Павлодарда әкім мектеп оқушысына ешкі сыйлады

2054
Adyrna.kz Telegram

Павлодарда Тереңкөл ауылының әкімі көркем әдебиет оқу сайысында жеңіске жеткен 5-сынып оқушысына ешкі сыйлады. Бұл байқауға мектеп оқушысынан бастап зейнеткерлерге дейін қатысқан деп хабарлайды pavlodarnews.kz сайты

Креативті идеяларымен танылған Тереңкөл ауылының әкімі Аждар Жүсіпов байқаудың екі тілде өткізілгенін айтты.
"Сайысты қазақ және орыс тілінде көркем әдебиетті жаны сүйетін адамдардың арасында өткіздік. Жастар, мектеп оқушылары, зейнеткерлер де қатысты. Басты сыйлық- тірі ешкіні орта мектептің 5-сынып оқушысы Олег Айтбаев иеленді. Жеткіншек өткен жылы 125 кітап оқыған. Ал қалған категориядағы қатысушылар демеушілерден азық-түлік жинағын алды", - деді Аждар Жүсіпов.

Айта кетейік, осыған дейін жаңашыл әкім басқа да науқандарымен ел назарына іліккен. Мәселен, ол ауылдағы ең әдемі аула иелеріне әтеш сыйлаған. Ал Масленица мейрамына ол кондитерлерге үлкен торт пісіртіп, ауыл тұрғындарына тегін таратқан.

Фото: Аждар Жүсіпов/ pavlodarnews.kz

Осы уақытқа дейін ауылдағы талантты жандар тірі ешкі, қозы, торайларға ие болыпты. Ал 9 мамырда әкім Ұлы отан соғысы ардагерлерінің жұбайларын-әжелерде қызыл лимузинмен қыдыртқан.

"Біз Тереңкөл ауылын ауыл тұрғындары үшін таза әрі қызықты етеміз", - деді ауыл әкімі.

Пікірлер