейде жолға қойылған барлау iсi бар Ахмад Шах бiлiп қойып, өзiнiң шашылған абыройын жинап алғысы келiп, «бiр айдан қалмай шатқалдағы соңғы шурави солдатты отқа үйiтемiн!» деп Құран ұстап ант iшкен. Бұл хабар «ұзынқұлақ» арқылы бүкiл ауған жерiне тарады. «Бiздiң Ахмад Шах, Панжшердiң «Арыстаны» жеңiлмейдi! Ол ант берiптi» деп елдiң бәрiнiң күткенi шуравилардың не iстейтiнi болды. Менiң батальонымның Дарзобтан Мейменеге ендi қайтып келген кезi. Маршал Соколов, КСРО қорғаныс министрiнiң орынбасары менi шақырып алып, «шатқалды бiр ай өз қарауыңа аласың» дедi. Неге екенi түсiнiктi ғой.
— «Арыстанның» аузына батальонды тастап, соның есебiнен армияны аман алып шығу...
— Мен бiр айдың орнына 8 ай тұрып қалдым. Және жай тұрғаным жоқ қой! Сегiз ай бойы ауғанда аты аңызға айналған Ахмад Шахпен соғыстым. Ақыры ант берген Ахмад Шахты келiссөз жүргiзуге мәжбүр еттiм.
— Аңызға ендi сiз айналдыңыз. Сол кезде ғой оның «қара майордың», яғни сiздiң басыңызға 1 миллион доллар тiккенi?
— Бiр миллион доллар алғашында едi. Кейiн ол екi миллион болды, үш миллион болды, төрт, бес миллионға көтерiлдi. Ең соңында Ахмад Шах «Қара майорды» өлтiрген адамға қалаған ақшасын беремiн» дедi... Менiң отрядым оның тамағына қадалған сүйек болды ғой.
— «Ахмад Шахтың барлау iсi күштi едi» деп қалдыңыз. Ол iс сiздерде қалай жолға қойылған едi?
— Бiздiң агенттерiмiз де өте жақсы жұмыс iстедi деуiме болады. Бұл мәселеде бiз негiзiнен халықтың көмегiне сүйендiк. Мысалы, маған әкелген бағалы мәлiметi үшiн мен «хабаршыларыма» ұнмен, күрiшпен, қысқасы қолымда барыммен есептесiп тұрдым. Аяған жоқпын.
— Есептесiп тұрмасаңыз олар сiзге мәлiмет бермей қояды?
— Бермей қояды. Барлық нәрсе саудаға, «мен – саған, сен – мағанға» негiзделген.
— Сiздерге жоғарыдан осы мақсатқа деп арнайы қаражат бөлiнген жоқ па сонда?
— Бөлiнген жоқ.
— Солдаттарыңыздың аузынан жырып берiп отырдыңыз?
— Жырып берiп отырдым. Өйткенi, бұндай мәлiметке баға жетпейтiнi түсiнiктi шығар. Соның арқасында қанша рет бiз торуылға түспей кеттiк, яғни қанша адамымыздың өмiрiн сақтап қалып отырдық. Сосын соғыс болған соң бiз бандалардың базасын талқандамаймыз ба? Ал, ол базада тамақтың, киiмнiң, басқалай заттың неше түрлi қоры болады. Соның бәрiмен мен ауған достарымызбен, оның iшiнде «мәлiмет көздерiмен» бөлiсiп тұрдым. Тек өзiме болсын деген жоқпын, барынша мәрт болуға тырыстым. Ауғандықтар да көрдi менiң iсiмдi, тиiсiнше бағалады.
— Миллион доллар демекшi. Соғыста адамның барлық жақсы-жаман қасиеттерi сыртқа шығады дейдi. Ол елдiң тұрғындары туралы қандай пiкiр қалыптасты сiзде? Сөзге берiктiгi, дiншiлдiгi қандай дәрежеде екен? Әрине, берер бағаңыздың шартты екенi түсiнiктi, сонда да болса.
— Уәдеге тастай берiк деп айта алмаймын. Дiншiлдiктерi де сырт көзге секiлдi. Күндiз сiзбенен дос, бiрге тамақ iшедi, ал, түнде... Мысалы, Гүлбахор деген қалада тоқыма фабрикасы соғыс басталған соң тоқтап қалған екен. Бiз үш аптаның iшiнде қаланы бандиттерден тазартып, фабриканы күзетке алдық. Жергiлiктi партия және өкiмет басшылығы фабрикаға жаңадан жұмысшылар жинады. Ал, олары күндiз жұмысшы, түнде душмандарға айналады. Менiң жауынгерлерiм тиянақты, мұқият есептелiп жасалған операцияның арқасында 120 адамды бiр оқ шығармай тұтқынға алды.
Түсiнесiз бе, сәуiр революциясына байланысты ауғанда бiздегi бұрынғы «комсомол» секiлдi жастар ұйымы бар, ауылды қорғау отряды бар, ананы қорғау отряды, мынаны қорғау отряды бар, ондай ұйым таусылмайды. Және олардың бәрiнiң қаруы бар. Бұл елде қарудан көп нәрсе жоқ! Ауғандар ежелден жауынгер ел, он жасар бала да онда мылтық асынып жүредi. Базарда тауарын сатып отырған кез келген ауғанның қасында автомат, тiптi пулемет тұрады.
— Олар қаруға деген көп ақшаны қайдан алады?
— Ауғанда мал көп. Алтын көп. Лазурит көп. Мұнай да бар, газ да бар. Есiрткi боса-болмасын бар. Қысқасы, олар қаруға деген ақшаны табады. Шетелден де көмек келiп тұрғанын естен шығармау керек.
— Сонымен Ахмад Шах берген антын орындай алмады...
— Орындай алмағаннан кейiн ол бiздi келiссөзге шақырды ғой. Менiң өзiм келiссөз жүргiзу үшiн банданың ұясына үш рет бардым. Бұл дегенiңiз серуен емес. Менi Ахмад Шахтың өзi қабылдаған жоқ, сiрә бiр батальонды жеңе алмағанына намыстанған болу керек... Орынбасарларымен сөйлестiм. Нәтижесiнде Ахмад Шах тұтас жарты жылға соғыс қимылдарын тоқтатты. Шайқассыз күнiмiз бос өтпейтiн мұндай соғыс уақытында жарты жыл бейбiтшiлiк дегенiңiз өте үлкен олжа, соның арқасында қанша жастың өмiрi қыршынынан қиылмай аман қалды.
Мен Ахмад Шахқа ауған үкiметiнiң атынан Бабрак Кармальдың қорғаныс министрi бол деген ұсыныс та жасадым. Ол қабылдамады.
— Неге?
— Екеуi екi тайпадан. Кейiн Бабрак Кармальдың орнына Наджибулла келгенде Ахмад Шах дәл сол орынға барды.
Бiз ауғанда Хрущевтiң қателiгiн қайталадық

— Нелiктен бiз он жыл соғысып, ақыры абыройсыз болып тастап шықтық Ауғанстанды?
— Сiз азаматттық өмiр тұрғысынан қарап отырсыз. Бiрiншiден, бiздiң ауғанға кiргенiмiз қате болса, саяси жағынан қате болды, ал, әскери-стратегиялық тұрғыдан қарасақ қате болған жоқ. Екiншiден, әскерилер армияны кiргiзуге ең соңғы сәтке дейiн, Саяси Бюрода қаралған кезде қарсы болды. Әйтсе де... Әйтсе де, Ауғанстан бiзге стратегиялық тұрғыдан керек едi. Соғыс әрекеттерiнiң театры ретiнде. Кез келген мемлекет, кiммен ол дос болмасын, өзiнiң шекарасының айналасын соғыс әрекеттерiнiң театры деп қарастыруы қажет. Ықтимал театры деп. Соған дайындалады. Дайын болуы қажет! Әскерилердегi «бейбiт өмiр сүргiң келе ме - соғысқа дайындал» деген қағида содан шыққан.
— Қазақ та «жақсыны айтып, жаманды таяп қой» дейдi ғой.
— Дұрыс. Сондықтан қалай мүмкiндiк туды, солай кеңес әскерi ауған жерiне кiрдi. Болашақ үлкен соғысқа, ықтимал соғысқа дайындық жасау үшiн кiрдi. Әрине, ол «интернационалдық көмек» деп аталды. Ал, дайындық өте күштi түрде жүргiзiлдi... Сондай дайындықтан кейiн, қыруар еңбек жасап, он жылдан соң тастап шығып кеткенiмiз дұрыс болмады. Кезiнде БҰҰ-ның мiнберiн аяқ киiмiн шешiп алып сабалайтын авантюрист Никита Хрущев Қытайға енгiзiлген, мүмкiн сонау патша үкiметi уағынан бастап енгiзiлген барлаушылардың 60 пайызын ашып бердi ғой! Достық қадам жасаған түрi-мыс. Мен сiзге барлаушы ретiнде айтайын, әлемдегi бүгiнгi таңда барлаушы енгiзу мүмкiн емес бiрден-бiр ел – осы Қытай. Дәлiрек айтсақ, әрине, мүмкiн емес нәрсе жоқ, бiрақ, Қытайға ену үшiн барлаушы бес-алты елден өтуi керек. Сол бiр даңғой адамның кесiрiнен Қытай бағытындағы бiздiң «театрымыздың» ахуалы қазiр ауыр күйде. Қысқасы, бiздiң ауған жерiнен кетуiмiз де Хрущевтiң жаңағы iсi сықылды болды. Америкалықтар бiздiң әскерiмiздi Ауғанстаннан шығару үшiн қолынан келгенiнiң бәрiн iстедi және дегендерiне жеттi де. Сөйттi де ыңғайлы сәт туғанда қапысын жiбермей, «терроризммен күресемiз» деген ұранды жақсы желеулетiп ауған жерiне өздерi кiрiп алды. Және жуық арада шығатын түрi де көрiнбейдi. Джордж Буш бүгiн «бiз мүмкiн ешқашан ауған жерiнен кетпейтiн де шығармыз» дейдi. Яғни, айдаладағы Америка Ауғанстанды өзiнiң болашақ «соғыс театры» ретiнде өздерiне ауадай қажет деп қарастырады, орнығып алады. Ал, бiз болсақ қанша жауынгерiмiздi құрбан етiп орныққан жерiмiздi тастап шығамыз.
— Демек, бiздiң кiргенiмiз де қате болды, шыққанымыз да қате болды ғой?
— Кiргенiмiз қате болды деп кесiп айта алмаймын. Себебi, бiз сол заманның көзiмен қарап, өзiмiздiң оңтүстiк шекарамызда социалистiк жаңа бiр дос ел тапқымыз келдi, олардың социализм құрамыз деген ойын дамытып әкеттiк. Оның аржағында «ықтимал соғыс театры» туралы да ой жатты. Әлемдiк деңгейде соғыс тұтанып кетiп жатса олар бiзге оңтүстiк бағытта қимылдауымызға көмек бередi деп есептедiк.
— Ал, шыққанымыз қате болды?
— Иә, шыққанымыз шын мәнiнде қате тiрлiк болды. Мұны мен әскери адам ретiнде айтып отырмын. Әрине, бәрiне тарих таразышы, уақыт әлi өз төрелiгiн айтады. Дегенмен, өз пiкiрiмнiң дұрыс екенiне мен күмәнданбаймын.

Мен қиналған сәттер көп...

— Сiз үшiн соғыста ең қиын нәрсе не болды?
— Ең қиын нәрсе – командирлерiмнiң көптiгi болды.
— Қалай-қалай?
— Менiң батальоным үш жаққа бiрдей бағынатын. 40-армияның қолбасшысына, Түркiстан әскери округына, Мәскеудегi Бас штабтың Бас Барлау Басқармасына. Ендi менiң қандай жағдайда соғысқанымды көз алдыңызға елестете берiңiз. Армияның қолбасшысы «жорыққа!» дейдi, Мәскеудегi басшыларым «соғыспайсың!» дейдi. Бiр жағымда ауғанның Ахмад Шах атты «арыстаны», екiншi жағымда мүмкiн одан да күштi өз «арыстандарым». Екi оттың емес, төрт оттың ортасында екi жарым жыл жүрдiк қой...
— Осы екi жарым жылдағы батальонның ерлiгi өзiнiң әдiл бағасын алды деп ойлайсыз ба?
— Мен мысалы жауынгерлiк «Қызыл Ту» орденiмен, 3-дәрежелi «Отан алдындағы еңбегi үшiн» орденiмен марапатталдым.
— Сегiз ай Ахмад Шахпен арпалысып, оны тiзе бүктiргенiңiзге осы ордендер лайықты ма?
— Ендi мен Кеңес Одағы Батыры атағын берiңдер дей алмаймын ғой... Жалпы, соғыстың бас жағында орден, медальдарды аз бердi. Соғыс болып жатқанының өзi ашық айтылмай, құпия деп есептелiп келдi ғой. Батыр атағын алғандар болмады емес, болды, бiрақ өте аз болды. Әрине, менiң сұңқарларымның ерлiгiн соғыстың соңғы кезеңiндегiдей бағалағанда, онда штабтағылардың қолы олардың тiзiмiн жасаудан-ақ босамас едi.
— Сiздерге марапаттаудың аз көрсетiлуiне «мұсылман батальон» атанғандарыңыздың кесiрi тиген жоқ па?
— Жоқ, олай деп ойламаймын.
— Ал, батальон құрамында қазақтардың көп болғаны ше? Мен бұл сұрақты қойып отырғаным, Ұлы Отан соғысы кезiнде қазақ жiгiттерi бiр емес екi дүркiн Батыр атанатын ерлiк жасағанда ғана осы атақты берiп отырған деген ойдамын. Бермеске амалдары қалмағанда ғана берiп отырған ғой. Тағы 96 қазақ солдаты ол соғыста батырға тиесiлi жұлдызды ала алмай қалғанына күмәнiм жоқ.
— Ол мүмкiн. Ауғанстанда да олай болған жоқ деп айта алмаймын.
— Сiздiң шайқаса жүрiп, тұйыққа тiрелген кезiңiз болды ма?
— Әрине, соғыс болған соң ондай жағдайлар кездесiп тұрады. Тек мен оларды «тұйық» деп, «шығар жол жоқ жағдай» деп ешқашан есептеген емеспiн. Ешуақытта сарбаздарымның алдында сыр берiп, сасқалақтаған емеспiн. Себебi, соғыста сасқалақтадым дегенше құрыдым дей бер. Әсiресе, командир. Сен өзiң ғана құрымайсың, қол астыңдағы өмiрi мен тағдыры саған сенiп тапсырылған пәленбай адамды өзiңмен қоса құртасың.
— Толық қоршауға түскен жағдайлар ұшырасты ма?
— Әрине. Бiр немесе екi рота қоршауға түсiп қалған жайттар болды. Ондайда менi тiкұшақпен шайқас болып жатқан жердiң төбесiнен түсiредi. Немесе БМП-мен қоршауды бұзып кiрiп, жауынгерлерiме жетемiн. Олар «батька келдi, құтқарады ендi» деп қуанып қалады. Әлi жауынгерлерiме жеткен жоқпын, жолай рациямен жағдайларын бiлiп, кеңесiмдi беремiн. Және ол кезде мен қазақша сөйлеймiн! Өйткенi, душмандар орысша бiледi, ағылшынша бiледi, тәжiкше бiледi, сенiң радиотолқыныңды ұстап не айтқаныңды түсiнiп қояды. Олар тек қазақшаны түсiне алмайды.
— Сiздiң соғыс үстiнде қорыққан кезiңiз болды ма? Жалпы, қорқыныш сезiмiн қалай жеңiп үйрендiңiз?
— Соғыста қорықпайтын адам болмайды. Мен үш нәрседен қатты қорықтым. Бiрiншiсi – тұтқынға түсiп қалу. Екiншiсi - тұтқынға түсiп қалып, азапқа шыдамай есiмнен танып немесе түрлi дәрiлердiң әсерiнен әскери құпияларды айтып қою. Еркiмнен тыс батальонымдағы жiгiттердiң ажалына себепкер болу. Өйткенi, қазiргi заманда адам жанын қинаудың да, препараттардың да әбден жетiлгенi белгiлi ғой. Үшiншiсi және ең үлкен қорқынышым – сардар ретiнде шайқас үстiнде бiлiмiм, ақылым, тапқырлығым немесе батылдығым жетпей қалып, қарамағымдағы сарбаздарымды қырып алу. Қырып алып, түрмеге түсу. Сондықтан мен әр шайқасқа, кiшкентай болса да әр операцияға барынша мұқият дайындалуға тырыстым. Ақыл, бiлiммен қатар, әскери қулықты да қатар алып жүрудi үйрендiм. Соның арқасында шығар, тұтқынға да түспедiм. Сосын, әрине, бiр Алланың да жар болғаны сөзсiз...
— Жаныңыздың ерекше бiр қиналған сәтiн есiңiзге түсiрiңiзшi.
— Менiң жанымның ерекше қиналған сәтi көп. Себебi, мен әр жауынгерiм қаза тапқан сайын өзiмдi кiнәлi сезiндiм. Мүмкiн, тiкелей кiнәлi болмасам да. Жаным езiлiп қиналдым. Оларды көзiмнiң қарашығынан артық аман сақтауға тырыстым. Содан да шығар, екi жылда менiң бар-жоғы 50 жауынгерiм шығын болды. Екеуi iз-түзсiз жоғалып кеттi. Тұтқынға түстi, яғни, соғыстағы ең жаман нәрсеге тап болды. Адамды ең көп жоғалтқан шайқасымда мен 7 жiгiтiмнен айрылдым. Онда да бiздiң отряд алдындағы шолғыншыларымен бiрге торуылға тап болды. Тәжiрибесiздiктен. Осы екi жылдың әр сағаты, әр минуты менiң көз алдымда. Сiз сенерсiз, сенбессiз, бiрақ, шындығы сол. Қаруластарым кейде бiр оқиғаны естерiне түсiре алмаса дереу маған хабарласады. Үш рет инфаркт болдым. Ендi қашан соңғы рет болар екенмiн деп күтiп жүрген жайым бар...
— Құдай қуат берсiн, аға!

Өмірзақ Ақжігіт

Пікірлер