Жаңаөзенде не болып жатыр?

2179
Adyrna.kz Telegram

Кеше ғана Жаңаөзендегі жағдайды хабарлаған болатынбыз. Жұмыс іздеп ашынған халық он күндей көшеге шығып, биліктен екі қолға бір күрек сұраған еді.

Халықтың қойып отырған талабы әлеуметтік мәселелер. Жұмыссыз азаматтарға жұмыс тауып беру. Сосын, жастар мәселесі. Себебі, мораторий жарияланғалы диплом алған жастар жұмысқа қабылданбай қалды. Батыс өңір мұнайлы өлке болғандықтан бұл жақтың жастары мектеп бітірісімен мұнай-газ саласына оқуға түседі. МаңғыстауМұнайГаз бен ӨзенМұнайГазға жұмысқа тұруға тырысады.

Осы жолғы халықтың талабы мұнай компаниялары ғана болмай тұр. "ӨзенМұнайГазға орын жоқ болса жоқ шығар, түсінеміз. Каспийдің жағасы кең ғой. Сол жерден балық аулайтын, балық өңдейтін, шпрот, килька шығаратын заауыттар салып берсін. Халықты жұмыспен қамтамасыз етеді, әрі өз өнімімізді пайдаланамыз. Өз бетіңмен барып балық ауласаң браконьер ретінде сотталасың" деді бізге хабарласқан жаңаөзендік тұрғын.

Редакциямызға хабарласқан жергілікті тұрғындар жастарға солтүстік өңірлерге бағдарламамен баруға кеңес берді дейді. Бірақ, Жаңаөзеннен пропискадан шығып кетсеңіз, қайтадан отыра алмайсың дейді. Өйткені, қалаға халық сыймауда екен. Бұл қайдан шыққан заң екенін.

Жаңаөзен жазықты, шөлейтті өңір. Бұл жерде су тапшы. Сондықтан басқа өңірлерге қарағанда көкөніс, жеміс-жидек қымбат. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында миллиондаған ақшаға жылыжай да салыныпты. Халықты арзан көкөніспен қамтамасыз етуге. "Сол жылыжайды ақмолалық кәсіпкер жекеменшікке сатып алыпты деп естідік. Ол жылыжай қияр егеді екен. Оның өзін жаздыгүні" деді тағы бір жергілікті тұрғын.

Жаңаөзендіктердің айтуынша ешқандай саяси талап қойып отырған жоқ. Тек қана жұмыс сұрап отыр. Бала-шағамыздың қарны тоқ, көйлегі көк болса дейді. Жастарда бітірген мамандығымызбен жұмысқа тұрсақ деген тілек.

Ал, ресми билік тарапынан ресми ақпарат таратылмағандықтан әлеуметтік желі бетінен неше түрлі ақпарат желдей есуде. Біздің ақпараттық идеологиямыздың қандай жағдайда екенін Қарағанды оқиғасы көрсетіп берген болатын. Өткеннен сабақ алмайтынымыз-ай.

P.S. Дәл қазіргі сәтте Жаңаөзен тынышталды. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов халыққа мәселенің шешілетінін, жағдайдың бақылауда екенін айтты. Төрт жерден жұмысқа қабылдау басталды. "Өзенинвест" кәсіпорнынан 350 адамға жаңа жұмыс орны ашылды. 49 азамат сол жерде жұмысқа қабылданыпты.  Жұмыс сұраған халықтың алды жұмысқа жөнелтілуде.

Оңғар Қабден

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер