ТУРИЗМДІ ТӨРГЕ ШЫҒАРДЫҚ

2212
Adyrna.kz Telegram

Осыдан бірнеше күн бұрын Қонаев шаһарында игі бір шара өтті. Алматы облысының орталығында ел мен жаһанның жампоз журналистері мен туристік операторлары бас қосты. Айтулы шараға adyrna.kz тілшісі де қатысып, өңірдің туризм саласындағы бастамалырана куә болды.

Алматы облысы Туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен «IZ tour» және «Welcome to Konaev» атты туристік-ақпараттық тур, «Alatau Hike» атты форум басқалардан ерекшелене білді. Облыс туризмін дамыту әрі әлеуетін көрсету мақсатында шетелдік оның ішінде Ұлыбритания, Италия, БАӘ және Нидерланд елдерінен мамандарды тарту үлкен жетістік. Және олардың әрбірі облыстың негізгі туристік нысандарын аралап, өз ұсыныстарын айтқаны көңіл көншітті. Демек, даму, прогресс бар деген сөз.

Жаңадан құрылып жатқан облыс орталығының идеологиялық сипатын жан-жақты ашу үшін Димаш Ахметұлының Алматы қаласындағы музейінен тур бағдарламасын бастау стратегиялық тұрғыдан өте жақсы шешім іспетті. Осы азаматтың аты берілген жаңа орталыққа жолы түскен туристер ең әуелі Қонаевтың кім болғанын, оның қаншалықты мемлекетшіл тұлға ретінде ел жадында қалғанын терең аңғаруы керек. Сондықтан да журналистер мен туристік операторлар тур бағдарламасы аясында Димаш Ахметұлының музейіне бас сұқты.

Қазақстанды өркендетуге атсалысқан тарихи тұлғаның музейіндегі әр жабдық туристер танымын оятып, қызығушылығын арттыратыны сөзсіз. Бұл осы турға шақырту алған әр эксперттің өзінен ақ байқалды.

Облыс туризмі туралы сүбелі ой айтады деп аттай қалап шақыртқан мамандар Қонаев қаласына беттеді. Жергілікті табиғат тамашаларын көріп, шабыттанғандар да табылып жатты.

Екінші күні тарихи жәдігерлер, атап айтқанда, КСРО шағында кең қолданыста болған бұйымдар мен ретро-көліктер көрмесі де ерекше әсер қалдырды.

Ал, түс ауа ұйымдастырылған «Alatau Hike» форумында облыс туризмін ілгерілетуге бағытталған тамаша ұсыныстар айтылды.

Алғаш сөз алған Алматы облысы Туризм басқармасының басшысы Айбар Талғатұлы алдағы уақытта жоспарланып отырған іргелі жобалар жайлы тарқатып, атқарылған игі істерге тоқталып өтті. Сондай-ақ, облыс туризмінің әлеуетін арттыру үшін кез келген ұсынысты тыңдап, жақсы шараларды бірлесіп атқаруға шақырды.

Аталған форумға туризм саласының майталмандарымен қатар шетелдік қонақтар қатысты. Олардың арасынан алғаш сөз алған «Avruoa Media Group» басшысы Ватан Өз Алматы облысының табиғатына тәнті болғанын, сондай-ақ, осы арқылы еуропалықтарды қызықтыруға болатынын айтып өтті.

Өзге қонақтар туризм саласындағы маркетинг, маман даярлау, сервистік қызметтер жайлы баяндамалар оқып, оларды үздіктер қатарына қосу үшін арнайы ұсыныстарын жеткізді.

Кәсіби мамандар арасындағы мұндай басқосулар бір Алматы облысында ғана емес, әр өңірде өткізілуі керек. Сонда ел туризмі оң бағытқа өзгерер еді. Туризмді төрге шығарсақ ұтарымыз да көп болмақ.

Пікірлер