Қытайды қоршаған АҚШ әскери базалары: АҚШ-тың Қытайды бөлшектеу жоспары болған ба?

6002

 Соңғы жылдары АҚШ пен Қытай экономика, қорғаныс сынды ең негізгі салаларда бәсекелесе бастады. Құрама Штат тарабы  стратегиялық бәсекелесі ретінде Ресей мен Қытайды қатар қойды. Сонымен бірге Үнді-Тынық мұхитындағы әскери әрекеттері АҚШ пен Қытай арасында туылуы мүмкін соғыс қаупін елестетті. Осыған байланысты АҚШ-тың әскери базалары қандай рөл атқарып тұр? Қытайдың басты қауіптері неде? АҚШ-тың әскери базалары қайда, қалай орналасқан деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

«2030 жылы АҚШ Қытайды бөлшектеуі мүмкін»

2009 жылы 20 қарашада Қытайдың Халықтық азаттық армия әскери-әуе күштері университеті профессоры Дәй Шүй (Dai Xu) аталған жоғары оқу орнында «Қытайды бөлшектеу 2030 – АҚШ-тың ғаламдық стратегиясы және Қытай дағдарысы» атты атышулы лекциясын сөйлеген. Оның лекциясы Қытайдың өзге әскери мамандары айтқандай «біз құдіретті армиямыз» деген ойға құрылмаған, керісінше Қытайдың ең күрделі әскери қиындықтары, АҚШ-тың Қытайға бағыттаған «C тәрізді қоршау стратегиясын» алға тартқан.

Аты шулы бұл лекцияда Дәй Шүй Тибет пен Шынжаң мәселесін де тілге тиек етіп, аталған автономиялы регион тұрғындарын «өздерін ешқашан Қытайдың бұқарасы сезінбейтінін», «Қытайдың тұрақтылығына қауіп төндіретін күш» ретінде бағалаған. Соны айта отырып, алдағы уақытта Қытайдың тұрақтылығы үшін бұл аймақтарда аса қатаң сақтық шараларын енгізу керек екенін ортаға салған. Аталған региондардағы басшылықтың жалған «ұлттар ынтымағын» ұрандаған көз бояушылығын ашық сынға алған. Әрі, бұл аймақтар шетелдік күштердің қолдауына ие болса дербестік алу мүмкіндігінің бар екенін баса айтқан.

Профессор Дәй Шүй лекциясында Қытай үшін ең үлкен қауіп ретінде Құрама Штатты көрсетеді. АҚШ-тың Қытай айналасына әскери базалар орналастырып, Қытайды «С» тәрізді қоршап тұрғанын айта келіп: «Қазір Қытай қоршауда қалған мемлекет! Қытай экономикасы алдағы уақытта Құрама Штатты басып озуы мүмкін. Бірақ, ірі экономика құдіретті елдің кепілдігі емес. Кезінде дүниенің 33 пайыз экономикасын иелеген Цинь империясы Англия мен Жапониядан оңбай жеңілген. Біз қазір екінші ірі экономикалық ел болғанымызбен, экономика құрылымын тұрғын үй, тұрмыстық тұтыну бұйымдары ғана құрап отыр. Экономика құрылымы АҚШ секілді әскериленгенде ғана біз құдіретті ел бола аламыз. Айталық, экономикасы бізден кенже қалған Ресей бізден әлде қайда құдіретті ел; Израиль кішкентай ғана ел бола тұра әскери технологиясы бізден озық. Біздің теңіз армиямыздың әскери технологиясы 1960 жылдардағы Кеңес одағының теңіз күштерінің қуатымен қарайлас. Бұл – намыс, бізде шындықты айтатын адам кем. 2030 жылы АҚШ Қытайды бөлшектеуі мүмкін», – деп түйіндеген.

АҚШ-тың Қытайдың қоршаған 400 әскери базасы

2017 жылы 31 қаңтарда Англияда «Таяу мерзімде болуы мүмкін Қытайға қарсы соғыс» атты деректі  фильмі жарық көрді.  Бұл деректі фильмде АҚШ-тың Қытай территориясын қоршап тұрған 400 әскери базасы толық айтылған.  Фильм таралысымен бұл Қытай тарабынан қызу талқыға түсті. Қытайдың әскери мамандары да АҚШ-тың Қытайды қоршаған 400 әскери базасының бар екенін растаған, әрі бұл әскери базаларда шабуылдаушы, шарлаушы, ұшақ тасымалдаушы және жойғыш кемелерімен қатар, стратегиялық бомбалаушы ұшақтар, ядролық оқ тұмсықтар, зымыран қорғаныс жүйелерінің орналасқанын айтты.

 

Ал, 2017 жылы Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері арасындағы жанжал күшейіп, тараптар жиі қарсылыққа келді. Таласты территорияларда әскери жаттығулар өткізді немесе өзге де әскери қадамдарға барды. Бұның бәрінде Құрама Штат ашық араласып отырды.

Үнді-Тынық мұхитындағы АҚШ әскери базалары жалпы Құрама Штат әскери базаларының 42,7 пайызын ұстайды. Олар негізінен үш үлкен негізгі шеп пен жеті үлкен шоғырға бөлініп орналасқан.

Бірінші шеп: Аляска-Жапония-Оңтүстік Корея-Тайуан (Тайуан)-Папуа Жаңа Гвинея-Аустралия шебі; Міндеті – Стратегиялық маңызды аралдар мен теңіз жолдарын бақылау; Теңіз аумағын тізгіндеу;

Екінші шеп: Гуам аралы–Папуа Гвинея–Аустралия–Жаңа Зеландия шебі; Қатаң бақылаудағы әскери базалар шебі;

Үшінші Шеп: Гавай аралдары мен оған жақын шағын аралдардағы әскери базалар; Егер АҚШ-Қытай арасында әскери қақтығыс болған жағдайда осы аталған үшінші шеп артқы шеп қызметін атқарады.

Маңызды базаларының бірі Жапон теңізіндегі Окинауа базасы. Бұл базаны Құрама Штат 1945 жылдан бері өз меңгеруіне алған. Бұл базада көптеген ірі әскери қарулар орналасқан және оқ тұмсықтар 2 мың шақырым аумақтағы маңызды қалаларын (Бейжің, Шанхай, Чұңчин, Ши-ан) қарауылға алған. Оңтүстік Кореядағы әскери базаларда сүңгуір қайықтар, маңызды соғыс кемелері орналасқан. Ал, Тынық мұхитындағы Маршалл топ аралдары да аса маңызға ие. Өткен ғасырда көптеген ядролық сынақтар осы аралдарда жасалған. Міне осы Тынық мұхит аралдарындағы базалар мен Үнді мұхитындағы, Пәкістан және Ауғанстандағы әскери базалар арқылы Қытайды «С» тәрізді қоршауға алған. Қазіргі кезде осы әскери базалар арқылы Қытайдың теңіздегі тауар тасымалына кедергі келтіруге, сол арқылы экономикасын әлсіретуге де күш салады.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Америка Құрама Штаттары бар жағынан ең қуатты елге айналды. Бірақ, соғыстан да аз зардап шеккен жоқ. Әсіресе, өзіне тікелей қауіп төндірген Жапонияның территориясына әскери базалар орналастырып, қатаң бақылауына алды. Бұдан кейін Корей тоғысы, Африкадағы дербестік алу қозғалыстары, Вьетнам соғысы, Шығанақ соғысы, Ауған соғысы, Ирак соғысы қатарлы әскери операциялардың орайымен сол елдер мен өңірлерде әскери базалар салды. Тіпті, Қырғызстан мен Өзбекстанға да әскери базаларын орналастыруға тырысты. Оның соңғы Қырғызстандағы дүрбелеңге ұласып, сәтсіздікке ұшырағанымен, Украинадағы жағдайда орнын толтырды.

АҚШ-тың әскери базалары орналасқан елдер.

АҚШ әскери базалары Жапония, Оңтүстік Корея, Тайуан, Филиппин, Тайланд, Аустралия қатарлы елдерде көбірек шоғырланған. Осы елдердегі 30-дан астам портқа тікелей иелік етіп, 1300 соғыс кемелерін орналастырған. Тіпті, Жапониядағы Жың Шүйхы базасында АҚШ ұшақ тасымалдаушы кемелерін қайта жөндеуден өткізе алады. Ал, Тайуанға 640 шақырым қашықтықтағы Чыңчүн базасы Үнді-Тынық мұхитындағы АҚШ әскери жабдықтарының 60 пайызы орналасқан. Филиппинде 8 базасы болса, Сингапурдағы Жаң И базасы Малакка бұғазын бақылайтын маңызды порт. Ұшқыштар қосынынан Жапонияда 5, Кореяда 7, Гуам аралында 2 қосыны орналасқан. Бұлар өткен ғасырда Кеңес одағына қарсы пайдаланған, ал қазір Қытайдың ықпалын тежеу мақсатына пайдаланылады. Америка Құрама Штатының әлемнің 70-тен астам еліндегі әскери базаларында 500 мыңнан астам әскері орналасқан. Бұлар үшін жылына 15 млрд АҚШ доллары жұмсалады. АҚШ әскери қуаты әлемде бірінші орында тұрады. Сондай-ақ, қорғаныс қуатын жан-жақты салыстырғанда өзінен кейінгі 46 елдің қорғаныс қуатына тең. 2018 жылы қорғаныс шығындары 71 млрд 600 млн доллар болса, биылғы жылы 2,2 трлн доллар болады деп болжануда. Бұл әлемдік қорғаныс бюджетінің 47 пайызына тең. Әскер саны – 1 млн 460 мың 930 адам. Әскерлерінің заманауи қарулануы жағынан да ең алдыда. АҚШ армиясы бес үлкен құрамнан тұрады – Құрлық армиясы, Әскери-теңіз күштері, Әскери-әуе күштері, Теңіз корпусы және жағалау қорғау күштері. Америка Құрама Штаттары әлемдегі ең ірі ядролық арсеналға ие және нақты шайқаста ядролық қару қолданған әлемдегі жалғыз ел. Трамп билікке келгеннен кейін де бар күшпен әскери бюджетті арттырған.

Трамп үкіметінің бюджеттік жоспары.

Тайуан әскери саласымен АҚШ тығыз байланыс орнатқан. Олар Қытайдың әскери дамуын бақылау, арнайы қызметтер мен жасанды жер серіктері арқылы жинақталған мәліметтерді бөлісу сынды ынтымақтастықты жүзеге асырады деген болжамдар да бар. Ал, Ауғанстандағы АҚШ әскери базалары Шынжаң мәселесімен тығыз байланысты деген көзқарастар да кездеседі.

Ерзат Кәрібай 

Qazaq Times

Пікірлер
Редакция таңдауы